Accessibility links

Орынборда Қазақстан тарихына қатысты ескерткіш тақта ашылды


Қазақтың ағартушы ғалымы, ақын һәм журналисті Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткіш тақта. Орынбор, Ресей, 24 қараша 2010 жыл.

Қазақтың ағартушы ғалымы, ақын һәм журналисті Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткіш тақта. Орынбор, Ресей, 24 қараша 2010 жыл.

Орынборда Чичерин және Пушкин көшелеріндегі екі үйге Қазақстан тарихына қатысты ескерткіш тақта орнатылды. Мұның бірінде қоғам қайраткері, ғалым Ахмет Байтұрсынұлы тұрса, екінші ғимаратта «Алаш» партиясының құрылуына себеп болған бірінші және екінші жалпықазақ съездері өткізілген еді.

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне Орынбор қаласының басшылығы мен Қазақстанның мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның Ресейдегі елшілігі қатысты.

«БҰЛ – БІЗДІҢ БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ ЖЕРІ»

Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй мен бірінші және екінші жалпықазақ съездері өткен ғимаратқа ескерткіш тақтаны ашу барысында Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Имаханбетова сөйледі.

Райхан Имаханбетова, Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры.Орынбор, 24 қараша 2010 жыл.
- Бұл оқиғаның біздер үшін тарихи маңызы зор. Өйткені Орынбор қазақ халқының бір кездегі астанасы, әрі рухани-мәдени орталығы да болды. Мұнда Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш ардақтылары ел үшін еңбек етті. Бүгін ашылған ескерткіш тақта – солардың өлшеусіз еңбегін келер ұрпаққа танытудың бір айғағы,- деді ол.

Ал Орынбор қаласының басшысы Юрий Мищеряков мырза журналистерге берген сұхбатында өзінің Қазақстандағы Қарағанды қаласында дүниеге келгенін айтты.

- Қазақстан маған өте ыстық. Тағдырдың жазғаны болар, Орынбор қаласына басшылық ету маған жүктеліпті. Орынбордың қазақ тарихында орны бөлек екені бәріне мәлім,- дейді Орынбор қаласының мэрі Юрий Мищеряков.

Екі үйде тарихи ескерткіш ашылған соң, тараптар «Ресей-қазақ қарым-қатынасы: тарих және уақыт» деген тақырып бойынша өткен жиында бас қосты. Алқалы мәжіліске қатысушылар «Алаш» қозғалысын жан-жақты зерттеп, оған тарихи әділ баға беру керектігін мақұлдасты. Осы жиында Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков те сөйледі.

- Қазір осындағы қазақтар жиі бас қосып, қандай жұмыстар жасау керектігін ақылдасып тұрамыз. Қандай қиындық болса да, Орынбордағы қазақтар ешқайда кетпейді, өйткені, бұл – біздің бабаларымыздың жері,- деді елші.

ОРЫНБОРДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ОРНЫ

Көне қала Орынборда Ленин ескерткіші орталық көшеде әлі де қасқайып тұр. Жалпы, мұндағы көрініс советтік дәуірді еске түсіреді. Қазір Орынборда 125 мыңға жуық қазақ тұрады. Мұндағы қазақтарды ресейліктер диаспора ретінде санайды.

Бірақ, біз тілдескен қазақтар өздерін осы жердің байырғы тұрғындары ретінде сезінетінін жеткізді. Алайда олар мұнда қазақ тілінде білім беретін бір де бір мектеп жоқтығын айтады. Қазір қазақ балалары оқитын мектепте қазақ тілін қосымша пән ретінде факультатив деңгейінде оқытады.

Мұнда Орынбор қазақтары қауымдастығының күшімен этномәдени орталықтар құрылған екен. Орталықтар қазақ жастарына өз ана тілін үйретуге ықпал етеді деп есептеледі. Қазір Орынборда өз ойын қазақ тілінде жеткізе алатын аға буын мен тілі орысша шыққан қазіргі жастар арасында көзқарас айырмашылығы байқалады.
Ардақ Сайбулова, "Бәйтерек" газеті бас редакторының орынбасары. Орынбор, 24 қараша 2010 жыл.

Мұны Орынбор қаласында шығатын «Бәйтерек» газеті бас редакторының орынбасары Ардақ Сайбулова қазақтілді мектептердің жоқтығымен байланыстырады.

- Біз өз газетімізде түрлі мәселелерді көтереміз. Қазақ тілінің қазіргі жағдайы, ұлттық мамандар жасақтау, қала берді, бабалар дәстүрін де қамтыдық. Газет, әрине орыс тілінде шығады, бірақ, біз қазақтың проблемасын көбірек айтуға тырысамыз. Содан болар, қазір оқырмандар қатары артып келеді. Бізді қуантатыны – қазақтың тарихы мен дүниетанымына қызығушылық білдірген оқырмандарымыздың арасында қазақ жастарының көп болуы. Ал газетіміздің тиражы қазіргі күні 5 мыңға жетті, - дейді Ардақ Сайбулова.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG