Accessibility links

Қытайлық оралмандар ат ауыстырып әлек


Қазақстанға қоныс аударған оралманның паспортындағы балаларының суреттері. (Көрнекі сурет)
Қазақстанға қоныс аударған оралманның паспортындағы балаларының суреттері. (Көрнекі сурет)

Оралмандардың қытай тілі қағидасы бойынша жазылған қысқа аттарын «Ф.И.О.» тәртібіне салмақ болғандар рәсімделу кезінде және бір қиындық тудырды.

2010 жылы Қытайдың Алтай аймағынан келген Сұлтан есімді азамат қазақстандық құжат алу кезінде қатты қиналғанын айтады. Қытай тілінде құжат толтыру ережесі бойынша адамның аты-жөні үш иероглифтен аспауы керек. Этникалық қазақтар сол себепті Қытайда тек өз атын қалдырып жазуға мәжбүр болады. Мұндай қысқа есімді оралмандар Қазақстанға көшіп келгенде совет кезінен стандартқа айналған жергілікті аты-жөн жазудың «Ф.И.О.» (тегі, өз аты мен әкесінің аты – ред.) қалыбына сай келмей жатады. Құжатында тек Сұлтан деп жазылған оралман аты-жөнін «ұзарту» үшін біраз машақат көрген.

«Қазақстанда айналамдағылар «Сұлтан» деген әкеңнің аты ма, әлде өзіңнің атың ба?» деп сұрайтын, тіпті кейбіреулері «Сонда әкең жоқ па?» деп келеке ететін. Оны былай қойғанда өзіме тиісті кейбір әлеуметтік жеңілдіктерді де ала алмадым. Себебі ондай көмек алу үшін міндетті түрде фамилия болу керек. Әйтпесе базаға қабылдамайтын» деп еске алады ол.

Оралман Еркін Қайдарбек пен әйелі Күлзира тракторға отырып жатыр. Көктұма ауылы, Алматы облысы. 13 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Оралман Еркін Қайдарбек пен әйелі Күлзира тракторға отырып жатыр. Көктұма ауылы, Алматы облысы. 13 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Сұлтан азаматтық алар кезде аты-жөнін сот арқылы қалпына келтірген. Алматы қаласы Бостандық аудандық сотында «аты-жөнін қалпына келтіру туралы арызы қаралып, өзін және ата-тегін айғақтайтын құжаттармен қатар өзін танитын адамдарды куәлікке тартқан.

«Сол арқылы әкемнің атын өзіме фамилия етіп бекіту туралы соттың шешімін шығарттым. Және соттың осы шешімін «Азаматтық алу» туралы өтінішке қоса тіркедім» дейді Сұлтан.

Қытайлық оралман Қазақстан азаматтығын алған тұста әкесінің аты оған фамилия ретінде бекітіліпті.

Бірақ 2013 жылдың желтоқсан айында толықтырылған «Көші-қон» туралы заңдағы өзгерістерден кейін Қытайдан келген оралмандардың аты-жөнін қалпына келтіру» мәселесін шешу қолға алына бастағанға ұқсайды.

Ішкі істер министрлігіне қарасты азаматтарды құжаттандыру басқармасына хабарласқанымызда аты-жөнін атамауды өтінген өкіл:

«Қазақстан азаматтығын алған Қытай Халық Республикасының бұрынғы азаматтарының аты-жөндері құжаттарда қысқаша жазылған. Өйткені олардың заңнамасына сәйкес есімдер үш иероглифтен ғана тұруы тиіс. Сол себепті бізге келген кейбір оралман ағайындардың құжаттарында тек есімдері жазылған. Осыны қалыпқа келтіру үшін Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін оралман өзінің тұрғылықты жеріндегі азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне жүгінеді» деді.

Әділет министрлігіне қарасты азаматтардың хал актілерін тіркеу және апостильдеу басқармасының бастығы Жанар Ғалымжанқызы «бүгінде ол жүйенің өзгергенін» айтады.

Қазақстандағы оралмандар жағдайына арналған баспасөз жиынына қатысушы ұстап тұрған жазу. Алматы, 4 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы оралмандар жағдайына арналған баспасөз жиынына қатысушы ұстап тұрған жазу. Алматы, 4 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
«Қытайдан тек «Айгүл», «Шалқар» деген секілді бір ғана есіммен келетін қандастар көп. Ал Қазақстан заңы бойынша ол адамның міндетті түрде фамилиясы мен әкесінің аты болу керек. Бұрын бұл мәселені сот арқылы шешетінбіз. Қазір сотқа бармай-ақ тиісті құжаттарын жинау арқылы ата-тегін қалпына келтіре алады» деді ол.

Жанар Ғалымжанқызы тізіп шыққан мұндай құжаттарға оралманның көші-қон комитетіне азаматтыққа тапсырғанын айғақтайтын құжаттар, отбасы құрамы мен әке-шешесі туралы анықтамалар жатады.

«Осы құжаттар арқылы ол азаматқа немесе азаматшаға Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 184-бабының 3-тармағына сәйкес акт жазбаларын қайта қалпына келтіреді. Яғни оралманның аты, әкесінің аты, тегі жазылады» деп жауап берді әділет министрлігіне қарасты азаматтардың хал актілерін тіркеу және апостильдеу басқармасының бастығы Жанар Ғалымжанқызы.
XS
SM
MD
LG