Accessibility links

Балалар лагеріндегі төбелес жазғы демалыстың шырқын бұзды


Айнакөлдегі Жұмбақтас. Бурабай демалыс аймағы.

Айнакөлдегі Жұмбақтас. Бурабай демалыс аймағы.

Ақтау қаласының жетім балаларға арналған балалар ауылының 60 тәрбиеленушісі Бурабай шипажайындағы бес күндік демалыстан соң Астанаға келді. Төбелестен кейін оларды ауылға қайтарды.

АҚТАУҒА БИЛЕТ

Шілденің 3-і күні түске дейін Ақтау балалар үйінің тәрбиеленушілері Астананың теміржол вокзалында отырды. Кейін оларды уақытша Астананың балалар үйіне орналастырды, ал Ақтау балалар үйі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Бақытгүл Әйтекенова Ақтауға билет сатып алуға кетті.

Төрт тәрбиешісі бар балалар мен жасөспірімдердің үлкен тобы Астанаға Көкшетаудан келген. Олар Бурабай шипажайында екі ай демалуды жоспарлаған еді. Бірақ төбелес кесірінен бес күннен кейін демалысты мерзімінен бұрын аяқтауға тура келді.

Бақытгүл Әйтекенованың айтуынша, олар әуел бастан-ақ «Дискавери» балаларды сауықтыру лагерінің басшылығымен тіл табыса алмапты. Ақтаулық қонақтар төсек-орынның уақытында ауыстырылмағанын айтып, ескерту жасаған. Кейін балалар үйінің тәрбиеленушілері лагерь аумағынан рұқсатсыз шыққаны үшін шиеленіс туындаған.

Балалар ренішпен кетіп барады. Олар лагерь басшылығынан кешірім сұрағанымен ешкім тыңдамады. Балалар «ересектер қайтсын, ал кішкентай топ қалсын» деп директорға ұсыныс жасады, олардың айыбы жоқ қой.

– Тәлімгерлер біздің балалармен тіл табыса алмады. Олардың аузынан шыққан әр сөзге жармасып алды. Біз қастарында жүргенде, бәрі жақсы болатын. Кейін төбелес болды. Коммерциялық топтан келген тәрбиеленушіні сабады. Оның өзі де Ақтаудан, ол бізге келіп, балалардан көмек сұраған. Балалар ренішпен кетіп барады. Олар лагерь басшылығынан кешірім сұрағанымен ешкім тыңдамады. Балалар «ересектер қайтсын, ал кішкентай топ қалсын» деп директорға ұсыныс жасады, олардың айыбы жоқ қой, - деді Азаттыққа Бақытгүл Әйтекенова.

Ақтаудағы балалар ауылының бухгалтері Сима Хабулгучеваның айтуынша, былтыр балалар Көкшетау мен Алматыда демалған, ешқандай оқыс оқиғаға ұрынбаған.

– Тек лагерь басшылығы ғана айыпты. Олар әлі 18-ге толмаған балалар ғой. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, жетімдер. Олардың тілін табуға, сөйлесуге болатын еді. Ол жаққа демалысқа жіберу бізге оңай тиген жоқ, - дейді Сима Хабулгучева.

ТӘЛІМГЕРЛЕР ҚАШЫП КЕТТІ

Жақында «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі «Дискавери» лагерінен тәлімгерлердің қашып жатқанын – «бұндай балалармен» жұмыс істеуден бас тартып 15 адамның кетуге бел байлағанын хабарлаған.

Маусымның 25-і күні коммерциялық жолдамамен 300 бала және Ақтаудың балалар үйінен төрт тәрбиешімен 60 бала келген еді. Лагерь директоры Павел Безверныйдың айтуынша, жастары 7 мен 18 арасындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері бірінші күннен бастап өздерін «нашар ұстап, төбелес ұйымдастырып, ұрыс-керіс шығарған». Нәтижесінде «үш тәлімгер мен коммерциялық топтан келген он жасар бала соққы жеді» дейді ол.

Директор Безверный «Интерфакс» агенттігіне полициядан көмек сұрағандарын, бірақ одан нәтиже болмағанын айтады. Содан соң ол балалардың екі айға демалуға келгендеріне қарамастан, балалар үйінің барлық тәрбиеленушілеріне қайтар жолға билет сатып әперген.

Ақмола облыстық ішкі істер департаменті баспасөз хатшысының сырқаттанып жатқанын, жұмыс орнында жоқ екенін желеу етіп, демалыс лагерінде болған оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

«ЛАГЕРДЕ БӘРІ ТЫНЫШ»

Аты-жөні мен лауазымын жарияламауды өтінген «Дискавери» сауықтыру лагерінің қызметкері Азаттыққа берген сұхбатында ақтаулық балалар кеткен соң барлығы «қалпына келгенін», қазір лагерде тыныштық орнағанын жеткізді.

– Бізде балалар үйі тәрбиеленушілеріне ерекше қарайтындықтан оларды тыныштандыру шараларын қабылдау өте қиын болды. Біздің ұжым және тәрбиешілермен болған әңгіме еш нәтиже бермеді. Балаларды тыныштандыру қиын болды. Оларды тек лагерь аумағындағы полиция қызметкерлері ғана ұстап тұра алды. Тек соларды шақырған соң ғана балаларды жүгендеу мүмкін болды, - дейді «Дискавери» лагерінің қызметкері.

Оның айтуынша, лагерде «бір елеусіз жағдай болған, бірақ оның алдын алған».

Бізде балалар үйі тәрбиеленушілеріне ерекше қарайтындықтан оларды тыныштандыру шараларын қабылдау өте қиын болды.

– Айтарлықтай зақым келген жоқ. Балаға қол жұмсамақ болып, қысым көрсетуге тырысқан. Ақтаудан келгендердің ішінде 15-16 жастағы балалар көп болды. Педагогтарының оларға ықпал етуіне қарап, тәрбиелеу шараларының жүргізілмегенін байқадық. Олар өздерін ызбарлы ұстады, үлкенді сыйлау дегенді мүлдем білмейді екен. Немқұрайлық танытқан тәрбиешілері олардың айғай-шуын одан әрі өршітті. Олар «бізге бәрін істеуге болады» деген ойға бекініп, моральдық ғана емес, жалпы адамзаттық құндылықтарды аяққа таптады, - дейді «Дискавери» қызметкері.

Оның сөзінше, балаларға қайтар жолға билет сатып әперуден басқа амалдары қалмаған.

«Дискавери» сауықтыру лагері биылғы жылы Ақтау балалар үйінің 60 баласының екі айлық демалысына арналған тендерді ұтып алған еді. Лагерь басшылығы бұл салада он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандарын, бұрын Қостанай мен Астананың балалар үйінің тәрбиеленушілері келгенін, олармен ешқандай мәселе туындамағанын айтады.

«Дискавери» лагері өкілдерінің айтуынша, лагерде тәлімгер болып педагогикалық білім беретін жоғары оқу орындарының студенттері жұмыс істейді, олар демалушылар келердің алдында тәлімгерлер курсынан өтеді.

Лагердегілер осы оқиғадан соң ақшалай зиян шеккендерін айтады. Олар өз есептерінен балаларға қайтар жолға билет сатып әперген және келісімшартты бұзғаны үшін енді айыппұл төлеуге тиіс.

Аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG