Accessibility links

Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі қайтадан сотталып жатыр


Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев ереуілдеген мұнайшылар алдында сөйлеп тұр. Жаңаөзен, қыркүйек 2011.

Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев ереуілдеген мұнайшылар алдында сөйлеп тұр. Жаңаөзен, қыркүйек 2011.

Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевтің үстінен қайтадан қылмыстық іс қозғалды. Ол "қызметін асыра пайдаланды және пара алды" деп айыпталды.

Қыркүйектің 19-ында Ақтөбе қаласында Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевтің соты қайтадан басталды. Сот Ақтөбе облыстық ауданааралық мамандандырылған сотында жүріп жатыр. Істі судья Шапағат Әлнияз жүргізіп отыр.

- Сот процессі алқа билердің қатысуымен жүріп жатыр. Дәл қазір 12 алқа биді таңдап болды, - деді қыркүйектің 19-ы күні Азаттық тілшісіне облыстық соттың баспасөз хатшысы Гүлнұр Симатова.

БІР ЖЫЛДА ҮШ РЕТ СОТТАЛДЫ

Орақ Сарбөпеев бұған дейін Ақтауда екі рет сотталды. Алғашында судья Руслан Тасмамбетов жүргізген сот тоқтап қалған еді. Прокурорлар «кейбір алқа би мүшелерінің әрекеті күмәнді көрінгендіктен» істі қайта тергеуге жіберуді сұраған.


Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев (сол жақта) сот процессінде. Ақтау, 25 мамыр 2012. Суреттің авторы Дина Байділдаева.

Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев (сол жақта) сот процессінде. Ақтау, 25 мамыр 2012. Суреттің авторы Дина Байділдаева.

2012 жылы маусымның 19-ында Сарбөпеев ісі бойынша екінші сотты судья Лесхан Байғұлов жаңартылған алқа билер құрамымен жүргізе бастаған. Соңынан прокурор "қаржы жымқырды" деп айыпталған Сарбөпеевті 13 жылға соттауды сұрап, оны қатаң режимдегі колонияға жіберуді, дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызмет істеуіне шектеу қоюды өтінген.


22 маусымда Маңғыстау облыстық соты алқа билер шешімінің негізінде Орақ Сарбөпеевті «қызметін асыра пайдаланды және пара алды» деген айып бойынша кінәсіз деп танып, сот залынан бостандыққа шығарған еді.

Ал 2 тамыз күні соттың бұл шешімі күшін жойды. Енді Жаңаөзеннің экс-әкімі Орақ Сарбөпеевтің үстінен қайтадан іс қозғалды. Ол Ақтаудағы тергеу изоляторына қамауға алынды.

40 жастағы Орақ Сарбөпеевтің мамандығы - мұнайшы. Ол 2009 жылдан 2012 жылдың ақпанына дейін Жаңаөзен қаласының әкімі болған. Оған дейін «ҚазМұнайГаз» компаниясында жұмыс жасады.

БАБАХАНОВ ЕКІ РЕТ СОТТАЛДЫ

Бас прокурор Асхат Дауылбаев «Жаңаөзен әкімдері Бабаханов пен Сарбөпеевтің заңсыз әрекеттері әлеуметтік шиеленіс тудырып, мұнайшылардың бас көтеруіне себеп болды» деп мәлімдеді.

Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Жалғас Бабаханов сотта отыр. Жаңаөзен, шілде 2012 жыл. (Фото "Республика" газетінен алынды).

Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Жалғас Бабаханов сотта отыр. Жаңаөзен, шілде 2012 жыл. (Фото "Республика" газетінен алынды).


Жаңаөзендегі оқиғадан кейін Жалғас Бабаханов (1999-2009 жылдары Жаңаөзен қаласының әкімі болған) «қызметін асыра пайдаланды» деген айыппен қамауға алынды. Ал Сарбөпеев «109 миллион теңге көлемінде ақша ұрлаған» деп айыпталды.

Тергеушілердің мәлімдеуінше, Сарбөпеев бұл соманы Жалғас Бабахановпен келісіп алған. Жоспар бойынша, 109 миллион теңге халықтың және мұнайшылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге жұмсалуы тиіс болған.

Жалғас Бабаханов 20 шілде күні шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда прокуратураның қарсылығы негізінде бұл іс қайта қаралды. 2012 жылдың 14 қыркүйегінде Маңғыстау облыстық соты Бабахановты екі жылға түрмеге қамады.

Жаңаөзеннің бұрынғы әкімдеріне қарсы қылмыстық іс Жаңаөзендегі оқиғадан кейін қозғалды. 2011 жылдың 16-17 желтоқсанында Жаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясындағы полицейлер мен мұнайшылар арасындағы қақтығыстан ресми дерек бойынша 17 адам қаза тауып, жүзден астамы жараланған еді.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG