Accessibility links

Заңгер: Оралда журналистерді ұстағаны - заңсыз


Полицейлер «Уральская неделя» газетінің тілшілерінен Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың фотомакетін тартып алды. Орал, 13 тамыз 2013 жыл.

Полицейлер «Уральская неделя» газетінің тілшілерінен Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың фотомакетін тартып алды. Орал, 13 тамыз 2013 жыл.

Облыс әкімінің фотомакетін алып жүрген «Уральская неделя» газетінің тілшілері «әкімшілік құқықты бұзды» деп айыпталды. Заңгер олардың ұсталуын заңсыз дейді.

Тамыздың 13-і күні Орал қаласында «Уральская неделя» газетінің тілшілері мен көлік жүргізушісі - Талғат Омаров, Тұрар Төлегенов, Рауль Упоров және Михаил Ишутин ұсталды. Олар Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың фотомакетін көлікке салып алып, Оралдың біраз орындары мен мекемелерін аралаған.

«МОРАЛЬДЫҚ ШЫҒЫН»

«Уральская неделя» газеті «Жоспар бойынша әкімнің «макеті» бірнеше кедей отбасына «кіріп», жайсыз жолдармен танысып, наразылық акциясына куә болып, автобуспен орталық базарға дейін барып, соңынан баспасөз конференциясына қатысуы тиіс болған» деп хабарлайды. Алайда жоспарланған акция өтпей қалды. Полиция «әкім Ноғаевтың фотомакетін заңсыз алып жүрді» деп, газет қызметкерлерін ұстады.

Орал қалалық ішкі істер департаменті «Азамат Н.Ноғаев полиция ұстаған тұлғалардың мұндай жария акцияға өзінің фотосуретін пайдалануға рұқсат бермеген. Бұл әрекет оған моральдық тұрғыдан зиян келтіріп, Қазақстан республикасы заң актілерінде кепіл берілген құқықтары мен еркіндігін шектейді. Осыған байланысты олардың әрекетінен Қазақстан республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Озбырлық» деп аталатын 357-бабының белгілері байқалады» деп хабарлайды.

Іс Орал қалалық әкімшілік сотының қарауына жіберілді.

ПОЛИЦИЯНЫҢ ҚИСЫНЫ

Тәуелсіз және оппозициялық ақпарат құралдарының біразын сотта қорғап жүрген заңгер Сергей Уткиннің пікірінше, азаматтық кодекстің «Адамның өз бейнесіне Заңгер Сергей Уткин. Алматы, 22 желтоқсан 2012 жыл.

Заңгер Сергей Уткин. Алматы, 22 желтоқсан 2012 жыл.

деген құқығы» деп аталатын 145-бабына полицияның сілтеме жасауы негізсіз.

- Мына жағдайда әкімнің бейнесі ақпараттық сипатта пайдаланылды. Әкімнің жүзін жұрттың бәрі бірдей тани бермейді ғой. Ал тілшілер халыққа «Міне, мынау - біздің облыстың әкімі. Оған қоятын сұрақтарыңыз бар ма?» деп, әкімнің портретін немесе макетін көрсетті. Мұның ешқандай сөкеттігі жоқ, - дейді заңгер.

Заңгер Уткиннің пікірінше, «Уральская неделя» тілшілерін ұстау барысында азаматтық кодекстің 145-бабы бұрмаланып пайдаланылған.

- Егер полицияның қисынына сүйенсек, ақпарат құралдары кез келген шенеуніктің фотосуретін оның келісімінсіз жариялай алмайды. Ал телекомпаниялар көпшілік жиналған жиын-шаралар туралы хабар таратқанда жеке-жеке жазбаша келісім алмаса, ешкімді көрсете алмайтын болғаны ғой, - дейді заңгер.

«КІМНІҢ ОЗБЫРЛЫҒЫ?»

Заңгер Сергей Уткин азаматтық кодекстің «Адамның өз бейнесіне деген құқығы» деген бапқа байланысты түсетін шағымдар әкімшілік заңдары емес, азаматтық заң бойынша шешілуі тиіс екенін айтады.
Бұл арада заңды алалап қолдану бар, яғни әлгі озбырлық туралы бапты құзырлы органдардың өздері бұзған болып шығады.

- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Озбырлық» деген бабын бұл арада қолдану мүлде дұрыс емес. Тіпті азаматтық кодекстегі адамның өз бейнесіне деген құқығы туралы бабы бұзылған жағдайда әкім бұзылған құқығын қорғау үшін азаматтық сотқа шағымдануы тиіс. Мүмкін, ол журналистер бұл әрекеттерін тыйғанын қалайтын шығар? Әлде келтірілген моральдық шығынды өтеуді талап ете ме? Әйтеуір журналистердің әрекеттері әкімшілік бап бойынша қаралмауы тиіс, - дейді заңгер Сергей Уткин.

Оның айтуынша, «бұл арада заңды алалап қолдану бар, яғни әлгі озбырлық туралы бапты құзырлы органдардың өздері бұзған болып шығады».

- Азаматтық құқық бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту оқиғасы Қазақстандағы баспасөз тарихында бұрын-соңды кездескен емес. Алайда өз келісімінсіз фотосуретін жариялағаны үшін моральдық өтемақы талап еткен жандар болған. Бірақ ол жанжалдардың бәрі тек азаматтық заңдар аясында шешілген, - дейді тәуелсіз заңгер Сергей Уткин.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG