Accessibility links

Жастар үйінің тұрғындары: "35-ке дейін тұрсақ"


Жастар үйінің тұрғындары Станислав Галеев пен Ольга Петрова ұлдарымен. Алматы, 19 сәуір 2013 жыл.

Жастар үйінің тұрғындары Станислав Галеев пен Ольга Петрова ұлдарымен. Алматы, 19 сәуір 2013 жыл.

Балалар үйінен Алматыдағы Жастар үйіне ауысқан адамдар осында 35 жасқа толғанша тұруды сұрайды. Өйткені көбінің баратын жері жоқ.

Станислав Галеев пен Ольга Петрова Алматыдағы Жастар үйінде тұрады. Олардың 4 жасар ұлдары бар. Жастар үйі - 2006 жылы салынған мемлекеттік мекеме. Бұл жерге балалар үйі мен интернат түлектері 29 жасқа толғанша тұра алады.

29 ЖАСҚА ДЕЙІН

Станислав пен Ольга Жастар үйіне Алматыдағы 8-интернаттан келген. Олар 1 жылдан кейін Жастар үйінен шығуы тиіс. Алайда олардың барар жері жоқ. Балалар үйіне сәби кезінде түскен екеуі - туған-туысы жоқ, тұлдыр жетімдер.

Станислав жеке меншік компанияда істейді. Айына 70 мың теңге (470 доллар) жалақы алады. Жас отбасы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу кезегіне тұрған. Станиславтың айтуынша, банкке айына 13 мың 500 теңге бастапқы жарна төлейді. Бірақ үйдің қашан берілетіні белгісіз.

– Балалар үйінің түлектері әдетте әке-шешесінің тағдырын қайталап, балаларын жетімдер үйіне өткізеді. Мұндай оқиғалар көп, – дейді Станислав Галеев.

Зәуре Құдабаева екі қызымен. Алматы, 19 сәуір 2013 жыл.

Зәуре Құдабаева екі қызымен. Алматы, 19 сәуір 2013 жыл.

Азаттық тілшісі Алматыдағы Жастар үйінде тұрып жатқан тағы бір жұппен сөйлесті. Қызылорданың тумасы, 26 жастағы Зәуре Құдабаева 20 жасында балалар үйінің түлегі Ерлан Бестерековке тұрмысқа шыққан. Зәуренің әке-шешесі бар. Алайда жас жұбайлар өз бетінше өмір сүруге тырысады. 2 қызы бар отбасы Жастар үйінен 3 жылдан кейін шығуы тиіс.

Зәуре мен Ерлан қала маңынан шағын жер телімін сатып алған. Бірақ үй тұрғызуға ақшалары жетпейді. Зәуренің айтуынша, күйеуі айына алатын 50 мың теңгенің (340 долларға жуық) 10 мыңы коммуналдық төлемдерге кетеді.

«БАСПАНА КЕЗЕГІ ЖЫЛЖЫМАЙДЫ»

Әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері балалар үйі мен интернат түлектерінің басындағы баспана тауқыметінен хабардар.

Алматы қаласындағы әлеуметтік мекемелердің түлектерін бейімдеу және қолдау орталығы – Жастар үйінің директоры Қанат Отыншиев Азаттық тілшісіне: «Біздің түлектеріміздің баспана мәселесін тезірек шешсек дейміз. Осы өтінішпен үнемі қалалық әкімдікке барамыз» деді.

Алматыдағы жастар үйінде қазір 227 адам тұрады. Оның 42-сі – балалар. Жастар үйінің директоры Қанат Отыншиев. Жеке мұрағаттағы сурет.

Жастар үйінің директоры Қанат Отыншиев. Жеке мұрағаттағы сурет.

Мұнда балабақша мен мектеп салу жоспарланған. Мұндағы маңызды мәселенің бірі - жасы толып, орталықтан кететін жастардың баспана мәселесін шешу.

– Биыл 4 түлегімізге пәтер сатып әперетін демеушілер табылды. Қалғандарын қала билігі баспана кезегіне қойды, – дейді Жастар үйінің директоры.

Алайда мұнда тұрып жатқан адамдар кезек жетіп, мемлекеттен баспана тиеді дегенге сенбейді. Геннадий Аблаев есімді азаматтың айтуынша, кезекте тұру тым ұзаққа созылады. Мәселен, ерлі-зайыпты Надежда Сергеенко мен Виктор Науман «кезегіміз алға емес, артқа жылжып бара жатқан сияқты» дейді.

50 ОТБАСЫНА АРНАЛҒАН ЖАТАҚХАНА

Алматы қаласы білім басқармасының интернат мекемелер және қамқорлық бөлімінің басшысы Хорлан Қасеннің пікірінше, жастар үйінен кететін азаматтардың баспана мәселесі шешілген. Ол Азаттық тілшісіне:

– Баспанаға мұқтаж балаларды мемлекеттік бағдарлама бойынша кезекке қойдық, – деді.

Теміртаудағы жастар үйінде тәрбиеленушілер тұратын бөлмелердің бірі. 2 наурыз 2012 жыл. Көрнекі сурет.

Теміртаудағы жастар үйінде тәрбиеленушілер тұратын бөлмелердің бірі. 2 наурыз 2012 жыл. Көрнекі сурет.

Ол балалар үйінің түлектеріне мемлекеттік бағдарлама бойынша 2010 жылы – 4 пәтер, 2011 жылы – 3 пәтер, 2012 жылы 2 пәтер бөлінгенін айтты. Хорлан Қасеннің айтуынша, жастар үйінен кеткен ерлі-зайыпты жұптарға Алматының ортасынан 50 отбасылық жатахана бөлінген.

Жастар үйінің тәрбиеленушілері бұл жобадан хабардар. Бірақ олар жатақханадан бәріне бірдей бөлме тиеді дегенге сенбейді. Сондықтан олар «жастар үйінде 29 жасқа дейін емес, 35 жасқа дейін тұруға рұқсат етілсе» дейді.

Болашақ жатақхананың ғимаратында қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Алматының білім басқармасының әкімшілігі жатақханада кімдер тұратынын келесі жылы шешуге уәде етті.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG