Accessibility links

Ираннан келген оралманға азаматтық арман болды


Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы оралмандар орталығында тұрып жатқан Бабық әулеті. 27 мамыр, 2015 жыл.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы оралмандар орталығында тұрып жатқан Бабық әулеті. 27 мамыр, 2015 жыл.

Маңғыстауға Ираннан келген оралмандар үшін азаматтық пен баспана мұң болды. Шенеуніктер «ережені дұрыс орындамаған» деп оралмандарды кінәлайды.

Әбдірахман Бабықтың жасы 59-да. Оның отбасы – әйелі Носратбибі Қазақ, мектеп жасына жетпеген қызы және жасөспірім ұлы Маңғыстауға 2011 жылы Иранның Горган қаласынан көшіп келген. Қазақстан билігі оларды Ақтаудағы оралмандарды бейімдеу орталығына орналастырып, сонда тіркеуге қойған.

АЗАМАТТЫҚ АЛУ МАШАҚАТЫ

Әбдірахман Бабықтың Азаттыққа айтуынша, олар Қазақстанның шетелдегі қазақтарды атамекенге көшіруге арналған «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасының соңғы легіне іліккен.

– Бірақ әлі күнге шейін азаматтық ала алмай жүрміз. Көші-қон полициясына азаматтық алуға барғанымда олар тіркеу кітабын сұрады. Ал бізді тіркеуге қойған оралмандарды бейімдеу орталығындағылар ол кітап жоғалып кеткенін айтып, қайта іздеп тапқанша сегіз ай өтті, - дейді Әбдірахман Бабық.

Ол қазіргі жай-күйлерін айтып, көмек сұрап биліктегі «Нұр Отан» партиясы төрағасы Бауыржан Байбек, бас прокурор Асхат Дауылбаев және парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Дариға Назарбаеваға хат жазыпты.

Оралман Әбдірахман Бабық өз жағдайын баяндап отыр. Ақтау. 27 мамыр, 2015 жыл.

Оралман Әбдірахман Бабық өз жағдайын баяндап отыр. Ақтау. 27 мамыр, 2015 жыл.

– Маңғыстауда оралмандарға тиесілі баспаналар тамыр-таныстықпен таратылып жатыр, соны тексеруді сұрадық. Иранда жайсыз күй кешсек те «кірме қазақ» деп айтпаған еді. Ал мұнда «қаңғып келген оралман» деген сөзді де естідік. Қазақстанда бізсіз де үйсіздер көп екен. Енді біз де сол қаңғыбастар қатарына кіріп кетеміз бе деп уайымдаймыз, - дейді Әбдірахман Бабық Азаттыққа.

Оның әйелі Носратбибі Қазақ атамекенде орыс тілі мен жергілікті заңды білмегендіктен көп нәрседен, соның ішінде квотадан да қағылып отырғандарын айтады.

– Азаматтық аламыз деп жүргенде бізге берілген уақытша куәліктің мерзімі өтіп кетіпті. Оны бір күн кешіктіргеніміз үшін 37 мың теңге айыппұл төледік. 2013 жылы барған едік: «2016 жылы келіңдер, азаматтықты 2014 жылы келгендер алады» деді. Кәмелетке толған балам әскерге барайын десе, оның да азаматтығы жоқ, - дейді Носратбибі.

Ақтаудағы оралман әулетінің жағдайы туралы видео:

Әбдірахман Бабық атамекенге келмес бұрын Қазақстаннның Тегерандағы елшілігінде мүлде басқадай уәде естігендерін айтады.

– Бізге Ирандағы елшіліктен ұсыныс жасағанда: «сендерді Қазақстанда оқытады, бәріне үйретеді, баспана береді» деген еді. Ал мұнда бізбен сөйлесуге келген шенеуніктердің өздері қазақша әзер сөйлейді екен. Оның жартылай айтқан орысшасын біз ұқпаймыз, әбден қиналдық, - дейді ол.

2010 жылы Ақтау қаласында салынған оралмандарды бейімдеу орталығы 200 отбасына арналған. Мұнда қазір балалар үйінің түлектері, сонымен бірге Ираннан, Өзбекстан, Түркіменстан және басқа елдерден келген репатрианттар тұрып жатыр.

«ОРТАЛЫҚТАН КЕТІҢДЕР»

Ираннан келген қазақтар енді өздерін уақытша тұрып келген оралмандар орталығынан қуып жатқанын айтады.

– Бізге орталықты босат дейді. Қайда барамыз? Күзетші болып істейтін күйеуімнің денсаулығы да жоқ, жалақысы – 30 мың теңге, - дейді Носратбибі Қазақ.

Оның айтуынша, жергілікті билік Әбдірахман Бабықтың отбасына Форт-Шевченкодан үй бермекші болған.

– Бірақ кейін «оның жалдау ақысын төлей алмайсыңдар» деп қайтып алды, - дейді ол.

Носратбибі «егер үй берілсе өз еңбегімізбен құнын төлеуге тырысар едік» деген арман-тілегін айтады.

Оралман Носратбибі Қазақ қызымен бірге тоқыған кілемін көрсетіп отыр. Ақтау. 27 мамыр, 2015 жыл.

Оралман Носратбибі Қазақ қызымен бірге тоқыған кілемін көрсетіп отыр. Ақтау. 27 мамыр, 2015 жыл.

– Мен нан пісіріп, кілем тоқи аламын, соны күнкөріс көзіне айналдырар едім. Мына жердегі күнделікті түртпектеуден шаршадым, - дейді ол.

Носратбибі Қазақтың інісі Жүсіп Қазақтың жасы 37-де. Апа-жездесімен бірге ол да Қазақстанға отбасымен көшіп келген. Жүсіп ағылшын, парсы, араб, өзбек, түркімен тілдерін білетінін айтады.

– Бізге оралмандар орталығында қазақ тілін оқыту курсы бар деген. Ол жердегі оқу бар болғаны екі-ақ күнге созылды, бізге әріптерді көрсетіп, атауын айтты, сонымен бәрі бітті. Алфавитті [кириллицаға негізделген – ред.] көшеде әр жерде ілініп тұрған жарнамаларды, газет алып оқып жүріп меңгердім. Кейбір заңдармен, конституциямен өз бетімше оқып, білмегенімді сұрап таныстым, - дейді ол.

Ол өзін оралмандар орталығынан шық деп түртпектеген соң амалсыздан ол жерден кетіп, қазір пәтер жалдап тұрып жатқанын айтады. Заң жүзінде өзіне тиесілі баспанаға қолы жетпей жүргеніне шағым айтқан Жүсіп Қазақ та Қазақстан азаматтығын алғысы келеді.

– Қазір мен үшін бастысы – азаматтық алу. Содан соң тұрақты жұмысқа орналасар едім. Бұл жақта билікте танысың болмаса қиын екен. Ондай тамыр-таныс бізде жоқ, - дейді ол.

Жүсіп Қазақ Иранда жүргенде құрылысшы, дәнекерлеуші мамандығын игеріпті. Азаттық тілшісімен әңгімеде ол екі елдегі жұмыс барысында байқағанымен де бөлісті.

– Бұл жақтағы құрылыс салу да біртүрлі екен. Ақшалы адамдардың коттедж деп салғызғандарында ешқандай дизайн, фантазия жоқ – кілең төртбұрышты қораптар, - дейді Жүсіп.

Әбдірахман Бабықтың шаңырағымен бірге Ираннан Қазақстанға көшіп келген сегіз отбасының үшеуі мұндағы қиындықтарға төзбей қайтадан кері кетіп қалыпты.

– Үш отбасы «біз Қазақстанда өмір сүре алмайды екенбіз» деп Иранға қайтты. Ал біз барғымыз келмейді. Балалар өз тілдерін ұмытуға айналды. Біз қайтсек те осы жақта күн көруге тырысамыз. Егер бізге баспана тисе, Иранда қалған ер жеткен екі қызымыз бен ұлымыз да келмекші, - дейді Носратбибі Қазақ.

ШЕНЕУНІКТЕР УӘЖІ

Маңғыстауға келген оралмандар мәселесімен айналысатын облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдардамаларды үйлестіру орталығының бастығы Гүлмира Қалмұратова Ираннан келген Әбдірахман Бабықтың отбасы туралы Азаттықтың сауалына «оларға үй берілгенімен өздері бас тартқан» деп жауап берді.

– Олар азаматтық алудың уақытын өткізіп алған, жеңілдіктің де бәрінен қағылды, - деді ол.

Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдардамаларды үйлестіру орталығының бастығы Гүлмира Қалмұратова. Ақтау. 27 мамыр, 2015 жыл.

Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдардамаларды үйлестіру орталығының бастығы Гүлмира Қалмұратова. Ақтау. 27 мамыр, 2015 жыл.

Шенеуніктің сөзінше, қазір 156 отбасы, яғни 700-ге жуық адам тұрып жатқан орталықта оралмандарға азаматтық алғанға дейін бір жыл бойы тұруға рұқсат еткен болса, кейін ереже өзгеріп, тұру мерзімі алты айға қысқарған.

Бірақ Әбдірахман Бабықтың отбасы «жергілікті билік Форт-Шевченкодан уәде еткен баспананы «кейін сылтау айтып бермей қойды» дейді.

Гүлмира Қалмұратова Маңғыстауға Ираннан келген қазақ отбасыларының кейбірі қайтадан кері көшіп кеткенін растағанымен, олардың нақты санын айтпады.

Маңғыстау облыстық көші-қон полициясы басқармасы бастығы Гүлшара Бастаубаева «азаматтықты уақытында алуға құлық бөлмеген» деп оралмандарды кінәлайды.

– 2013 жылдың желтоқсанынан бастап азаматтыққа байланысты заң өзгерді. Енді азаматтыққа ие болу үшін төрт жыл тұрақты тіркеуде немесе Қазақстан азаматымен некеде болуы тиіс. Заң өзгерер алдында біз арнайы хабарлап, оралман мәртебесімен жүрген ұлты қазақтардың бәріне азаматтық бердік. Бірақ бұлар келген жоқ. Және ондай мәртебесі жоқтар жетеді Маңғыстауда. Себебі олар «квота беріледі, ақша аламыз» деп күткен, сөйтіп уақытты өткізіп алған, - дейді полиция подполковнигі Гүлшара Бастаубаева.

«Енді ол адамдар не істеуі керек? Олар оралман емес пе?» деген Азаттық сауалына көші-қон полициясы облыстық басқармасы бастығы:

– Жоқ, олар – шетел азаматы. Мәселен, сіз айтып отырған адамдар қайтадан Иран елшілігіне барып, сол елдің азаматтығынан бас тартқан соң, бізге келіп азаматтығы жоқ адамдар ретінде тіркеледі, - деп жауап берді.

Гүлшара Бастаубаеваның айтуынша, азаматтық алу содан кейін қайта рәсімделеді.

Шенеуніктің мәліметінше, қазір Маңғыстау облысында ТМД елдерінен келген 6762 адам тіркелген. 2014 жылдың 5 айында 2948 шетел азаматы тіркеуге тұрып, оның 308-і Қазақстан азаматтығын алған, олардың ішінде 53 адам – оралман қазақтар.

Биыл сәуірде денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанға оралған қазақтардың азаматтық алу тәртібі жеңілдетілетіні туралы мәлімдеген еді.

«Этникалық қазақтар қай аймақты тұруды таңдағандарына қарамастан оралман мәртебесі бәріне бірдей беріледі. «Төлем төлеуге қабілеттілігі» туралы шарт алынып тасталады, азаматтық алу мәртебесін алу мерзімі бір жылға бейін қысқартылған. Біз тек еңбек ресурстарына сұраныс бар аймақтарды ғана анықтайтын боламыз» деген министр.

Қазақстан үкіметінің былтырғы 20 наурыздағы қаулысына сәйкес, әуелде жеті облыс оралмандарды орналастыру аймағы болып бекітілген. Кейін 2014 жылғы 8 шілдеде бұл қаулыға өзгеріс енгізіліп, оралмандар орналасатын облыстар саны 14-ке жеткізілді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG