Accessibility links

Анасының жарымжан халін ұлы дәрігерден көреді


Азамат Нұрымов (оң жақта) анасының суретін ұстап тұр. Орал, 14 шілде 2015 жыл.

Азамат Нұрымов (оң жақта) анасының суретін ұстап тұр. Орал, 14 шілде 2015 жыл.

Оралдық Азамат Нұрымовтың айтуынша, дәрігерлердің жауапсыздығынан анасы аяғынан айрылған. Ол кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.

Дәрігерлердің кәсіби біліктілігіне шағымданушылар бұған дейін де болған. Бірақ шенеуніктер мұндай шағымдардың азайғанын айтады.

ЖАНЫ ҚАЛДЫ, БІРАҚ АЯҚТАН АЙЫРЫЛДЫ

22 жасар Азамат Нұрымов Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасына қолына анасының фотосуретін ұстап келді. Жас жігіт Бөрлі аудандық орталық ауруханасының дәрігерлерін жазалауды талап етеді, «олар анамды уақытында ауруханаға жатқызбай, соның кесірінен екі аяғын бірдей кесуге мәжбүр болды» дейді.

Азамат журналистерге биыл маусымның 26-сы күні Бөрлі ауданының Бөрілі ауылының тұрғыны, 44 жастағы анасы Мөлдір Нұрымованың жергілікті дәрігерлерге барып, аяғының ауырғанын айтқанын жеткізді. Әйелге «тамырлардың түйнеліп кеңеюі» деген диагноз қойылған. Жігіттің сөзінше, жергілікті дәрігерлер анасын аудандық орталық емханаға апарады, бірақ ол жерде ауруханаға жатқызбай, Бөрілідегі үйіне әкеліп, ауласына тастап кетеді.

Азаматтың айтуынша, түнде аяғы мұздап бара жатқан анасын көршісі кездейсоқ көріп қалып, оған хабарласқан. Маусымның 27-сі күні таңертең жігіт анасын Орал қаласындағы облыстық клиникалық ауруханаға әкеледі, сол жерде жедел ота жасалады. Маусымның 29-ы күні дәрігерлер кеңес ашып, Мөлдір Нұрымованың екі аяғын бірдей тізесінен жоғары кесіп тастауды ұйғарады. Қазір әйел Орал қаласының облыстық ауруханасында жатыр.

- Ақсайда ауруханаға жатқызу керек емес деп шешкен. Егер көршім оны көрмесе, маған хабарласпаса, мен уақытында келмесем анама кім көмектесер еді? Осы жердегі дәрігерлер сәл кешіккенде ешкім көмектесе алмас еді деп айтты, - дейді Азамат Нұрымов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының заңгері Борис Дубовский Мөлдір Нұрымоваға қатысты іс бойынша еш түсініктеме бере алмайтынын айтты. Оның сөзінше, Азамат Нұрымовтың шағымын зерттеп, анасының науқас тарихымен танысу үшін басқармаға уақыт қажет. Ал Бөрлі аудандық орталық емханасының директоры Мақсот Байчеркешев Азаттық тілшісіне Мөлдір Нұрымованың басында болған жағдайға қармағындағылардың айыпты еместігін мәлімдеді. Аурухана басшысы Мөлдір Нұрымованың емханаға аяқ сырқатымен емес, алкогольмен уланып түскенін айтады.

- Ол масайған күйде түскен. Аяғым ауырды деп емес, қан қысымым көтерілді, басым ауырады деп шағымданған. Оған медициналық көмек көрсетіп, қан қысымын азайтып, стационарлық емханада емделуге кеңес берген. Аяғына назар аударған дәрігерлердің бірі оны емдеу үшін дәрі-дәрмектер жазып берген. Оған бұрыннан үйде жатып емделу керек еді. Неліктен ұлының қалаға әкеткенін және аяғын кескенін анықтау қажет, - дейді Мақсот Байчеркешев.

ДӘРІГЕРЛЕРДІ АЙЫПТАУ

Батыс Қазақстан облысының тұрғындары дәрігерлерді кәсіби біліксіздігі мен немқұрайлығы үшін бірінші рет айыптап отырған жоқ. 2014 жылы наурыздың ортасында Бөрлі аудандық орталық ауруханасында Бурлин ауылының өкпесі қабынған (пневмония) емделушісі Қарлыға Тоқтамысова көз жұмды.

