Accessibility links

Оралманның 14 облысқа да баруына рұқсат етті


Теміртау оралмандары жалдамалы жұмыс іздеп отыр.

Теміртау оралмандары жалдамалы жұмыс іздеп отыр.

Үкіметтің оралмандарды қоныстандыру жайлы шілденің 8-і қабылдаған қаулысы бір аптадан соң күшіне енеді. Көші-қон комитеті өкілі Азаттыққа қаулының оралмандарға қандай әсері болатынын айтты.

Қазақстан үкіметінің биыл шілденің 8-і күні қабылдаған 783-қаулысы бірнеше ай бұрын – 2014 жылы наурыздың 20-сы қабылданған «Оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» деп аталатын 248-қаулысына өзгерістер енгізген еді.

Наурыздың 20-сы күнгі қаулыда оралмандарды қабылдайтын жеті облыс қана (Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан) аталған, ал шілденің 8-індегі қаулы ол тізімге елдегі 14 облысты түгел қосқан.

Алғаш жеті облыс жайлы қаулы шыққан кезде азаматтық белсенділер «Қырымдағы жағдайға байланыста Қазақстанның шекаралық өңірлеріне оралмандарды көбірек қоныстандыру жоспары» жайлы айтқан еді. Бірақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаев қаулының Қырымдағы дағларысқа еш қатысы жоғын, оралмандарды ол өңірлерге қоныстандыру жөнінде ұсыныстар былтыр қабылданған «Көші-қон туралы» заң қайта қолға алынған кезде, яғни 2012 жылдың өзінде сөз бола бастағанын мәлімдеген.

Аслан Қаржаубаев Азаттыққа берген сұхбатында оралмандарға енді елдегі 14 облыстың кез келгеніне баруына рұқсат ететін жаңа қаулының ерекшеліктерін түсіндірді.

Азаттық: - «Оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» наурыздың 20-сында қабылданған қаулыны өзгертуге не себеп болды?

Аслан Қаржаубаев: - Бұл қаулы көші-қон саласы бойынша жаңадан жасалған тұжырымдама бойынша қабылданды. Бұл тұжырымдама сәуір айында үкімет жанындағы заң жобалары туралы комиссияда да қолдау тауып, қазір бірнеше заңға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жасалып жатыр.

"Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша салынған ауыл. Өскемен, 2011 жылдың қарашасы. (Көрнекі сурет)

"Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша салынған ауыл. Өскемен, 2011 жылдың қарашасы. (Көрнекі сурет)

Жаңа тұжырымдамаға байланысты елге келетін оралмандар қай өңірге орналасатынын өздері шешетін болады. 2013 жылдың соңында қабылданған «Көші-қон туралы» заңға сәйкес үкімет айқындаған өңірлерге барған оралмандар ғана өзінің қаржылық қабілетін дәлелдемей-ақ тұрақты тұруға рұқсат ала алатын, содан кейін оралман мәртебесін алатын. Ал жаңа тұжырымдамаға сәйкес шет елден оралған қазақтар қай өңірге келгеніне қарамастан, қаржылай қабілеттілігін дәлелдемей-ақ тұрақты тұруға рұқсат алып, оралман мәртебесін алуына болады.

Азаттық: - Бірнеше заңға өзгерістер енеді дедіңіз, ол қандай заңдар?

Аслан Қаржаубаев: - «Көші-қон мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын заң қабылданады. Яғни осы заң арқылы бес-алты заңға өзгеріс енгізіледі. Оның ішінде көші-қон, жұмыспен қамту, азаматтық алу мәселелеріне қатысты заңдар бар.

Азаттық: - Олардың қатарында оралмандардың азаматтық алу мерзіміне байланысты өзгеріс бар ма?

Аслан Қаржаубаев: - Қазіргі заң бойынша оралмандардың тек төрт жылдан кейін ғана азаматтық алуға құжат тапсыруға құқығы бар. Заңдарға өзгеріс енгізілгеннен кейін шетелден келген этникалық қазақтар Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алған соң бірден азаматтық алуға құжат тапсыра алады.

Талғар ауданына көшіп келген оралмандар. Алматы облысы, 2011 жылдың қарашасы. (Көрнекі сурет)

Талғар ауданына көшіп келген оралмандар. Алматы облысы, 2011 жылдың қарашасы. (Көрнекі сурет)

Тұрақты тұру үшін рұқсат алуға шамамен үш айдай уақыт кетеді. Содан кейін азаматтық алу жеңілдетілген тәртіп бойынша үш айдың ішінде беріледі. Сонда оралмандар бас-аяғы алты айдың ішінде Қазақстан азаматтығын ала алады.

Азаттық: - Үкіметтің алғашқы қаулысында оралмандарды қабылдайтын жеті облыс қана белгіленіп, сол өңірлерге қоныстанған оралмандарға арнайы жағдай жасалатыны айтылған еді. Ал жаңа қаулыда 14 облыс түгел көрсетілген. Әуелгі қаулыда жазылған «арнайы жағдай» енді барлық облыстарда да жасала ма?

Аслан Қаржаубаев: - Алдыңғы қаулы бойынша жеті облысты айқындаған кезде оралмандардың басым көпшілігі халық тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарға шоғырланатыны, ол жерлерде әлеуметтік мәселесін шешу қиындайтыны ескерілген болатын. Соңғы қаулыда да оны есепке алдық. Сондықтан оралмандар қоныстанатын жерді айқындау туралы үкімет міндеті сол қалпында қала береді. Яғни үкімет оралмандарға арнайы жағдай жасайтын өңірлерді белгілейді. Жаңа заң қабылданғаннан кейін қайсы облыстар екені нақтыланады. Үкімет айқындаған өңірлерге келген оралмандардың жол шығыны өтеледі және олар қызметтік баспанамен қамтамасыз етіледі.

Егер оралман үкімет айқындамаған басқа өңірге барып, бір жылдың ішінде ойланып, қайтадан үкімет айқындаған өңірге барса, жоғарыда аталған көмектердің барлығын ол да ала алады.

Жаңа қаулы бойынша оралмандарға Қазақстанның қай өңіріне барамын десе де құқық беріп отырмыз.

Қазіргі кезде ынталандыру тетіктері болмай қалды ғой. Енді осындай ынталандырудан кейін сырттағы этникалық қазақтардың Қазақстанға оралуы жылдамдайтын болар деген үміттенеміз.

Азаттық: - Сұқбатыңызға рақмет!

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG