Accessibility links

Журналистер қамау мен қысым жайлы дабыл қағады


Қазақстандық тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедьяров. Алматы, 22 қазан 2012 жыл.
Қазақстандық тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедьяров. Алматы, 22 қазан 2012 жыл.
Оппозициялық «Голос Республики» газетінің баспагері қамалған туысының ісінде саяси астар бар дейді. Ал «Уральская неделья» мен оның журналисінен талап етілген төлемақы 28 миллион теңгеге жетті.

Қарашаның 5-і күні Қазақстандағы оппозициялық «Голос Республики» газетінің баспагері Данияр Молдашев, өзінің бауыры Асқар Молдашевтың қамалуын –ҰҚК-дегілердің өзінен кек алуы деп мәлімдеді.

- Менің бауырымның ісі – саяси іс! Бұл біздің ҰҚК-не жұмыс істеуден бас тартқанымыз үшін кек алу екендігінде күмән жоқ. Ол (ағасы – Асқар) өзіне қысым жасалынып жатқанын айтқан болатын. ҰҚК-дегілер Асқардың маған, ал мен «Голос Республики» газетінің журналистеріне компромат жинап беруімді талап етті. Біз келіскен жоқпыз. Асқарды қамауға алды, енді мені де қамауы мүмкін, - деді Данияр Молдашев Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Асқар Молдашевқа арнайы қызмет өкілдері қысым көрсеткені жайлы өткен аптада интернетте жарияланған хатта да жазылған. «Бұл хатты Асқар Молдашевтың өзі жазды» деген оның әйелі Татьяна Молдашева, қысымның күйеуі қамалардан бірнеше апта бұрын басталғанын атап өтті.
Данияр Молдашев, "Голос Республики" басылымының баспагері. Алматы, 5 қараша 2012 жыл
Данияр Молдашев, "Голос Республики" басылымының баспагері. Алматы, 5 қараша 2012 жыл

- Оны біраздан бері аңдып жүргендерін білемін. Ол маған өзіне қатысты арандатудың болуы мүмкін екенін айтып, ескерткен болатын. Сондықтан ол хат жазып, өзіне қатысты жайттарды ашық жазып кетуді жөн деп тапты. Егер қандай да бір жағдайға ұшырасам, бұл хатты ақпарат құралдарына беруімді сұрады, - деді Татьяна Молдашева.



"ЗАҢСЫЗ ҚАМАУ"

Асқар Молдашевтың әйелі Татьяна, күйеуінің заңсыз қамалғанын айтады.

- Асқарды қазанның 31-і таңертең «Арлан» арнайы жасағы ұстаған. Оның қалтасында сұр түсті таблеткалар мен ұнтағы бар пакетик табылған-мыс. Бұл есірткі көрінеді. Мұның барлығы өтірік! Ол тіпті темекі де тартпайды, қайдағы есірткі? - дейді Татьяна Молдашева.

Ал адвокат Инесса Кисилева Асқар Молдашевты ұстау барысында бірқатар заңбұзушылықтың болғанын айтады.
Татьяна Молдашева, Асқар Молдашевтың әйелі. Алматы, 5 қараша 2012 жыл
Татьяна Молдашева, Асқар Молдашевтың әйелі. Алматы, 5 қараша 2012 жыл

- Асқар Молдашев 31-інші қазан күні таңғы сағат 8.20-да ұсталған, алайда тиісті хаттама түнгі 1.30-да толтырылған. Заң бойынша ұсталғанан кейін 3 сағаттың ішінде толтырылуы керек. Ұсталғанан кейін 35 сағат бойы Асқар ешкіммен хабарласа алмаған, оның қайта екендігін тіпті туыстарына ешкім хабарлап айтпаған. Осы уақыт бойы оған моральдық қысым жасалған. Оны өздеріне жұмыс істеуге үгіттеген, - дейді адвокат.

Қазір Молдашевқа «аса ірі көлемде есірткі сақтады» деген айып тағылған. Мұндай айып бойынша 10-15 жылға дейін жаза кесілуі мүмкін.

- Қазанның 2-сі күні Алматының Бостандық аудандық соты Асқар Молдашевты қамауға алу туралы санкция берді. Ол қазір екі айға қамауға алынды. Сот алдында Асқар өзіне қатысты айыпты «арандату» деп мәлімдеді, - дейді адвокат.
Азаттық тілшісі бұл мәселеге қатысты Алматы қалалық ішкі істер департаменті мен ҰҚК департаменттеріне хабарласқанымен ешкім жауап бермеді.

«ТЕРІСТЕУ СҰРАМАЙДЫ, ӨТЕМАҚЫ СҰРАЙДЫ»

Қазақстанда «билікке ұнамайтын кез-келген БАҚ-тың қысымға ұшырайтыны сөзсіз» дейді тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедьяров. Журналист пен оның қызмет ететін «Уральская неделя» газетіне қарсы сотқа берілген шағымдардың жалпы сомасы 28 миллион теңгеге (шамамен 200 мың доллар) жеткен.

- 14 миллионы менен 14-і газеттен талап етіліп отыр. Бұл ақылға қонымсыз. Бұл сома газетті жауып тынады. Сотқа берілген шағымдардың басты мақсаты да осы. Шағымдардың барлығын шенеуніктер беріп отыр. Шағымдарға негіз болған коррупция туралы айтылған мақалалар. Барлық шағымдар терістеуді емес, төлемақы талап етеді. Мен бұл шағымдардың барлығы қанағаттандырылатынына сенімдімін. Мұндай қаржы бізде болмағандықтан, басылымның жабылып қалуы әбден мүмкін, - деді журналист қарашаның 5-інде Азаттық тілшісіне.

Лұқпан Ахмедьяров Қазақстанда «соттар, прокуратура мен полиция қоғам игілігі үшін емес, өзгеше ойлайтындарды басып-жаншу үшін пайдаланылатынын» айтады. «Мұның өзі – қылмыс» дейді ол.
Оралда Жаңаөзен оқиғасының жүз күндігіне орай өткен қарсылық митингісін ұйымдастырушы Лұқпан Ахмедьяров. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.
Оралда Жаңаөзен оқиғасының жүз күндігіне орай өткен қарсылық митингісін ұйымдастырушы Лұқпан Ахмедьяров. Орал, 24 наурыз 2012 жыл.

Қарашаның 23-інде әлем журналистері жазасыздыққа тосқауыл қоюдың халықаралық күнін атап өтеді. Шараның негізгі ұйымдастырушылары – Филиппин журналистері.

Оның негізінде қарашаның 1-і мен 23-і аралығында әлемдегі қысым көріп, не қастандық жасалған журналистер туралы сөз болады. Бір күн бір журналиске арналмақ. Қарашаның 6-сы - Қазақстандық журналист Лұқпан Ахмедьяровтың бастан кешкендері - журналистік қызметі мен оған жасалған қастандық баяндалады. Алайда журналистің өзі бұл шара туралы бейхабар болып шықты.

- Мен бұл күннің бар екендігі және биыл мен туралы айтылатындығы жайлы бірінші рет естіп отырмын. Шара туралы оқып, таныстым. Толығымен келісемін. Журналистерге қастандық жасағандардың жазықсыз қалып жатқандығына көпшіліктің назарын аудару қажет-ақ. Менің еркімде болса – журналистерге жасалған қастандықты терактпен теңер едім. Мұндай қылмыстардың мақсаты терактілердікі секілді – қоғамды қорқыту болып табылады, - деді Лұқпан Ахмедьяров.
XS
SM
MD
LG