44 жасар кәсіпкер әйелдің артында 18 және 15 жастағы екі қызы қалды. Әйелдің қазасынан соң бір айдан кейін, 2014 жылдың мамырында туысқандарының шағымы бойынша денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаменті тергеу жүргізіп, «дәрігер науқастың ауыр жағдайын шынайы бағаламаған және науқасқа автокөлік жібермей, ауруханаға кеш жатқызған» деп растады.

Рауза Әміржанова науқастанып қайтыс болған қызының суретін ұстап тұр. 14 шілде 2015.

Рауза Әміржанова науқастанып қайтыс болған қызының суретін ұстап тұр. 14 шілде 2015.

Дүние салған кәсіпкердің 66 жастағы анасы Рауза Әміржанованың айтуынша, бірінші күннен бастап қызы жөтеліп, басы ауырған кезде жергілікті дәрігерлер «үш күн бойы тамшылатып дәрі салған», аяғында ауыр халде ауруханаға жатқызған.

Бөрлі ауруханасының директоры Мақсот Байчеркешев дәрігерлер қолынан келгенін істеді, бұл жағдайда емделушінің өзі айыпты деп санайды.

- Ол жұмыстан қолым тимейді деп ауруханаға жатудан өзі бас тартты. Оған еш уақытым жоқ деді. Біздің дәрігерлер аянып қалған жоқ, - дейді ол.

2015 жылғы ақпанның 18-і күні облыстық сот Қарлыға Тоқтамысованың ісін қарап, емхананың екі дәрігерін қылмыстық кодекстің «Медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің кәсіби міндетін тиісінше атқармауы» деген 114-бабы бойынша екі және бір жарым жылға соттап, екі жыл бойы медициналық қызметпен айналысуға тыйым салды.

Сотталушылар сот шығынына кеткен 100 мың теңгені опат болған жанның туыстарының пайдасына төлеуге міндеттелді.

Биыл маусымның басында Орал тұрғыны Айгүл Мендалиева Зеленов аудандық ауруханасының дәрігерлерін 4 жасар ұлының қазасы үшін айыптады. Әйелдің айтуынша, 2015 жылғы мамырдың 30-ы күні ұлына аденоидты алып тастау үшін ота жасайды. Бала наркоздан ояна алмай, ауруханада көз жұмады.

Қайтыс болған баланың туыстары полиция, прокуратура, денсаулық сақтау басқармасы, президент әкімшілігіне арызданды. Тексеріс нәтижесінде операция жасаған дәрігер лицензиясынан айырылды. Полиция қылмыстық кодекстің «Медициналық қызметкерлердің кәсіби міндетін тиісінше орындамауы» және «Клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібін бұзу және емдеу мен медициналық сауықтыруды қолдану тәртібін бұзу» деген екі бабы бойынша қылмыстық іс жүргізіп жатыр.

"ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ШАҒЫМ АЗАЙДЫ"

Соңғы алты айдағы жұмыс нәтижесі бойынша Оралда өткен баспасөз мәслихатында медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыстық департаментінің басшысы Жанболат Иманғалиев 2015 жылдың басынан бері полицияға Батыс Қазақстан облысының бес дәрігеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу материалдары тапсырылғанын мәлімдеді. Департамент басшысы дәрігерлердің үстінен шағымданушылар саны азайды деп атап өтті.

Бөрлі аудандық ауруханасында кезек күткен жұрт. 14 шілде 2015 жыл.

Бөрлі аудандық ауруханасында кезек күткен жұрт. 14 шілде 2015 жыл.

- 2009 жылы 20-25 негізгі шағым түссе, 2014 жылы 7 шағым түсті, ал биыл 3 адам арызданды. Бір іс бойынша адам өлімі тіркелген, екі жағдайда денсаулыққа үлкен зиян келген. Қылмыстық іс қозғалды, - деді департамент басшысы Жанболат Иманғалиев.

2015 жылы мамыр айының басында Денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі республикалық орталық (ДСДРО) 2014 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтауды дамыту деңгейіне қатысты аудандардың рейтингін шығарды.

ДСДРО сарапшылары республиканың барлық 14 ауданындағы денсаулық сақтау ұйымдарының іс-әрекеті мен Астана және Алматы қалаларын бағалады. Рейтингте бірінші орынды Атырау облысы, екінші орынды Солтүстік Қазақстан, үшінші орынды Алматы қаласы иеленді.

Соңғы, 16-орында Батыс Қазақстан облысы тұр. ДСДРО-ның бағалауы өмір ұзақтығы, жарақаттан опат болу, жазатайым жағдайлар мен улану, жол-көлік оқиғасы және Қазақстанда таралған сырқаттар тәрізді көрсеткіштер бойынша жүргізілген.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG