Accessibility links

Тағы бір оппозициялық газет қызметі тоқтатылды


Оппозициялық «Правда Казахстана» газетінің қызметі қайта тоқтатылды. Бұл басылымға биыл осымен үшінші рет жаза қолданылды.

Билік «Правда Казахстана» газетін біржола жауып тастай ма деген қауіпке қарамастан, Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты айыппұл салумен және газет қызметін үш айға (бір жыл ішінде екінші рет) тоқтатумен шектелді.

Билік бұл жолы газетке «шығу деректерінде 2007 жылы берілген ескі тіркеу куәлігіне сілтеме жасады» деген айып тақты.

СОТ ШЕШІМІ ЕКІНШІ ОТЫРЫСТА ШЫҚТЫ

26 қыркүйек күні судья Нұржан Пақырдинов газеттің бас редакторы Шәріп Құрақбайды 10 айлық есептік көрсеткіш (17 мың теңге, 110 долларға жуық) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеп, шығарылым деректерін жариялау тәртібін бұзғаны үшін газеттің қызметін үш айға тоқтатты.

Сот бұл шешімді екінші отырысында шығарды. Алматы әкімдігі ішкі істер басқармасы қозғаған істі сот осыдан екі күн бұрын қарай бастаған еді. Бірақ Шәріп Құрақбай «соттың келесі отырысында мәдениет және ақпарат министрлігінен құжаттар әкеліп, көрсетемін» деп уәде еткен соң сот күні ауыстырылған.

Бірақ «Астанадан оралған бетім осы» деп сот залына келген Құрақбаев құжаттың түпнұсқасын емес, министрлік кеңсесі берген «құжатты беру туралы өтініші қабылданды, ол 10 күн ішінде қаралады» деген қағазды ғана көрсете алды. Бірақ сот отырысты тағы 10 күнге қалдырмай, Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Бақытжан Ақжаровты, прокурор Зухраб Қалиевті және жауапкер Шәріп Құрақбаевты тыңдап, шешім шығарды.
Шәріп Құрақбаев, "Правда Казахстана" газетінің редакторы. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл

Шәріп Құрақбаев, "Правда Казахстана" газетінің редакторы. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл


Биліктің бұл жолы газетті «шығарылым деректерінде 2007 жылдың ақпан айында берілген ескі тіркеу куәлігін көрсеткен» деп айыптайды. Есепке қою туралы куәліктің түпнұсқасы газеттің редакциясында екен. Алайда сол жылдың тамызында газет қайта тіркеуден өтіп, редакцияда есепке қою туралы куәліктің көшірмесі ғана жатыр. Редактор Құрақбаев «менің қолымда ескі куәліктің түпнұсқасы болғандықтан, газеттің шығу деректерінде ескі тіркеу куәлігіне сілтеме жасалды» дейді. Билік керісінше мұны заң бұзушылық деп тапқан.

Оппозициялық газеттің бұл бірінші рет жауапқа тартылуы емес. Сот биыл ақпан айында «жарияланым мерзімін бұзды» деген айыппен «Правда Казахстана» басылымының қызметін үш айға тоқтатып, редакцияға айыппұл салған. Ол кезде қаржылық қиындыққа байланысты 2012 жылдың қазаны мен 2013 жылдың ақпан айының аралығында газеттің бес саны шықпай қалған.

Газет редакторы Құрақбаевқа биылғы тамыз айында тағы бір айыппұл салынған. Оған газеттің шығарылым деректерінде таралым саны қате көрсетілгені себеп болған.
Көпбосын Панзабеков, Коммунистік партия өкілі. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл

Көпбосын Панзабеков, Коммунистік партия өкілі. Алматы, 26 қыркүйек 2013 жыл


Бүгінгі соттың шешімі газет иесінің өкілі Қазақстан компартиясы Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы Көпболсын Панзабековтің ашуын келтірді. Ол процеске қатысқан жоқ, тек бақылап қана отырды. Судья жасауылға тәртіп бұзушыны залдан шығаруға жарлық беріп, ол орындалғанша сот отырысын қайта бастамады.


СОТ СЫРТЫНДАҒЫ ПІКІР

Көпболсын Панзабеков сот процесі аяқталған соң журналистерге сұхбат берді. Оның айтуынша, саяси астары бар сот шешімі тапсырыспен қабылданды.

Бұл пікірді «Правда Казахстана» газетінің бас редакторы да қостайды. Оның айтуынша, газет Мұхтар Әблязовтың түрмеде отырған 2002-2003 жылдар туралы бірнеше естелігін жариялағандықтан, билік газетке өшігіп алды. Әблязов – қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер.
Оппозициялық басылымдарға ел конституциясында тыйым салынған цензура қолданылып жатыр.

Құрақбаевтың сөзінше, қаза тапқан диссидент, Нұрсұлтан Назарбаевты 2005 жыл қатты сынаған Заманбек Нұрқаділовтің болашақ кітабынан үзінділер жариялағаны үшін билік тағы бір оппозициялық газет – «Правдивая газета» басылымын да үш айға тоқтатып тастады. Құрақбаевтың пікірінше, осы аптада тағы бір оппозициялық «Ашық алаң» («Трибуна») газетінің қызметі саяси сылтаумен тоқтатылды.

Журналист әрі құқық қорғаушы Андрей Свиридовтың айтуынша, билік оппозициялық басылымдарға ел конституциясында тыйым салынған цензура қолданып жатыр.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG