Accessibility links

«Алтын квадрат» тұрғындары «уақытша» көшуге қарсы


Лариса Донскова үйінің (Сарайшық көшесі, 25/1) жанында тұр. Орал қаласы, 2 наурыз 2017 жыл.
Лариса Донскова үйінің (Сарайшық көшесі, 25/1) жанында тұр. Орал қаласы, 2 наурыз 2017 жыл.

Орал қаласы билігі «тозығы жеткен баспананың» орнына жаңа үйлер салу үшін қаланың ескі орталығындағы Зенит шағын ауданы тұрғындарын үйлерінен уақытша көшуге көндіруге тырысып жатыр. Бірақ «алтын квадрат» тұрғындары биліктен мазаларын алмауды сұрайды.

Орал қаласының ескі орталығындағы «Зенит» зауыты орналасқан шағын ауданды жұрт «алтын квадрат» деп атайды. Оның маңайында қалалық саябақ, орталық алаң, әкімшілік ғимараттар мен әлеуметтік нысандар бар. Өткен ғасырдың ортасында салынған кей тұрғын үйлер ескі саналады, сондықтан оларды «сталинкалар» деп атайды. «Сталинка» тұрғындарының көбі үйлерінің әлі мықты екенін айтып, биліктен «уақытша» көшугеүгіттемеуді сұрайды. Бұл мәселе прокуратураға шағымдануға дейін жеткен.

ҚАБЫРҒАСЫНЫҢ ҚАЛЫҢДЫҒЫ 70 САНТИМЕТР

Орал қаласы әкімдігі өкілдері мен құрылыс компаниялары Оралдың ескі орталығындағы Зенит шағын ауданындағы екі және үш қабатты тоғыз үйдің тұрғындарымен бірнеше мәрте жиналыс өткізіп, «ескі үйлеріңнің орнына мемлекет пен жеке меншік компаниялар бірігетін әріптестік бағдарламасы бойынша құрылыс компаниясы тоғыз қабатты төрт үй салып біткенше, жалға берілетін мемлекеттік баспанаға уақытша көше тұрыңдар» деп үгіттеген. Бірақ тұрғындардың көбі ондай уәделерге сенбейді. Жуырда сондай жиналыстың бірінде тұрғындарбиліктің әлгі ұсынысынан бас тартқан.

Сарайшық көшесіндегі 24 пәтерлі үйдің тұрғыны Лариса Донская тұрғындарды көшіру туралы ұсыныс күтпеген жаңалық болғанын айтады. Көшіру мәселесі бойынша тұрғындар жиналысы болатыны туралы подъездерде жапсырылған хабарландыруларды үй тұрғындары ақпанның 17-сі күні көрген. Жиналыста әкімдік өкілдері тұрғындарға қаланың бірнеше жаңа шағын ауданына, оның ішінде қаланың шетіндегі Зачаганск шағын ауданы да бар - уақытша көшуді ұсынған.

Көшуге үзілді-кесілді қарсымыз. Бізге оның керегі жоқ.

- Көшуге үзілді-кесілді қарсымыз. Бізге оның керегі жоқ. Үйіміз әлі мықты. Мен пәтерімді бес жылдай жөндедім. Әлгі жоба құрылыс компанияларына тиімді. Әуелі үйлерді салсын, бізге сосын ғана ұсынсын, - деп ашуланады Лариса Донская.

Оның сөзінше, 1956 жылы салынған олардың үйі апатты жағдайда емес. Қабырғалары бүтін, құлайтынын білдіретін белгілер жоқ. Жергілікті тұрғындар «сталинка» деп атайтын үй қабырғаларының қалыңдығы 70 сантиметр. Тұрғындар ғимаратты өздері күтіп ұстайды, жуырда шатырын жөндеп алған.

Жексенбаев көшесіндегі 12 пәтерлі үйдің тұрғыны Ольга Лактионованың айтуынша, 2012 жылы билік олардың екі қабатты үйін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеген. Жөндеуге берілген несиені тұрғындар 10 жыл бойы төлеуі тиіс.

- Бізге үйлерің сүрілмейді деп уәде еткен. Пәтерімізді жөндеп алдық. Олар тұрғындарға барынша ұтымды шарттар ұсынуға міндетті. Өзге баспанаға көшуге келісеміз, бірақ ол қала ортасында болсын, - дейді Ольга Лактионова.

Үй тұрғындары бас прокуратураға жергілікті биліктің әрекетіне қатысты шағым жолдағандарын айтады.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КЕЛІСІМІ КЕРЕК

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілдері тұрғындардың бәрі толық келіспей, үйлерді бұзу түгілі, көшіру мәселесі қозғалмайды деп уәде етеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Міржан Нұртазиев Азаттық тілшісіне:

- Әлгі үйлердің тұрғындарымен жиналыс қана өткіздік. Біз ұсынған бағдарлама бойынша тұрғындардың келісімі қажет. Егер тұрғындар келіспесе, біз ештеңе істей алмаймыз. Тұрғындардың 100 пайыз келісімі керек. Егер тіпті бір адам келіспей қойса - бітті, біз ештеңе істей алмаймыз, - деді.

Билік сүруді ұсынған Жексенбаев көшесіндегі 12 пәтерлі 65-үй. Орал қаласы, 2 наурыз 2017 жыл.
Билік сүруді ұсынған Жексенбаев көшесіндегі 12 пәтерлі 65-үй. Орал қаласы, 2 наурыз 2017 жыл.

Шенеуніктің сөзінше, Орал қаласында әлгі бағдарлама бойынша бұзып, орнына жаңа баспаналар салу жоспарланған, үйлері әбден тозған 20 учаске бар. Тұрғындарға жаңа үйлерден бұрынғы пәтері аумағына тең баспана береміз деп уәде етеді. Пәтерлердің қалған бөлігі құрылыс компаниясы иелігінде қалады. Бағдарлама 2016 жылы іске қосылған, билік қаланың әр тұсынан төрт үйді бұзған. Қазір мемлекет пен жеке меншік компаниялар әріптестігі бағдарламасы бойынша Депо көшесінде 135 және 90 пәтерлі көпқабатты екі үй салынып жатыр.

Қазірге дейін билік Гагарин көшесіндегі 1-үй тұрғындарын уақытша баспанаға көшірген. Билік әлгі үйдің орнына сәуір айында 126 пәтерлі үйдің құрылысын бастауға уәде еткен. Кезекте тағы бір үй бар, ол Құрманғазы көшесіндегі 198-үй.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін үйдің апатты жағдайда болуы шарт емес, билік қаланың тұрғын үй қорын осындай жолмен «жаңалағысы» келеді.

Қазір Орал қаласында көпқабатты 41 үй апатты деп танылған. Жергілікті билік әлгі үйлердің тұрғындарына мемлекеттік баспана бермейді, оның орнына жоғарыда сипатталған мемлекет пен жеке меншік компаниялар бірігетін әріптестік схемасын ұсынады.

Әлгі бағдарламаға қатысатын екі құрылыс компаниясының басшылары – «Болашақ» компаниясының бас директоры Қайдар Қощанов пен «Альтаир» компаниясының директоры Сергей Потиченкодан жұмыс телефондары арқылы комментарий алу мүмкін болмады. Айтпақшы, құрылыс компанияларының екі директоры да - облыстық мәслихат депутаттары.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG