Accessibility links

Оралманның азаматтық алу мерзімі қысқармақ


Қазақстанға көшіп келген оралман отбасы. Көрнекі сурет

Қазақстанға көшіп келген оралман отбасы. Көрнекі сурет

Қазақстан үкіметі сырттан көшіп келетін шетелдік қазақтарға қай облысқа орналасса да, оралман мәртебесін беру және азаматтық алу мерзімін бір жылға қысқарту туралы ұсыныс жасады.

Сәуірдің 22-сі күні өткен үкімет отырысында көші-қон туралы заңды жетілдіру тұжырымдамасы талқыланды. Талқылау кезінде сәуірдің басында арнайы қаулымен айқындалған 7 облысқа бармаса да, шеттен келетін қазақтарға оралман мәртебесі мен Қазақстан азаматтығы оңайлатылған тәртіппен беру туралы ұсыныс жасалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Астанада өткен брифингте азаматтық және оралман мәртебесін алуда жеңілдіктер ойластырылатынын хабарлады.

Сәуірдің 8-інен бастап үкіметтің «Оралмандарды жайғастыру өңірлерін айқындау туралы» №248 қаулысы негізінде айқындалған Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан өзге өңірлерге келген этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру тоқтатылған болатын. Бұл қаулыға сәйкес шет елден көшіп келген және үкімет белгілеген 7 облыстан бөлек өңірде тұрғысы келетін этникалық қазақтар ықтияр хат алар кезде шетел азаматы ретінде төлем қабілетін растауы қажет болған. Ол үшін оның есепшотында кем дегенде 2 миллион 444 мың теңге (13,5 мың АҚШ доллары) болуы тиіс деген норма енгізілген еді. Бүгінгі үкімет отырысында осы шектеу-норманы алып тастау туралы ұсыныс енгізгені белгілі болды. Тамара Дүйсенова (оң жақта), Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрі. Астана, 26 ақпан 2014 жыл

Тамара Дүйсенова (оң жақта), Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрі. Астана, 26 ақпан 2014 жыл



Бүгін бұл мәселенің үкімет отырысында қайта қаралғанын ескерткен еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова:

«Айқындалған өңірлерден өзге жерлерге келген этникалық қазақтарға «шетел азаматы ретінде төлем қабілетін растауы» туралы шектеу алынып тасталды. Бұдан кейін сырттан келген қандастарымыз Қазақстанның қай өңіріне келсе де оралман мәртебесі беріледі және олардың төлем қабілетін растаудың қажеті жоқ. Егер оралмандар «еңбек ресурстары дефицит региондарға» (үкімет белгілеген жеті аймаққа – ред.) көшіп баратын болса, онда сол региондарға барған азаматтарға қосымша әлеуметтік пакет беріледі» деді.
Оралмандарға көші-қон заңы бойынша қарастырылған әлеуметтік пакет туралы мақаламызды оқыңыздар

Брифингте Тамара Дүйсенова «оралмандарға берілетін азаматтық мерзімді қысқарту үшін» заңға толықтыру енгізілетінін айтты.

«Қабылданған көші-қон заңы бойынша этникалық қазақтарға азаматтық төрт жылдан кейін бірақ берілетін. Енді бұл мерзім бір жылға дейін қысқартылды» деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр.

Былтырғы желтоқсанның 10-ы күні бекітілген «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне еңбек миграциясы мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес оралмандарға азаматтық Қазақстанға көшіп келген соң 4 жылдан кейін беріледі деп көрсетілген. Бұл заң оралмандар мен олардың құқығын қорғаушылардың наразылығын тудырып, қызу қоғамдық талқылауға ұласқан еді.

Ресми статистикаға сәйкес 1991 жылдан бері Қазақстанға 944 мың оралман көшіп келген. Олар ел тұрғындарының 5,5 пайызын құрайды.

Азаттықтың оралмандар туралы арнайы парақшасынан бұл тақырыпқа қатысты жан-жақты мәлімет алуға болады.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG