Accessibility links

Орал Жаһаншаны еске алды


Жаһанша Досмұхамедовтің 125 жылдығына арналған конференциядан көрініс. Орал, 27 қыркүйек 2012 жыл
Жаһанша Досмұхамедовтің 125 жылдығына арналған конференциядан көрініс. Орал, 27 қыркүйек 2012 жыл
Алашорда қайраткері Жаһанша Досмұхамедұлының 125 жылдығына арналған екі күндік мерейтойлық шаралар қыркүйектің 28-інде аяқталды.

Алғашқы күні Орал қаласында «Алаш қозғалысы және қазақтың ұлттық идеясы» атты конференция өтті.

Шараны «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы ұйымдастырған. Конференцияға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Чехиядан келген тарихшылар мен Алашорда тарихын зерттеп жүрген әр саланың өкілдері қатысты.

АСТАНАДАН АЙМАҚ ОЗЫП ТҰР

Конференция мінберіне «Қазақтың Жаншасы» атты баяндамасымен бірінші болып көтерілген саясаттанушы, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин Алашорда үкіметі өмір сүрген уақытты «қазақ тарихының маңызды да күрделі кезеңдерінің бірі» деп суреттеді.

– Егемендік қолымызға бір күнде келген жоқ. Біз оған кездейсоқ ие болған жоқпыз. Кешегі Әлихан, Жаһанша басқарған алашордашылардың, кешегі желтоқсаншылардың күресі нәтижесінде ғана тәуелсіздікке, егемендікке жеттік. Осыны әрқайсысымыз, әсіресе жастар, сезініп жүруіміз керек, – деді баяндамашы.

«Нұр Отан» хатшысы Алашорда тарихына қатысты шаралардың Қазақстанның бас қалалары – Алматы мен Астанада өз дәрежесінде ескерілмей жатқанына өкініш білдірді.
Сұлтан Хан Аққұлы, Алашорда қозғалысының зерттеушісі. Орал, 27 қыркүйек 2012 жыл
Сұлтан Хан Аққұлы, Алашорда қозғалысының зерттеушісі. Орал, 27 қыркүйек 2012 жыл

– Өңірлерде – Семейде, Қарағандыда, Батыс Қазақстан облысында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Кеше ғана Жымпитыға бардым. Күнбатыс Алашорда мұражайын, Алаш саябағын көрдім. Міне, осындай жұмыс біздің еліміздің орталықтары – Астана мен Алматыда да жалғасады деп үміт артқым келеді, – деді Қарин.

Алаш қозғалысының тарихын зерттеуші Сұлтанхан Аққұлы Азаттық тілшісіне:

– Жалпы тарихи тұлғалардың, соның ішінде Алашорда қайраткерлерінің елеулі даталарын орталықта – Астанада, республикалық, ұлттық деңгейде емес, аймақтық, облыстық масштабта ғана атап өтетін «дәстүр» қалыптасып келе жатыр. Өткен жылы қазақтың ең атақты ханы Абылай ханның 300 жылдығы елеусіз қалды. Осы жылдың соңында Алашорда автономиясының құрылғанына 95 жыл толады. Алдағы жылы «Қазақ» газетінің бірінші санының шыққанына 100 жыл толады. Осы даталардың бәрі мемлекеттік деңгейде, республикалық деңгейде аталып өтілуі керек еді, бірақ олай болмайтын түрі бар. Өз басым шетелде жүргендіктен, мұның себебін түсіндіре алмаймын, – деді.

ШЫҒЫС, БАТЫС, ОҢТҮСТІК АЛАШОРДА

Конференцияда Өскемен қаласындағы гуманитарлық ғылымдар оқу-ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарихшы Ерлан Сайлаубай Күншығыс Алаш Орда қызметі тарихынан баяндама жасаса, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Жайсаң Ақбай Күнбатыс Алаш Орда қайраткерлеріне тиісті баға беру жөнінде мәселе көтерді. Ал Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының докторы Тұрсын Хазретәлі «Алаш Орданың оңтүстік қанаты» туралы әңгімеледі.
Алашорда фотоальбомы. Орал, 27 қыркүйек 2012 жыл
Алашорда фотоальбомы. Орал, 27 қыркүйек 2012 жыл

«Алаш Орда – Түркістан мухторияты – ұлттық мемлекеттік идеясы» атты баяндама жасаған Өзбекстан ҒА Қарақалпақстан бөлімінің тарих және археология институтының тарихшысы Асқар Жұмашев Алаш тарихын зерттеуде Ресей, Қазақстан, Өзбекстан ғалымдарын бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Нөкістік ғалым Ташкент мұрағаттарында Алаш тарихына қатысты құжаттардың мол екеніне тоқталып, оларды Ресей мен Қазақстан архивтеріндегі деректермен байланыстыра зерттеу қажеттігін айтты. Ғалымның бұл ұсынысы конференцияның қарарына енгізілді.

Батыс Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Равил Мәжитов «ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның автономиялық құрылымы идеясы және ұлттық өзін-өзі басқару тұжырымдамасы Жаһанша Досмұхамедұлының көзқарасы бойынша» атты баяндама жасады. Ресейдегі туризм және меймандостық институтының қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарихшы, профессор Дина Аманжолова Алаш қозғалысының тарихын 1905 жылдан бастап зерттеу қажеттігін айтты.

ФОТОАЛЬБОМ

Түркістан қаласынан келген ғалым Тұрсын Хазретәлі конференция барысында көпшілікке таныстырылған «Алашорда» фотоальбомы мен Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы құрастырған «Алаш Орданың батыс бөлімінің тарихы» («История Западного отделение Алаш-Орды») атты екі томдық жинақты «Оралдағы конференцияның ең басты олжасы» деп атады.

Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне байланысты фотосуреттерден құралған «Алашорда» жинағын Алматыдағы «Орхон» баспа үйі дайындапты. Баспаның директоры, жазушы Дидахмет Әшімханұлы кітаптың жарық көруіне Ерлан Қариннің көмегі тигенін айтады.
Алашорда фотоальбомы. Орал, 27 қыркүйек 2012 жыл
Алашорда фотоальбомы. Орал, 27 қыркүйек 2012 жыл

– Болат Мүрсәлім деген жас журналист осы фотосуреттерді бес жылдан бері жинақтап жүрген екен. «Алаш» сериясымен бірнеше кітап шығарғанымды біледі, көмек сұрады. Біз Алашқа әрдайым бүйрегі бұрып жүретін Ерлан Қаринге көрсеткенбіз. Ерлан бірден қолдап, Жаһанша Досмұхамедұлының конференциясына дейін үлгертуімізді сұрады. Міне, мына кітап кеше кеште әзір болды. Тұңғыш рет Оралда көрсетіп отырмыз, – деді жазушы-баспагер.

Барлығы 362 фотосурет жинақталған кітап 1 000 данамен басылған. Кітапта Алаш қозғалысына мүше болған және ниеттес 350 адамның аты-жөні берілген.

Қорытынды сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарихшы Мұрат Сыдықов осындай халықаралық конференцияны Орал қаласында 5 жылда бір мәрте өткізіп тұру жөнінде ұсыныс жасады. Ұсынысты ғалымдар түгел қолдады.

Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына 125 жыл толуына арналған шаралар 28 қыркүйек күні Сырым ауданында жалғаспақ. Жымпиты ауылында Күнбатыс Алашорда тарихына арналған музей ашылып, дала қызықтары ұйымдастырылмақшы.

Жаһанша Досмұхамедұлы (1886-1932) - Ақпан төңкерісінен (1917 жыл, ақпан) кейінгі қоғамдық-саяси өзгерістер кезінде жалпы қазақ сиездерін өткізуге белсене араласқан Алаш қозғалысының қайраткері, заңгер. 1917 жылы Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар сиезінде кеңес төрағасының орынбасары болып сайланған. Уақытша үкіметтің құрылтай жиналысы туралы заң жобасын дайындайтын мемлекеттік кеңестің мүшесі болған. 1930 жылы сталиндік саяси қуғын кезінде ұсталып, 1938 жылы ату жазасына кесілген.
XS
SM
MD
LG