Accessibility links

Улану себебін 10 күн өтсе де айтпады


Дәрігерлер талып қалған баланы сүйемелдеп әкеле жатыр. Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Березовка ауылы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Дәрігерлер талып қалған баланы сүйемелдеп әкеле жатыр. Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Березовка ауылы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Батыс Қазақстан облысындағы адамдары жаппай уланған Березовка ауылының 1 мыңдай тұрғыны көшіруді талап етеді. Балалар мен ересектердің талып қалу себебін оларға әлі айтпаған.

Қарашаның 28-і күні балалары жаппай уланған Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Березовка ауылы тұрғындарынан құрылған белсенділер тобы ауылдан көшіруді талап етіп, «билік еш әрекет істемей отыр» деп шағымданды.

Бүгін Орал қаласында өткен баспасөз жиынында белсенді топ мүшесі Мағзом Ермекбаев: «Улану себептерін тексеріп жатқан комиссия қандай ұйғарым шығарса да, мемлекет басшысынан бізді бұл жерден көшіруді сұраймыз» деп мәлімдеді.

Уланған баласы Ақсайдағы аудандық ауруханаға түскен Күнсұлу Сәрсенбаеваның мәлімдеуінше, дәрігерлер талдау нәтижелері мен медициналық ұйғарымды бермей отыр.

– Баламды облыстық ауруханаға әкеткендерін маған айтпай қойған. Балаларға қойылған диагнозды 10 күн өтсе де қолымызға бермей отыр. Бізге жол төсеп, су тартып берудің қажеті жоқ. Талабымыз – бізді мына жерден көшірсін, – дейді Күнсұлу Сәрсенбаева.

Березовка ауылы белсенділері (солдан оңға): Тілек Темірғалиев, Күнсұлу Сәрсенбаева, Мағзом Ермекбаев, Әлия Мырзабекова, Қарлыға Досмаева. Орал, 9 желтоқсан 2014 жыл.

Березовка ауылы белсенділері (солдан оңға): Тілек Темірғалиев, Күнсұлу Сәрсенбаева, Мағзом Ермекбаев, Әлия Мырзабекова, Қарлыға Досмаева. Орал, 9 желтоқсан 2014 жыл.

Березовка ауылында 1 мың 500 адам тұрады. Оның 951-і көшіру талабы жазылған үндеуге қол қойған. Олар «экологиялық тұрғыдан қауіпті аймақта тұрамыз» деп санайды. Березовка ауылы Қарашығанақ ірі газ кеніші іргесінде тұр.

– Бала-шағамыздың өмірін күн сайын қатерге тігіп отырмыз. Оларды үйден әлі шығармай отырмыз. Тек көшіруді талап етеміз, – деп мәлімдеді топ белсендісі Әлия Мырзабекова.

Талаптарын жариялау үшін бес адамнан тұратын бастамашыл топ облыс әкімдігіне кетті. Оларды Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Әсет Нарықов қабылдады.

– Қазір Березовкада бас санитарлық дәрігер мен төтенше жағдайлар комитеті төрағасы басқаратын мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр, – дейді шенеунік.

ВИДЕО: Березовка тұрғындары наразылығы. Орал, 9 желтоқсан 2014 жыл.

Ауыл белсенділеріне хабарлауынша, улану зардаптарынан оңалту және емдеу үшін Березовкадан 20 баланы Орал қаласы іргесіндегі «Ақжайық» санаторийіне орналастыру туралы Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаев бұйрық берген. Березовка ауылы мектебінде оқитын 170 баланың бәрін санаторийге кезең-кезеңмен жатқызу жоспарланған. Балалардың сабағы үзіліп қалмас үшін олармен бірге мұғалімдерді де санаторийге жатқызады.

Ресми дерекке сәйкес, қарашаның 28-інен бүгінгі күнге дейін дәрігерлердің көмегіне 91 адам жүгінген. Бұл – уланудан зардап шеккен балалар мен ересектердің жалпы саны. Қазір ауруханада емделіп жатқан бес баланың біреуі орталық аудандық ауруханаға жіберілген. Бәрінің жағдайы бір қалыпты деп хабарланды.

Талып қалған баланы ауруханаға әкеле жатыр. Березовка, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Талып қалған баланы ауруханаға әкеле жатыр. Березовка, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Облыстық көпсалалы балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Раиса Мұхтарова комментарий беруден бас тартты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қабылдау бөлімі қызметкерлері «бүкіл басшылық мәжілісте, көпке дейін босамайды» деп мәлімдеді.

Қарашаның 28-інен 29-ына қараған түні Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылының 25 баласы мен төрт ересек адамы ауруханаға түскен. Одан соң да улану оқиғасы болған. Бәрі бастары айналып, денелері тырысып, лоқсығандарын айтқан. Ауыл тұрғындары «олар ауыл түбіндегі мұнай-газ конденсатын өндіретін Қарашығанақ кенішінен тараған газдан уланды» деп мәлімдейді.

Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, Бөрілі ауданы әкімі Марат Түсіпқалиевтің басқаруымен жедел штаб құрылған. Облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов басқаратын облыстық комиссия да құрылған. Облысқа Астанадан тергеушілер мен арнайы прокурорлар келді. Тексеру нәтижелері әзірше хабарланған жоқ.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG