Accessibility links

Оралмандар баспана бағасын арзандатуды сұрайды


Өзбекстаннан көшіп келген оралмандар отбасы «Нұрлы көш» бағдарламасымен берілген үйлерінде отыр. Маңғыстау облысы Аппақ ауылы, 2016 жылдың қыркүйегі.

Өзбекстаннан көшіп келген оралмандар отбасы «Нұрлы көш» бағдарламасымен берілген үйлерінде отыр. Маңғыстау облысы Аппақ ауылы, 2016 жылдың қыркүйегі.

Маңғыстаудағы оралмандар әкімдік берген үйлердің сапасына наразы болып, құнын төмендетуді талап етті. Аудан әкімдігі қарызын төлемеген адамдарға үйді босату туралы ескерту тарата бастады.

Жасы 60-ты алқымдаған Жоламан Болманов – Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Аппақ ауылында тұрып жатқан оралмандардың бірі. Қарақалпақстаннан 2011 жылдың мамырында көшіп келіп, «Нұрлы көш» бағдарламасына сай 2009-2011 жылдары бой көтерген бұл ауылдағы мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің бірін алған ол қазір сол баспананың сапасына наразы.

- Құрылыс сапасы өте нашар. Едендерінің астын бір қабат цементтеп, үстіне арзанқол линолеум жая салған. Оның астын термит жеп, кей үйлер құлап қалудың аз алдында, – дейді Жоламан Болманов.

«5 МИЛЛИОН ТЕҢГЕМІЗ БОЛСА, БҰЛ ЖЕРДЕН НЕ ІЗДЕЙМІЗ?»

Аппақ ауылындағы 113 үйде тұратын 400-ден астам адамның көбі – Иран, Ауғанстан, Сауд Арабиясы, Түркіменстан мен Өзбекстаннан қоныс аударғандар қазақтар. Мұндағы әр отбасына жалпы ауданы 74 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтер 4 миллион 618 мың теңгеге бағаланып берілген.

Аппақ ауылы тұрғындары ауылға кіреберіс жолдың бойындағы балалардың ойын алаңында тұр. Маңғыстау облысы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Аппақ ауылы тұрғындары ауылға кіреберіс жолдың бойындағы балалардың ойын алаңында тұр. Маңғыстау облысы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Үйлерге иелік ететін Қарақия аудандық әкімдігі «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үйді жалға беру туралы оралмандармен келісім жасасқан. Келісім мерзімі жалға алушының банктегі депозитке үй құнының 50 пайызын төлегенге дейін жалғасатыны көрсетілген. Орыс тілінде жасалаған құжатта үй дұрыс пайдаланылмаса не ақысы уақытында төленбесе, келісім-шарт бұзылатыны жазылған. Бірақ оралмандар орысша түсінбейтіндіктен шартта не жазылғанын білмегенін айтады. «Баспаналы болғанға қуанып, құқығымыз туралы ойланбастан қол қойып ала бердік» деседі олар.

Оралмандар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» арадағы келісімге сай ай сайын 35 мың теңгеден бес жыл бойы төлеп, үйдің құнының 50 пайызына тең соманы депозитке жинауы тиіс болған.

Бірақ Аппақтағы оралмандардың кейбірі екі отбасыға арнап қанаттастырып салынған үй сапасыз болғандықтан бұл ақшаны қымбатсынып, төлеуден бас тартып отырғандарын айтады. Үйдің ақысын төлемеген тұрғындар тамыздың 1-і күні Қарақия аудандық әкімдігінен баспананы босату туралы ескерту хат ала бастаған.

- Айналаны көрдіңіз ғой, қу медиен дала. Қалтамызда 5 миллион теңгеміз болса, бұл жерден не іздейміз? Үйдің қарызын өтеп бітетін уақыт таяды, бір жарым жыл ғана қалды. Ерте төлемедіңдер деп үйден қуып шығуы мүмкін. Сол үшін мазасызданып жатырмыз, – дейді Жоламан Болманов.

«ЖОЛ ТОЗҒАН, АВТОБУС ЖОҚ»

«Сапасыз болса да ақшаны төлеп, үйімізді жөндеп алайық десек те, жұмыстың жоқтығынан әліміз келмей отыр» деп шағымданған тұрғындар Азаттық тілшісіне үйлерді аралап көруді шақырды.

Әуелі бас сұққан үйіміз Өзбекстаннан көшіп келген Шахсанам Ешімбетованың баспанасы болды. Үйді кемірген термитпен өздерінше күресіп, ақыры әлі келмеген бұл отбасы амалсыз үш бөлменің біреуіне тығылып отыр екен. Өзге екі бөлменің еденін жеп бітірген термит енді есік пен терезеге ауыз сала бастаған.

Шахсанам Ешимбетованың үйіндегі еденін термит жеп қойған бөлме. Маңғыстау облысы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Шахсанам Ешимбетованың үйіндегі еденін термит жеп қойған бөлме. Маңғыстау облысы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

- Күйеуім екеуміз де жұмыссызбыз. Үйді жөндемек түгіл биыл мектепке барған баламызға қажетті жабдықтарды алып бере алмадық. Құрбан айтта дәрігерлер бірнеше дәптер мен қалам берді, сонымен барып жүр, – дейді төрт баланың анасы Шахсанам Ешімбетова.

Үйдің ақысын бір жарым жылдан бері төлей алмаған бұл отбасы да тамыздың 1-і күні әкімдіктен үйді босату туралы ескерту хат алған.

Азаттық тілшісі отырған кезде Шахсанам Ешімбетованың үйіне Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Қыдырберді Беков келе қалды. Әкімдіктен адам келгенін естіген тұрғындар лезде бір бөлмесі ғана жарамды осы үйге жинала бастады.

Аяқ асты жиналыс залына айналған үйге келген жұрт аудан әкімінің орынбасарына баспанадан басқа да уайымдарын айтып шағымданды. Солардың бірі – Ауғанстаннан көшіп келген 24 жастағы Бибікәмила. Төрт баласы бар әйел ағылшын мен парсы тілдерін жетік білетін жұбайы орысша білмегендіктен жұмысқа тұра алмай жүргенін айтады.

- Әкімдікке күнде барамын. Балаларымызбен паналайтын жеріміз жоқ. Біреудің бір бөлмесінде отырмыз. Жәрдемақы да ала алмай жүрміз. Қыс келе жатыр, – деп уайымдады ол.

Ауғанстаннан көшіп келген оралман Бибікәмила (бала көтеріп тұр) тұрмыс қиыншылықтарын баяндады. Маңғыстау облысы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Ауғанстаннан көшіп келген оралман Бибікәмила (бала көтеріп тұр) тұрмыс қиыншылықтарын баяндады. Маңғыстау облысы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Ауғанстаннан былтыр келген 70 жастағы Разия Рахими қайтыс болған үлкен ұлының төрт баласы және тағы бір ұлының отбасы – бәрі пәтер жалдап жүргенін айтып налыды.

– 11 адам нан жейміз. Жалдайтын пәтер де, оған төлейтін ақшамыз да жоқ. Біз қайтсек екен? – деді ол кісі.

Қалаға барып жұмыс істегісі келетін тұрғындар ауылда балабақша жоғын айтып та шағымданды. Жиында «жаңбыр жауғанда батпаққа айналып кететін ауыл жолы» да, жеті километр жердегі аудан орталығы Құрыққа барып-келуге автобус жоқтығы бөгет екені де сөз болды.

«БАРЛЫҒЫ ЗАҢҒА СӘЙКЕС ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР»

Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Қыдырберді Беков «тұрғындардың қарыз екеніне қарамастан, үйден шығаруға құқықтары бола тұра оған бармай отырғандарын» мәлімдеді.

Шахсанам Ешимбетованың үйіне әкімдік өкілімен сөйлесуге жиналған тұрғындар. Маңғыстау облысы Аппақ ауылы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Шахсанам Ешимбетованың үйіне әкімдік өкілімен сөйлесуге жиналған тұрғындар. Маңғыстау облысы Аппақ ауылы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

- Бұл – ең тиімді баға, бар болғаны 0,4 пайыз. Үйдің 50 пайызын төлегендерге оны жекешелендіріп береміз, – деді Қыдырберді Беков.

Тұрғындар бұл сөзге «cапасы нашар үйдің бағасын арзандатсын, жобалық құжаттарын көрсетсін» десті, ал шенеунік «үй бағасын төмендету қолдарынан келмейтінін» айтты.

Аудан әкімінің орынбасары тұрғындардың жәрдемақы ала алмай отырғандарын естіп таң қалды. Оның сөзінше, құжатты дұрыс өткізгендердің бәрі тиісті ақыны алып жатыр. Қыдырберді Беков тұрғындарды толғандырған басқа мәселелердің шешілетініне уәде берді.

Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Қыдырберді Беков Шахсанам Ешімбетованың үйінде тұрғындармен сөйлесіп тұр. Маңғыстау облысы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Қыдырберді Беков Шахсанам Ешімбетованың үйінде тұрғындармен сөйлесіп тұр. Маңғыстау облысы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

– 320 орындық мектеп салу – 2017 жылға, балабақша мен медпункт салу 2018 жылға жоспарланған. Ауыл ішіне әзірге жол сала алмаймыз. Ол үшін жоба керек, бірақ тротуарлар салынады. Кейін көшіп келгендерге үй кезекпен беріледі. Қосымша бір автобус жүргіземіз. Жағдайы нашар отбасылардың балаларын аудан орталығындағы балабақшаға орналастырамыз, – деді ол.

Қарақия ауданы әкімінің орынбасары «Өрлеу» бағдарамасы бойынша кәсібін ашуға тырысқандарға қолдау білдіріп отырғандарын, аудан орталығында ашылған балалар интернатына бірсыпыра адамдар жұмысқа қабылданғанын, барлығы заңға сәйкес жүзеге асырылып жатқанын» айтады.

Өзбекстаннан көшіп келген оралман Шахсанам Ешимбетова үйіндегі термиттен аман тұрған бөлмесінде баласымен отыр. Маңғыстау облысы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Өзбекстаннан көшіп келген оралман Шахсанам Ешимбетова үйіндегі термиттен аман тұрған бөлмесінде баласымен отыр. Маңғыстау облысы, 16 қыркүйек 2016 жыл.

Аппақ ауылында жұмыс табу жайы қиын екенін растаған Қыдырберді Беков Құрықтағы «Ерсай» (Ersai Caspian Contractor LLC) компаниясының жаңа жобаларына үміт артады.

- Дәнекерлеуші, монтаждаушы мамандықтары болғанымен, олар «Ерсайдың» талабына сай келмейді. Ал сай келетіндері орысша білмейді. 50 адамды осы мамандықтарға дайындап, оқытып жатырмыз, – дейді ол.

Қарақия ауданы әкімінің орынбасарының бұл сөзіне жиналған жұрттың бірі уәж айтты.

- Күйеуім дәнекерлеушінің де, монтаждаушының да оқуын оқыды. Оны неге жұмысқа алмайды? Алты балам бар. Айлығым - 35 мың теңге. Газға төлей алмадым, қиып кетті. Мен қуып жіберсе де, үйдің ақшасын төлей алмаймын, – деді бір әйел адам. Қыдырберді Беков ол кісіге жауап берген жоқ.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, 2016 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанға көшіп келген 15 мыңдай оралманның 2311-і Маңғыстауға қоныстанған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG