Accessibility links

Санаулы оппозициялық газеттің бірі жабылады


"Правдивая газетаның" 24 сәуір күні шыққан бірінші саны (Сурет редакциядан алынды)

"Правдивая газетаның" 24 сәуір күні шыққан бірінші саны (Сурет редакциядан алынды)

Алматы қаласының апелляциялық соты оппозициялық «Правдивая газета» басылымын жабу туралы қаулы шығарды. Газет бір-ақ жыл жарық көріп тұрды.

Сәуірдің 18-і күні Бостандық аудандық сотының оппозициялық «Правдивая газета» басылымын жабу туралы шешімі күшіне енді. Бұл жайында Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасының судьясы Інжу Әлихан мәлімдеді, ол ақпанның 24-і күнгі Бостандық аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Газет Бостандық аудандық прокурорының өтініші бойынша жабылады, ол басылымға «бір жыл ішінде үш рет әкімшілік сот санкциясына ілікті» деген айып тақты. «Правдивая газета» - Қазақстандағы санаулы оппозициялық басылымдардың бірі.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР «ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСУШЫЛАР» ДЕП ТАНЫЛМАДЫ

Апелляциялық сот отырысында газет өкілі Розлана Таукина өткен жылы басылымға салынған үш әкімшілік жаза негізсіз екенін, газетке қарсы үнемі дәйексіз істер қозғалғанын дәлелдеуге тырысты. Таукинаның айтуынша, оған басылымның ұсақ-түйек қателіктері себеп болған.

"Бұның бәрін «түймедейді түйедей қылу» дейді. Басылым сол шағын заң бұзушылықты түзеткен бетте, билік дәл сондай басқа қателікті тауып алып отырды" деді Розлана Таукина газеттің ұсақ кемшіліктер жібергенін ескертіп.

Оның сөзінше, биліктің газетке қадалып, жасанды айыптар тағуы істің саяси астары бар екенін, солайша оппозициялық басылымнан құтылуды қалайтынын білдіреді. Розлана Таукина, "Правдивая газетаның" бас редакторы.

Розлана Таукина, "Правдивая газетаның" бас редакторы.



Бұндай мәлімдемені прокурор Әділет Қуандықов жоққа шығарып, апелляциялық соттың әкімшілік жазаны заңды деп тапқанын айтты.

Таукина сотта екі халықаралық баспасөз қорғау ұйымы – «Журналистерді қорғау комитеттері» мен «Шекарасыз репортерлер» қазақстандық билікке «Правдивая газета» басылымын қудалауды доғаруды талап етіп, үндеу жариялағанын айтты. Ол сотқа Қазақстан адам құқығын қорғау бюросының пікірін ұсынды. Онда газетті сот тәртібімен қудалаудың негізсіз екені айтылған. Таукина өзі ұсынған құжаттарды іс материалдарына тіркеуді сұрады.

Прокурор Әділет Қуандықов оған қарсы шықты. Оның айтуынша, аталған ұйымдар процеске қатысушылар емес.

Судья Інжу Әлихан прокурордың дәлелімен келісті. Розлана Таукина апелляциялық соттың шешіміне шағым беру тәртібі бойынша міндетті түрде арызданатынын жеткізді.

«ПРАВДИВАЯ ГАЗЕТА» ҮСТІНЕН ТҮСКЕН ШАҒЫМДАР ТАРИХЫ

«Правдивая газета» былтырғы сәуір айынан бастап шыққан еді, енді сот шешімі бойынша бір жылдан соң жабылуға тиіс.

2013 жылғы сәуірдің 24-і күні бірінші нөмірі шыққан бетте-ақ газет «айыпты» болды. «Правдивая газетаның» бас редакторы Әлия Исмағұлова шығу тәртібін хабарлауды бұзғаны үшін сотқа айыппұл төледі: газет апта сайын жарық көретінін көрсетпепті. Бірінші нөмірдің тиражы тәркіленді.
Розлана Таукина апелляциялық соттың шешіміне шағым беру тәртібі бойынша міндетті түрде арызданатынын жеткізді.

2013 жылғы тамыздың 7-і күні тиражды көрсетуде кеткен қателігі үшін газетті үш ай шығаруға тыйым салды. 2013 жылғы желтоқсанның 5-інде осы жылғы қарашаның 22-сі шыққан «Правдивая газета» нөмірі тәркіленді, ал бас редактор Әлия Исмағұлова қарашаның 20-ы күнгі тиражды таратқаны үшін (яғни, үш айлық мерзім бітпей тұрып таратылған) айыппұл төлеуге міндеттелді. Осы күні өткен жылғы желтоқсанның 5-інде газет данасында шығару дерегін түсініксіз басқаны үшін басылымды шығару тағы да үш айға тоқтатылды.

Алматы қаласының Бостандық ауданының прокуроры Бауыржан Жұмақанов биылғы қаңтардың 10-ында аудандық соттан басылымды шығаруды тоқтатып, бір жылдың ішінде үш рет әкімшілік жаза алғаны үшін есепке тұру куәлігінің күшін жоюды сұрады. Алдымен аудандық сот, одан кейін Алматы қалалық соты бұл талапты қанағаттандырды, енді «Правдивая газета» жарық көрмеуге тиіс.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстандағы баспасөз еркіндігіне қатысты жағдайды сынайды, тәуелсіз және оппозициялық БАҚ-тың жабылуын саяси репрессия деп атайды.

ЕҚЫҰ жақында Қазақстандағы еркін баспасөзді қудалауды доғаруды талап етіп, Астананы демократиялық реформаны іс жүзінде жүзеге асыруға шақырды.

Аударған – Динара Әлімжан.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG