Accessibility links

Оппозициялық партиялар «Нұр Отан» партиясымен теңесе алмайтынын білсе де, бірігу сьезіне жиналмақ


«Азат» пен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының жетекшілері (солдан оңға қарай) Әміржан Қосанов, Болат Әбілов, Жармахан Тұяқбай, Петр Своик, Алматы, 13 қазан, 2009 жыл.

«Азат» пен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының жетекшілері (солдан оңға қарай) Әміржан Қосанов, Болат Әбілов, Жармахан Тұяқбай, Петр Своик, Алматы, 13 қазан, 2009 жыл.

Сейсенбі күні екі оппозициялық партия – «Азат» пен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бір партияның аясына бірігетіндіктерін мәлімдеді. Бірігу тәжірибесі бар екі партия басшылары саяси-идеологиялық көзқарастардың алшақ болған кезеңінің артта қалғанын айтады.

Оппозициялық партиялар ішінде өзара түсіністікке қол жеткізгенін айтқан «Азат» пен ЖСДП партияларының жетекшілері бірігу уақытының келгенін мәлімдеді.

Жармахан Тұяқбай, ЖСДП партиясының төрағасы: «ЖСДП мен демократиялық «Азат» партиясы ойланып-толғанып, басымыздан өткен кемшіліктердің барлығын талдап, бүгінгі күні егер оппозициялық партиялар бірігу жолында қадам жасамаса, мақсатымызға жету оңай болмайтынын сезініп, осындай шешімге келіп отырмыз. Халық арасында бүгінгі күні оппозициялық ұйымның серкелері "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып", елде болып жатқан әділетсіздіктермен неге бірлесіп күреспейді деген пікір бар. Міне, соған жауап ретінде біз осындай шешімге келіп отырмыз»

ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ПАРТИЯЛАРДЫҢ БІРІГУІ БҰРЫН ДА БОЛҒАН

Болат Әбілов, "Азат" партиясының төрағасы. Алматы, 13 қазан 2009 жыл.
Бұл оппозициялық партиялардың алғашқы рет бірігуі емес. Естеріңізде болса, 2007 жылы бүгінгі Азат», сол кездегі «Нағыз Ақ Жол» партиясы мен «Жалпыұлттық социал- демократиялық партиясы» парламенттік сайлау алдында біріккендіктерін мәлімдеген еді. Сәтсіз парламенттік сайлаудан кейін қайта ажырап кеткен болатын. Екі партия өкілдерінің ортақ келісімге келуіне ұзақ уақыт қажет болғанын айтқан «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов қосылудың уақыт қажеттілігінен туғанын жеткізді.

Болат Әбілов: «Биліктің айналысып отырған бар тірлігі – авторитаризмді нығайту. Бар ойлап тапқаны - ұлт көшбасшысы мен мәңгілік президенттік туралы заң. Экономикадағы бар мәселені «Жол картасымен» шешкісі келеді. Қоғамдық-әлеуметтік өмірде тек жемқорлықпен күрес қана айтылып жатады. Елді дағдарыстан шығаруда идеялар, бағдарламалар, болжамдар жоқ кезде тек осындай жолдар ғана қалады. Бұған біздің жауабымыз осы яғни, екі партияның бірігуі»,-деді Алматыдағы баспасөз-мәслихатында.

Олар Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төңірегінде бірігетіндіктен, партияны қайта тіркеуден өткізудің қажеті жоқ деп отыр. Тек партияның жарғыларына біраз өзгертулер енеді дейді. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов:

«Таяуда съезд шақырылады. Сол съезде партияның барлық негізгі стратегиялық бағыттары шешімін табады. Оған ұсынып отырғандарымыз, жарғыдағы өзгерістер, өйткені, бізде тең төрағалық институты енгізілмек. Екіншіден, бағдарламаға өзгерістер енгізілмек. Өйткені, жаңа кезеңнің жаңалықтары, «Азат» партиясының» жинаған тәжірибесіне байланысты өзгерістер енгізу қажет. Және сол съезде барлық шешімдер қабылданады. Партияның 99 пайызы бірігуді қолдап отыр»-, деп атап көрсетті.

Оппозициялық партиялардың бірігу мәселесі осы жылдың сәуір айында өткен демократиялық форумда талқыланған болатын. Партиялардың тіл табысуы оңай емесін жиналғандар сол форумнан-ақ аңғарған еді. Қазақстанның Коммунистік партиясы әрбір партияның өз жолы бар екенін ескертсе, тіркелмеген «Алға» партиясы бірігуден мүлде бас тартқан еді. Партияның төрағасы Владимир Козлов қазір де сол көзқарасынан айнымағанын жеткізді. Владимир Козлов:

«Бірігу туралы ұсыныс демократиялық форум болған кезде түскен еді. Ол кезде біз бұл мәселені талқылап, біріге алмауымыздың себебін ашық айтқанбыз. Одан бері мұндай ұсыныс түскен жоқ. Және біз оны күтпейміз де. Себебі, біз бірігейік деп отырған жоқпыз»-, дейді.

ОППОЗИЦИЯНЫҢ "ЖҰМЫЛҒАН ЖҰДЫРЫҚ" БОЛУЫНА САРАПШЫЛАР КӨЗҚАРАСЫ

Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, оппозициялық партиялардың бірігуі олардың қоғамдағы салмағын арттыра түседі. Расул Жұмалы:

«Себебі, бізде былай алып қарағанда, оппозициялық сарындағы 7-8 партия бар. Бірақ бұлардың барлығы бытыраңқы. Бірімен-бірі қоян-қолтық араласпайды. Содан бола олардың қоғамдағы, әлеумет арасында алып отырған ықпалы, орны өте төмен. Одан шығудың бірден-бір жолы – бірігу. Өз басым бұған жақсы үрдіс ретінде қарап отырмын»-, деді.
Егер алдағы уақытта сайлау болатын болса, оппозицияның бөлек-бөлек сайлауға түскені оның жеңілуіне алып келетіні анық.

Айдос Сарым:
«Бұл көптен бері күткен жағдай еді. Егер алдағы уақытта сайлау болатын болса, оппозицияның бөлек-бөлек сайлауға түскені оның жеңілуіне алып келетіні анық. Сондықтан бұл жағынан шашырап жүрген адами, ұйымдастырушылық, ақпараттық, технологиялық жағын бір жерге топтастыру оппозиция үшін тиімді нәрсе»-, дейді.

Дегенмен саясаттанушы Антон Морозов оппозициялық партиялардың бірігуі нәтижесіз болатынын айтады. Антон Морозов:

«Өткен президенттік сайлауда оппозициялық партиялардан ортақ үміткер шықты. Мұнан соң олар қайта бытырап кетті. Енді олар қайтадан бірігуге ниет білдіріп отыр. Мен олардың қандай болжамдарға сүйене отырып бірігіп отырғанын дөп басып айта алмаймын. Меніңше, олардың бұл «одағы» өміршең болмайтын секілді. Біріккенмен «Нұр-Отанмен» күші тең емес қарсылас ретінде қала береді»

Партиялардың бірігу съезі Алматыда, қазанның 24-і күні өтпекші.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG