Accessibility links

Жабылған оппозициялық газеттер Майданды меңзейді


«Ассанди-Таймс» газетінің өкілі Оксана Макушина. Алматы, 24 сәуір 2014 жыл.
«Ассанди-Таймс» газетінің өкілі Оксана Макушина. Алматы, 24 сәуір 2014 жыл.

Жабылып жатқан оппозициялық газеттердің журналистері Украинадағы дағдарысқа байланысты Қазақстанда сөз бостандығы ахуалы бұдан әрі шиеленіседі деп болжайды.

Жуырда Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы оппозициялық басылымды жабу туралы бірінші сот инстанциясы шешімін бекітті. Сол күндері Алматы қаласы Медеу аудандық соты тағы бір оппозициялық газетті – «Ассанди-Таймс» басылымын жабу туралы шешім шығарды. Оған дейін сот және бір оппозициялық газет – «Саясат алаңына» төлеуге шамасы келмейтін ірі көлемде ақшалай айыппұл салу туралы үкім кескен.

Сәуірдің 24-і күні Алматы қаласында осы газеттердің өкілдері: «Билік өзіне жақпаған ақпарат құралдарын жабуға түрлі сылтау-себеп табады. Бірақ көздегені – ақпараттық кеңістікті оппозициялық басылымдардан тазарту» деп мәлімдеді.

«СЕБЕП – КӨП, НӘТИЖЕ – БІРЕУ»

«Ассанди-Таймс» басылымы елде тыйым салынған «Республика» оппозициялық басылымының құрамдас бөлігі деген негізбен жабылды. 2012 жылы ішінде газеттер, сайттар және «К-плюс» телеарнасы бар 30-ға жуық оппозициялық ақпарат құралын ««Республика» біртұтас бұқаралық ақпарат құралы (БАҚ)» деген ортақ атаумен біріктіріп, әрі экстремистік деп танып, олардың қызметіне тыйым салынған.

Прокуратура сотта «Ассанди-Таймс» журналистері бұрын «Республика» газетінде істегендіктен, бұл газет «Республиканың» құрамдас бөлігі» деп
Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 наурыз 2013 жыл.
Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 наурыз 2013 жыл.
мәлімдеді. Сот мұны қолдағанымен, «Ассанди-Таймс» өкілі Оксана Макушина бұл уәжбен келіспейді.

Басылымның бас редакторы Сергей Дуванов соттың бұл шешімін нақты тұлғалардың журналистік қызметпен айналысуына тыйым салу шарасы ретінде бағалайды.

"Билік нақты бір журналистерге ен-таңба салып қойды. Енді олар жұмыс істейтін кез келген газет «Республиканың» құрамдас бөлігі деп танылып, жабылады" дейді Сергей Дуванов.

Апелляциялық сот отырысы әлі өтпегендіктен «Ассанди-Таймс» газеті формальді түрде жұмысын тоқтатқан жоқ, бірақ ол қазір сот шешімі бойынша шықпай қалған. Алайда Оксана Макушина да, оның әріптестері де алғашқы сот инстанциясы шешіміне қатысты жолдаған апелляциялық шағымнан үміт күтпейді.

Тағы бір оппозициялық «Правдивая газета» басылымы аудандық прокурордың талап-арызы бойынша Бостандық аудандық сотының шешімімен жабылған. Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы ол шешімді күшінде қалдырған.
«Правдивая газета» редакторы Розлана Таукина. Алматы, 24 сәуір 2014 жыл.
«Правдивая газета» редакторы Розлана Таукина. Алматы, 24 сәуір 2014 жыл.
Басылымды жабуға былтыр үш рет әкімшілік сот санкциясына іліккені негіз деп танылды. Газет өкілі Розлана Таукина әкімшілік жазалаудың негізгі себептерін «түкке тұрғысыз ұсақ-түйектер» деп атайды.

Сергей Дувановтың айтуынша, екі жыл бұрын билік оппозициялық гезеттерді жабу үшін экстремизм сияқты ауыр айыптар тақса, енді ауыр айып іздеп қиналмайды.

"Оппозициялық басылымды жабу үшін билікке енді «ұсақ-түйектер» немесе белгілі журналистердің аты-жөні жетіп жатыр" дейді ол.

МАЙДАННЫҢ ӘСЕРІ

Сергей Дувановтың сөзінше, көп ұзамай билік тіпті қатайып, санаулы ғана оппозициялық басылымдардың кез-келгенін түкке тұрғысыз желеумен жаба береді.

Дувановтың айтуынша, тәуелсіз ақпарат құралдарын қудалаудың күшеюіне Виктор Януковичтің коррупциялық режимін құлатқан Киев Майданы себеп болды.

Қазақстан билігі Ресейдің Қырымды бөліп алуы мен Украинаның оңтүстік-шығысындағы дағдарыстың қайталануынан және солтүстіктегі көршісін
«Саясат алаңы» газетінің өкілі Инга Иманбай. Алматы, 24 сәуір 2014 жыл.
«Саясат алаңы» газетінің өкілі Инга Иманбай. Алматы, 24 сәуір 2014 жыл.
ашуландырып алудан тайсақтайды дейді Дуванов. Сондықтан, оның пікірінше, билік Еуразия Одағы тақырыбын қызғыштай қорып, антиеуразиялық тақырыпты қылмыс ретінде бағалайды.

Әзірше жарық көріп тұрған, бірақ жуырда қорғаныс министрлігі зейнеткерінің талап-арызы бойынша 2 миллион теңге (11 мың долларға жуық) айыппұл салынған оппозициялық «Саясат алаңы» газетінің өкілі Инга Иманбай Алматы қаласында өткен Антиеуразиялық форум туралы ақпаратты жариялаған сайттардың бұғауланғанын еске салды. Инга Иманбай биыл билік «Саясат алаңы» газетін де жабуға тырысуы мүмкін деп болжайды.

Жабылып жатқан басылым журналистерінің мәлімдеуінше, қазіргі жағдай Қазақстандағы басқа ақпарат құралдарын оппозициялық БАҚ-қа айналдырады және бұл үрдіс тұрғанда жалғаса береді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG