Accessibility links

Баланың ораза тұтуы – екіұдай пікірге себеп


Мешіттегі Құрбан айт намазына еріп келген бала. Алматы, 16 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Мешіттегі Құрбан айт намазына еріп келген бала. Алматы, 16 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Дін өкілінің сөзінше, кәмелетке толмаған жастардың ораза ұстауы «шариғат тұрғысынан қателік емес». Алайда дәрігер оның медициналық тұрғыдан дұрыс емес екенін айтады.

Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылындағы «Перзент» балалар үйінің тәрбиеленушісі Диана бүгін – мұсылман күнтізбесіндегі рамазан айының 1-інен бастап ораза ұстауға кіріскенін айтады.

– Мені ешкім күштеген жоқ. Өз еркіммен ұстадым. Алты жасымнан бері ораза ұстап келемін. Биыл біздің балалар үйінде отыздан астам бала ораза ұстайды, – дейді 16 жасар Диана.

«6 ЖАСЫНАН БАСТАП ҰСТАСА – САУАП»

Алматы облысы Талғар ауданында тұратын Қайрат есімді адамның үш баласы да бүгіннен бастап ораза ұстауға кіріскен. Намаз оқитынын айтқан ол кісі «балаларының ораза ұстауын өзі міндеттегенін» айтады.

– Алды 15, арты 10 жастағы екі ұл мен бір қызым үш жылдан бері тұрақты түрде ораза тұтып келеді. Алланың разылығы үшін ораза тұту – міндет, – дейді ол.

Уағыз айтып отырған имам. Алматы, 15 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Уағыз айтып отырған имам. Алматы, 15 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Балаларының жаз кезіндегі ауылдық мешітке барып діни білім алатынын айтқан Қайрат ол әрекетін «қазір қоғам бұзылып кеткен, сондықтан балаларды имандылыққа жастайынан баулу керек» деп түсіндірді.

Алматы қаласы Алатау ауданында орналасқан «Бекет ата» мешітінің бас имамы Орынбасар Орынбайұлы да кәмелетке (заң бойынша азаматтық қабілеттілікке ие болатын 18 жасқа) толмаған баланың ораза ұстауын оғаш көрмейді. Оның айтуынша, «шариғат бойынша, ұл балалар – 13, ал қыз балалар 12 жастан бастап ұстауы тиіс».

– Оразаның балаға ешқандай кері әсері болмайды. Егер бала балиғатқа толғанға дейін, яғни 6-7 жасынан бастап ораза ұстаса, ол болашақта сауапқа жазылады. Ал балиғатқа толғаннан кейін ұстау – парыз, – дейді дін өкілі.

«25 ЖАСТАН СОҢ ҰСТАСА ДҰРЫС БОЛАДЫ»

Алайда медицина ғылымдарының докторы, балалар дәрігері Болат Қабижанұлы балалардың ораза тұтуына үзілді-кесілді қарсы. Ол мұны жасөспірімдердің биологиялық дамуы тұрғысынан түсіндіреді.

– Баланың организмі минут сайын, сағат сайын өсіп жатқандықтан оған қорек, тағамның нәрі үнемі тамшылап түсіп тұру керек. Баланың тамақ ішуін бір күн үзудің өзі оның өсуіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан оразаны адам организмі өсіп жетілген соң, тіпті 25 жастан кейін ұстаса дұрыс болады, – дейді дәрігер.

Байсерке мешітіндегі ауызашар. Алматы облысы. 30 шілде 2013 жыл. (Азаттық видеосынан скриншот).

Байсерке мешітіндегі ауызашар. Алматы облысы. 30 шілде 2013 жыл. (Азаттық видеосынан скриншот).

Заңгер Кәмиша Есмұхамбетқызы кәмелетке толмаған кей балалар еркінен тыс, әке-шешелерінің күштеуімен ораза тұтса, ол жасөспірімге кесірін тигізетінін айтады.

– Еркінен тыс әрекет етуі баланы психологиялық күйзеліске ұшыратып, денсаулығына зиян келтірері анық. Сол себепті «Отбасы және неке» туралы заңға «Ата-ана қоғам алдында қауіпті тудырмауы және баланың еркінен тыс әрекеттерді жасамауы керек» деген бап енгізу қажет, – дейді заңгер.

Азаттық тілшісі оқушы балалардың ораза ұстауына байланысты пікірін білмекке Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігіне хабарласқан еді.

– Балалардың құқығын қорғау комитеті балалардың еркінен тыс ораза тұтуына қатысты зерттеу жүргізбегенін, сондай-ақ осы уақытқа дейін ешбір арыз-шағымның келіп түспегенін айтты, – деп жауап берді министрліктің баспасөз қызметінің жетекшісі Әлібек Жұмабекұлы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дерегінше, елде биыл ораза тұту ұзақтығы 29 күн (маусымның 18-інен шілденің 16-сына дейін) болмақ. Ислам діні шарты бойынша, ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін тамақ пен сусыннан және рұқсат етілмеген басқа да нәрселерден бас тартуы тиіс.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG