Accessibility links

Тұрғындар қала іргесіндегі полигоннан секемденеді


Орал маңындағы өнеркәсіп қалдықтары полигоны жұмысын бастамай жатып жұрт наразылығын тудырды. Қожайыны полигонды жетілдіруге уәде еткенімен, тұрғындар үйлеріне жақын орналасқан кәсіпорынды жауып тастауды талап етеді.

Қауіптілігі 1, 2, 3, 4-класқа жататын өнеркәсіптік улы қалдықтарды өңдеуге арналған полигон Орал қаласы маңындағы тұрмыстық қалдықтар үйіндісінің жанында орналасқан.

Қаланың шетіндегі Зашаған ықшамауданы тұрғыны Айғаным Өтеляева «қаланың қоқыс үйіндісі үнемі өртеніп жатады» деп ренжиді.

– Улы түтінді күнде жұтамыз. Оның үстіне, енді мұнда улы қалдықтарға арналған полигон салмақшы, - дейді ол.

Полигон 2007 жылы пайдалануға берілген. Орал қаласы әкімдігі өткізген конкурс қорытындысы бойынша биыл «БатысЭкоОрталығы» жеке меншік компаниясына берілген полигон мемлекет қаражатына салынған. Компания полигонды сенімгерлік негізінде 10 жылға басқаруға алған. Жаңа қожайын «полигонды жаңартып, улы заттардың бөлінуін азайтамыз, жаңа жабдықтар орнатамыз» деп уәде етеді.

БИЗНЕС НЫСАНЫ

«БатысЭкоОрталығы» компаниясы директоры Дәуренбек Сахымның айтуынша, полигонда люминецент шамдары сияқты қауіптілігі 1-кластан аспайтын уытты қалдықтарды өңдеп, кәдеге жаратады.

– Жұрт бұл шамдардан қорықпайды. Улы заттар бөлініп, ештеңені ластамас үшін оларды кәдеге жаратуға арналған жоспарымыз да бар. Полигонға қазіргі заманға сай құрал-жабдықтар қойып, қондырғылар орнатқымыз келеді. Кен бұрғылаудан кейін қалатын шлам (өндірістік қалдық - ред.) мен ерітінді сияқты қауіптілігі 3-ші және 4-класқа жататын қалдықтарды қайта өңдемекпіз, - деді Дәуренбек Сахым Азаттыққа.

Оның айтуынша, 2011 жылдан бері қараусыз, күзетсіз қалған полигон тонауға түскен.

Зашаған ықшамауданы тұрғыны Айғаным Өтеляева (оң жақта) «БатысЭкоОрталығы» компаниясы өкіліне талабын айтып тұр. Орал, 20 қараша 2014 жыл.

Зашаған ықшамауданы тұрғыны Айғаным Өтеляева (оң жақта) «БатысЭкоОрталығы» компаниясы өкіліне талабын айтып тұр. Орал, 20 қараша 2014 жыл.

– Нысанды меншігімізге алған кезде онда қалдықтар болған. Бірақ улы қалдықтар емес, кен бұрғылаудан кейін қалатын шлам екен, қауіптілігі жағынан 3-класқа жатады. Оны кімдердің қайдан алып, апарып тастағанын білмеймін, - дейді ол.

Компания басшылығы жоба жыл сайын қала бюджетіне салық түрінде 15 миллион теңгеге жуық (80 мың доллардан көп) кіріс әкеледі деп болжайды.

– Шламды өзенге төккенше, оны біреудің дұрыстап кәдеге жаратып, қалдығын жойып отырғаны жөн емес пе? 48-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Полигонды айналдыра тереңдігі 8-9 метр болатын құдықтар қоямыз. Судың сапасын апта сайын алып, тексереміз. Қаладан 8 шақырым алыс. Біз қалалық қоқыс үйіндісінен көп зиян келтірмейміз, - дейді Дәуренбек Сахим.

ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУ ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ

Қала іргесінен полигон ашуға бірнеше ұйым қарсы шықты. Қазақстан коммунистік партиясының аймақтық комитеті мен «Поколение» ұйымы белсенділері полигонды іске қоспауды сұрап, Батыс Қазақстан облысынің (БҚО) әкімі Нұрлан Ноғаев пен Орал қаласының әкімі Алтай Құлғиновтың атына жазбаша үндеу жолдады.

«Мұндай полигонның қажет немесе қажет емес екенін қала тұрғындары арасында референдум өткізу арқылы шешуді талап етеміз» делінген үндеуде.

«Абырой» экологиялық және құқық қорғау ұйымының белсендісі Мақсат Айсауытовты полигонның тұрғын үйлерге жақын орналасқаны алаңдатады. Ол «Облыста ондаған мың тонна өнеркәсіптік улы қалдықтар жиналып қалған, оларды дұрыстап өңдеу керек» дейді.

Белсенді полигон қожайындарының кәсіпорынды айналаға қауіп келтірмей пайдалану туралы айтқан уәдесіне қарамастан, қала азаматтарының денсаулығына зиянды деп есептейді. Оның пікірін Зашаған ықшамауданы тұрғыны Айғаным Өтеляева да құптайды. Ол бір топ тұрғынмен бірігіп полигонды пайдалануға тыйым салуға қол жеткізбек.

Қоғамдық тыңдаудың кейінге қалғаны туралы «БатысЭкоОрталығы» компаниясы кеңсесіндегі хабарландыру. Орал, 20 қараша 2014 жыл.

Қоғамдық тыңдаудың кейінге қалғаны туралы «БатысЭкоОрталығы» компаниясы кеңсесіндегі хабарландыру. Орал, 20 қараша 2014 жыл.

Полигон жұмысын бастауға байланысты өткізіледі деп хабарланған қоғамдық тыңдау белгіленген күні өтпей қалды. 15 шақты адам – көбі қоқыс үйіндісіне жақын орналасқан Зашаған ықшамауданы тұрғындары, «Абырой» ұйымының экологиялық тобы мен Қазақстан коммунистік партиясының жергілікті филиалының бірнеше белсендісі «БатысЭкоОрталығы» компаниясының кеңсесіне келді. Бірақ, ғимараттың есігінде «техникалық себептерге байланысты қоғамдық тыңдау белгісіз уақытқа ауыстырылады» деген хабарландыру ілінген.

– Қоғамдық тыңдауды өткізбегендері әрі бізге жоба жоспарын бермегендері күдікті көрінеді. Полигонның қаншалықты қауіпті екенін Зашаған ықшамауданы тұрғындары ғана емес, бүкіл қалалықтар түсінсе ғой, - дейді Айғаным Өтеляева Азаттық тілшісіне.

ПОЛИГОННЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ

«БатысЭкоОрталығы» компаниясының директоры әрі улы қалдықтар полигонының жаңа қожайыныДәуренбек Сахым Азаттық тілшісіне «қарашаның 21-і күні полигонды өзім ертіп жүріп көрсетемін» деп уәде еткен еді. Бірақ межелі сәт келген кезде ол телефонмен «қолым тимейтін болды, жаңа құрал-жабдық әкелуге басқа қалаға жол жүріп барамын» деп хабарлады.

Қалалық қоқыс үйіндісі қызметкерлерінің көмегімен Азаттық тілшісі полигонды іздеп тауып алды. Орал қаласынан небәрі төрт шақырым қашықтықта орналасқан, айналасы қоршалған полигонға кіре берісте ешқандай жазу жоқ. Кешен кабинет, асхана, душтары бар әкімшілік ғимарат пен техника қоятын гараждан тұрады екен. Терезелерінің әйнегі жоқ, есіктері жұлынған бөлмелердің бәрі тозып кеткен.

Ресми дерекке сәйкес, өнеркәсіп қалдықтары полигоны 2007 жылы пайдалануға берілгенімен, әлі жұмыс істемеген. Оған бюджеттен 280 миллион теңге жұмсалған.

Полигон территориясындағы алты резервуардың шыға беріске жақын тұрған біреуіне белгісіз біреулер темір бөшкелерден мұнай қалдықтарына ұқсайтын сұйық зат құйыпты. Жуырда құйғаны білініп тұр әрі оны өртеп жіберуге тырысқан. Бетоннан терең етіп құйылған бассейні бар жалғыз жабық резервуардың ішінде бетіне мұз қатқан әлдебір қарақошқыл сұйықтық бар. Аузы ашық тағы екі резервуардың түбінен аязда қатып қалған қызғылт сары түсті сұйықтық жылтырайды. Резеңке жабындысы күнге оңып кеткен қалған екі үлкен резервуардың іші мүлде бос.

Қарашаның 24-і күні Орал әкімі Ғалым Орынғалиев қала іргесіндегі өндірістік қалдықтар өңдеуге арналған полигонның жабылатынын мәлімдеді.

– Өнеркәсіп қалдықтары полигоны жабылады, ал жаңа полигон салуды қарастырып жатқан жоқпыз. Қазіргі жұмыс істеп жатқаны жабылады. 2011, 2012, 2013 және 2014 жылдары бұл полигон ешқандай қауіпті улы қалдықтарды қабылдаған жоқ, - деді Ғалым Орынғалиев.

Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және қоршаған ортаны пайдалануды реттеу басқармасы бүгін өткен брифингте аталған полигон ешқандай экологиялық талаптарға сай келмейтінін растады. Басқарма өкілдері полигонның жаңа қожайыны оны қайта құрастырып, тұрмыстық қатты қалдықтар өңдейтін кәсіпорынға айналдырады деп отыр.

– Енді олар бұл нысанды талапқа сай келтіріп, табиғат қорғау шараларын жасауы тиіс.Бірақ, нысан жұмыс бастауға әлі жарамайды, - деді басқарма бастығының орынбасары Назгүл Жабасова.

БҚО әкімдігінің сайтындағы дерекке сәйкес, өнеркәсіп қалдықтары полигоны 2007 жылы пайдалануға берілгенімен, әлі жұмыс істемеген. Оған бюджеттен 280 миллион теңге (бір миллион 500 мың доллар) жұмсалған.

Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігіне қарасты экологиялық реттеу және бақылау комитеті сайтының хабарлауынша, 2013 жылғы есепке сәйкес, БҚО-да қалдықтың барлық түрінің көлемі – 440 мың тонна, оның 125 мың тоннасы – өнеркәсіп қалдықтары, 315 мың 800 килограмы – тұрмыстық қалдықтар.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG