Accessibility links

Арбаға таңылған мүгедекке автобусқа міну де мұң


Гүлмира Батпаққұлова (сол жақта) «Арба» қоғамдық бірлестігі қызметкерімен бірге. Орал, 2016 жылдың тамызы.

Гүлмира Батпаққұлова (сол жақта) «Арба» қоғамдық бірлестігі қызметкерімен бірге. Орал, 2016 жылдың тамызы.

Орал қаласындағы мүмкіндігі шектеулі белсенділер қоғамдық көлікте жұрт қатарлы қызмет көрсетуді – пандусты түсіріп, арбаны ішке кіргізіп беруді талап етіп жүр. Кей көлік жүргізушілері «кабинадан шыға алмай қаламыз» дейді.

«Арба» ұйымы белсенділері «автобустағы пандусты түсіріп, арбадағы мүгедек жанның салонға кіруіне көмектесіп, қауіпсіздік белдігін бекітіп беру қызметін көрсетіп қана қою аз» деп есептейді. Олардың күшімен Оралда қимыл-тірек аппараты функциясы бұзылған жандарға арналған инватакси – мүгедек арбасын көтергіш құралмен арнайы жабдықталған шағын автобустар пайда болды. Енді белсенділер мүгедектер үшін кәдімгі қоғамдық көліктер де қолайлы болуы тиіс деген талап қойып жүр.

– Біз кәдімгі автобустар халықтың жүріп-тұруы қиын топтарына көмек қарастырылған қоғамдық көлік туралы заң талаптарына сай болуы тиіс деген идея көтердік. Бұл – кез-келген заңда анық етіп жазылған қарапайым қызметтер. Ал біздің автобустарда тіпті мүгедек жандарға арналған орынды босатып бергісі келмейді, – дейді «Арба» ұйымын құрушылардың бірі әрі өзі де арбамен жүретін Гүлмира Батпаққұлова.

«Арба» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Гүлмира Батпаққұлова кабинетінде отыр. Орал қаласы, 2016 жылдың тамызы.

«Арба» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Гүлмира Батпаққұлова кабинетінде отыр. Орал қаласы, 2016 жылдың тамызы.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілдерінің айтуынша, билік жолаушы тасымалдаумен айналысатын компаниялардан арбамен жүретін мүгедектерді тасуға ыңғайлы етіп жабдықталған автобустарды көбірек сатып алуды өтінген.

– Бірақ қазір тарифтері арзан болғандықтан жаңа транспорт сатып алуға олардың мүмкіндігі жоқ. Қазір қалада мүмкіндігі шектеулі жандарды тасуға ыңғайлы етіп жабдықталған 47 автобус жұмыс істейді, – дейді тұрғын үй-коммуналдық бөлімінің жолаушылар көлігі секторының бас маманы Ғұмар Садықов.

ЖЕРГІЛІКТІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Жолаушы тасымалдаумен айналысатын компаниялар «қалада тиісті инфрақұрылымдар жетіспейді, сондықтан ол автобустардан пайда жоқ» деп мәлімдейді. «ОралТехСервис» кәсіпорнының бас директоры Александр Бакланның айтуынша, 2013 жылы кәсіпорын ерекше көмекке зәру адамдарды тасуға арналған МАЗ-103 маркалы 30 жаңа автобус сатып алған. Бірақ бұл амал қоғамдық көлікті мүгедек жандар үшін қолайлы ету проблемасын шешпеген.

– Жөні түзу аялдамалар жоқ болса, автобус сатып алғанымыздан не пайда? Қаланың орталық бөлігіндегі аялдамалар ғана стандартқа азды-көпті сай етіп жасалған, бірақ мүгедек жанның арбасы салонға кедергісіз сырғып кіруі үшін автобус бәрібір бордюрды жанап тоқтай алмайды, – дейді Александр Баклан.

Жолаушы тасымалдайтын компания басшысы мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды тасу үшін жеке аялдамалары бар арнайы маршруттар қарастырылған ресейлік кей қалалардың тәжірибесін зерттегенін айтады.

– Сол кезде мүгедек адам автобусқа өзге жұртпен сығылысып кіруге ұмтылмайды. Керісінше оған есікті асықпай ашып береді, сосын пандусты түсіреді әрі ішке кіруіне көмектеседі, арбасын арнайы бекіткішке бекітеді. Бірақ біздің ұсыныстарымызға ешкім құлақ аспады, – дейді Александр Баклан.

КӨРЕ ОТЫРЫҢЫЗ: Оралдағы мүмкіндігі шектеулі шебер

Қалалық маршруттардың бірінің жүргізушісі Асхат Әлімбаев (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) арбамен жүретін жандар оның автобусына мүлде сирек мінетінін әрі оларға өзге жолаушылар көмектесетінін айтады.

– Автобусымда әйелім кондуктор болып жұмыс істейді. Салонға арбаны сүйреп кіргізуге оның шамасы келмейді, оның үстін, арт жақтан өзге автобустар келіп қалады да, орын босатуды талап етіп, асықтырып, айғай шығарады. Сондықтан әйелім жолаушылардан көмек сұрайды. Бірақ жұрт онсыз да түсініп, арбаны көтеріп кіргізіп, көтеріп шығарып береді, – дейді ол.

Асхат сегіз жылдан бері көлік жүргізушісі болып жұмыс істейтінін, бірақ мүгедектерді тасу ережелері жайлы ешкімнен естімегенін айтады.

– Егер әлгі ережелерді ойлап тапқан адамдар маршрутта жұмыс істеп көрсе, оларды орындау мүмкін емес екенін түсінер еді. Рас, мүгедек жандарға арналған орын автобустардың бәрінде бар, бірақ салон көбінесе адамға толы болады да, арбаны қоятын орын болмай қалады. Оның үстіне өзге жолаушыларды қайтемін? Бірінің тізесіне бірін отырғыза алмаймын ғой, – дейді автобус жүргізушісі.

АРБАДАҒЫ ӨМІР

«Арба» ұйымы белсенділері: «Күнделікті тұрмыста көп нәрселерге өзінің шамасы келмеуі – мүгедек арбасына мінген адам үшін ең үлкен проблема. Дүкен аралап, қалада емін-еркін серуендеу түгілі пәтерінен шыға алмайтын жандар көп» дейді.

«Арба» қоғамдық бірлестігі кеңсесіне кіре берісі. Орал қаласы, 2016 жылдың тамызы.

«Арба» қоғамдық бірлестігі кеңсесіне кіре берісі. Орал қаласы, 2016 жылдың тамызы.

Ресми дерекке сәйкес, Батыс Қазақстан облысында мүгедек арбасына таңылған 1 мың 200-ге жуық адам тұрады. БірақАрба» бірлестігіне олардың 200-і ғана мүше. «Арба» ұйымы қызметкерлері оларды әлеуметтік тұрғыдан белсенді өмірге бейімдеп немесе үйіне барып қарапайым қолғабыс жасауға үлкен күш салады. Бірақ мәселе еріктілердің жетіспеуінде немесе ақша тапшылығында емес, көбінесе мүгедек жандардың өздері қашқақтайды.

– Көбі биік үйлерде тұрады, ал ол жақтан біреудің көмегінсіз түсу мүмкін емес. Мүгедектерге еріктілер мен туыстары көмектеседі, – дейді «Арба» бірлестігін құрушылардың бірі Татьяна Киняева.

«Арба» белсенділерінің айтуынша, ондай адамдардың мүгедектер арбасымен ғана жүріп-тұра алатыны біреудің көмегінсіз шешілмейтін көптеген проблема тудырады.

XS
SM
MD
LG