Accessibility links

Ақтауда «Халық майданы» қозғалысының екі белсендісі соққыға жығылды


Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи, «Жұмысшы интернационалы комитеті» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт Джойнс, Еуропа Парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня Немейр Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011

Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи, «Жұмысшы интернационалы комитеті» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт Джойнс, Еуропа Парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня Немейр Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011

Қозғалыс мүшелері шабуылға мұнайшыларға құқықтық тұрғыда көмек көрсетіп отырған «Халық майданының» қызметі түрткі болды деп санайды. Істі қарап жатқан полиция қозғалыс мүшелерін де тексеруге көшкен.


Соққыға жығылған «Халық майданы» оппозициялық қозғалысының мүшесі Марлан Есілбаевтың айтуынша, оқиға қозғалыстың Ақтау қаласындағы кеңсесінің алдында бейсенбі күні кешкі сағат тоғыз бен ондар шамасында болған.

ЖАҢАӨЗЕННЕН КЕЙІНГІ ОҚИҒА

- Жаңаөзеннен келдік те, заттарымызды тастап, дүкеннен азық-түлік алып келу үшін подъездің алдына шыққанбыз. Қасымдағы баламен подъезд алдында сөйлесіп тұрып қалдық. Кенет артымыздан үш бала шықты... Басымды қолыммен жауып үлгердім, қатты соққы жедім. Қолдарындағы кастет сияқты бірдеңемен ұрып, содан қолым сынды. Тағы біреуі ұрған кезде басым жарылды. Оны ауруханада тіккіздік, - дейді ол.

Оның айтуынша, соққы салдарынан жанындағы Азамат Жақсыгереевтің ерні жарылған. Ол да қозғалыс белсендісі екен. Дәрігерлер оның миы шайқалғанын айтыпты.

Марлан Есілбаевтың айтуынша, Азаматтың қалтасында бағалы заттар болғанмен шабуыл жасаушылар оған мән бермеген. «Соған қарағанда оларда басқа мақсат болған сияқты» дейді ол.

- Кеңсеміз бірінші қабатта ғой. Подъездің ішінен шыққан олар жоғарыда күтіп тұрған сияқты, - деді Марлан.

Соққыға жығылған екі азамат сонымен қатар бұл өңірді жақсы білмейтінін, екеуі де Ақтауға Қазақстанның басқа аймағынан тамыздың соңында келгенін айтты.

Ал кеңсе басшылығы болса, бұл жағдайды мұнайшыларға құқықтық тұрғыда көмек беріп келе жатқан «Халық майданы» қозғалысының әрекетімен байланыстырып отыр. Қозғалыс белсендісі Асқар Шайғұмаровтың айтуынша, бұл оқиға осы өңірге Алматыдан бірқатар қоғам қайраткерлерінің келуінің алдында болып отыр. Ол сонымен бірге қозғалыс белсенділерінің Жаңаөзенге сапарға шығуы да бұл оқыс жағдай,а себеп болуы мүмкін деп ойлайды.

- Бейсенбі күні Жаңаөзендегі алаңда болдық, ереуілшілермен сөйлестік, алайда ешқандай да митинг ұйымдастырған жоқпыз. Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысқан жергілікті мәдениет үйінде болғымыз келген еді. Бірақ ол жаққа бізді кіргізбей қойды, - дейді Асқар Шайғұмаров.

Мұны «Халық майданы» оппозициялық қозғалысының Маңғыстау облысы бойынша үйлестірушісі Айжангүл Әмірова да растайды.

Асқар Шайғұмаров сонымен бірге осы уақытқа дейін кеңсені біреулердің торуылдап келгенін де айта кетті.

- Осы жаққа келгеннен бері кеңсені машинада отырған біреулер үздіксіз бақылап келеді. Мұны кеңседегілердің барлығы байқады, - дейді ол.

ТЕКСЕРІСТЕН КЕЙІНГІ ТЕКСЕРІС

Бейсенбі күні бұл оқиғаға қатысты қозғалыс мүшелері полицияға арыз да түсіріп қойыпты. Олардың айтуынша, полиция да қыркүйектің 2-сі күні «Халық майданы» кеңсесіне келіп, қозғалыс өкілдерінің барлығынан түсініктеме алып кеткен.

Жұма күні осы кеңседе болған Ақтау қалалық ішкі істер басқармасының өкілі полиция капитаны Марат Ерниязов тергеу жаңадан басталғандықтан әзірге, ештеңе айта алмайтынын айтты.

Жұма күні түстен кейін «Халық майданы» қозғалысының Маңғыстау облысы бойынша үйлестірушісі Айжангүл Әмірова Азаттық тілшісіне өзімен бірге соққыға жығылған екі азаматтың Ақтау қалалық полиция бөлімшесіне келгендерін айтты. Олармен әзірге, хабарласудың сәті түспей отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG