Accessibility links

Священникті Қазақстаннан депортациялау ісі


Софроний әкей, Өтеген батыр кенті, 24 шілде 2013 жыл

Софроний әкей, Өтеген батыр кенті, 24 шілде 2013 жыл

Қазақстанның көші-қон полициясы тіркелу ережесін бұзғаны үшін Ресей азаматы Софроний әкейдің елден кетуін талап етеді. Шіркеуге келушілер оған араша түседі.

Алматы облысы Іле аудандық сотында Ресей азаматы Софроний әкейді депортациялау бойынша істі қарау басталды. Священник православтық приходты ғана емес, балалар мен қарттар паналайтын баспананы да басқарады. Оны депортациялауға қатысты іс көпке жария болып кетті, өйткені оның қайырымдылық жұмысына қатысты жергілікті биліктің артар кінәсі жоқ, ал БАҚ оны тек жақсы жағынан сипаттап келген.

АЛМАТЫ ТҮБІНДЕГІ ҒИБАДАТХАНА МЕН ПАНА

Софроний әкей - Алматы түбіндегі Түймебаев ауылында тұрған Сергий Радонежский ғибадатханасының басшысы. Өзінің айтуынша "қара православтық священник" тобына жатады, ақ священниктерден айырмасы - монах құсап үйленбей өтеді. Оның «игумен» деген діни атағы да бар.

Дінге мойынұсынғанша кім болғанын Софроний әкей айта бермейді. Ресейде көп балалы отбасында туғанын, совет әскерінде қызмет еткенін ғана баяндайды. Ауған соғысына офицер ретінде қатысыпты деген алып-қашпа әңгіме туралы айтудан бас тартты. Ол Қазақстанға 1991 жылдың соңында келген. 1993 жылы Алматы православие училищесін, 1999 жылы сырттай Тобыл семинариясын бітірген.

Азаттық тілшісі сот басталатын күні Софроний әкейдің мекеніне барып қайтты. Түймебаев ауылындағы Сергий Радонежский ғибадатханасының қасында үш қабатты ғимарат тұр. Бірінші қабатта паналау орнының әкімдігі мен Софроний әкейдің кабинеті орналасқан. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған асхана да осында. Жоғарғы қабаттар - балабақша ретінде пайдаланылады.
Алматы түбіндегі Сергей Радонежский ғибадатханасы. 24 шілде 2013 жыл

Алматы түбіндегі Сергей Радонежский ғибадатханасы. 24 шілде 2013 жыл


Софроний әкейдің сөзінше, паналау орнында 113 бала мен 120 қарт немесе мүгедек адам тұрып жатыр. Мектеп жасындағы балалар мен бірқатар кембағал, қарт адамдар ауылдан бір шақырым жердегі қалашықта тұрады екен. Одан бөлек үйлі-баранды тұрмысы нашар 40 адам мұқтаж отбасыларға арналған үйде тұрып жатыр.

Ғибадатхана мен паналау орны биік дуалмен қоршалған. Ауласында монша, кір жуатын орын, ашық бассейн мен газбен жылытатын пеш бар. Алып су тартатын мұнара да тұр, су тек ғибадатханаға емес, сол төңіректегі ауылдың біраз үйлеріне дейін тартылған. Шаруашылық басшысы Георгийдің айтуынша, ауыл адамдары суды тегін алады.

Ал ауылдан бір шақырым жердегі қалашық бір қабатты бес ғимараттың қосындысынан тұрады. Мұнда да өзіндік жылу беру пеші мен құдық бар. Жаңа ғибадатхана түбінде салынып бітпеген ұстаханалар мен монша көзге түседі. Оларға да коммуникация желілері тартылған. Қыздарға арналған бөлек паналау орнын салу жоспарланыпты. Бірақ Софроний әкейдің басына түскен қиындықтарға байланысты жоба тоқтап қалған.


Балалар төрт орындық бөлмелерде (келья) тұрады. Кереуеттері екі қабат. Қыздар мен ұлдар қарама-қарсы екі бөлек ғимаратта тұрады. Одан бөлек кітапхана мен сабақ қарау бөлмесі, ас үй, асхана, телевизоры бар үлкен салтанат бөлмесі бар. Жуынатын орын мен дәретхана ғимараттың ішіне салынған. Балалар сол ауылдың мектебіне барады екен. Кейбірі колледжде оқиды. Ғимараттың ту сыртында баскетбол мен футбол алаңдары көрінеді.

Бұл - Қазақстанда шіркеу приходында ашылған тұңғыш балалар және қарттар үйі. Софроний әкейдің өзі балалардың қамқоршысы ретінде рәсімделген.

Паналау орнында тұрып жатқандар Софроний әкейдің басындағы іс туралы Азаттық тілшісіне пікір білдіріп жатты.
Софроний әкей басқаратын паналау орнында тұратын қарттар. Алматы облысы, Түймебаев ауылы, 24 шілде 2013 жыл

Софроний әкей басқаратын паналау орнында тұратын қарттар. Алматы облысы, Түймебаев ауылы, 24 шілде 2013 жыл


— Мұнда жағдайым жақсы. Күйеуім қайтыс болды. Қызым да өлді. Жалғыз қалдым. Осында келуге кеңес берді. қазіргі үйім - осы жер, — деп жыламсырай сөйледі Лидия Мазепова есімді мүгедек әйел.

Анна Сик есімді тағы бір кембағал шөберелеріне керексіз болып қалғанын айтады.

— Андреевкадағы шөберелеріме қонаққа келгем. Бүкіл ақшамды алып қойды. "Қайда барсаң, онда бар" деді. Әкейге келдім. Мұнда халім жақсы, - дейді ол да.

Көзі көрмейтін Людмила Чернышова екі жыл бұрын әкімдік қызметкерлері өзін Софроний әкейдің паналау орнына тапасырғанын айтты. Ол Азаттық тілшісі арқылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өтініш айтты.

— Мұнда бір отбасы болып кеттік. Түрлі халық бар. Грек те, орыс та, қазақ та, украин да бар. Бәрін жинап алған. Бәрі жақсы. Ұлтшылдық жоқ. Әкейді неге қудалап жатқанын түсінбедім. Кімге керек? Өзін жақсы көреміз, қатты алаңдаймыз. Оның орны бөлек қой. Бәрімізді жүзімізден таниды. Атымызды біледі. Бәрін өз қолымен жасаған. Нұрсұлтан Әбішұлы! 120 шал-кемпір бармыз, сізге өтініш айтамыз. Құдай үшін, әкейді жөнімен қалдырыңызшы! - деді ол.
Софроний әкей басқаратын ғибадатханаға қарасты шаруашылық жерлер мен қора-қопсы. Алматы облысы, 24 шілде 2013 жыл

Софроний әкей басқаратын ғибадатханаға қарасты шаруашылық жерлер мен қора-қопсы. Алматы облысы, 24 шілде 2013 жыл


Азаттық тілшісі түскі асқа отырған бүлдіршіндерді де көрді. Көкөніс көже, ірімшік самса мен компот ішіп отыр екен.

Паналау орны мал да ұстайды. Шаруашылық жағын басқарушы Вячеслав Барановтың сөзінше, сауын сиырдың саны - 8, одан бөлек ондаған шошқа бағып отыр. Одан бөлек бірнеше жүз гектар жерге бидай мен жоңышқа егеді екен. Шағын бақшасында басқа да көкөніс өсіп тұр. Бірнеше гектарға созылған алма бағы да көзге жылыұшырайды.

СОФРОНИЙ ӘКЕЙДІҢ АЙЫБЫ НЕ?

Шілденің 24-і күні өткен Софроний әкейдің ісі бойынша алғашқы сот отырысында көші-қон полициясының өкілі Ресей азаматы Петр Евтихеевті (Софроний әкей) Қазақстаннан депортациялауды сұрады. Оның сөзінше священник тұрғылықты тіркеуге тұрмай бірнеше мәрте әкімшілік заң бұзған. Полиция өкілі дәлел ретінде осыған дейін салық инспекциясы мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет салған айыппұлдар фактісін айтты.

Софроний әкейдің адвокаты Владислав Мадзигон көші-қон полициясының таққан айыбын негізсіз деп мәлімдеді. Оның сөзінше, салық инспекциясы мен санитарлық қызмет Софроний әкейге емес, паналау орнына, яғни заңдық тұлғаға айыппұл салған. Сол себепті айыппұлды заңдық тұлға төлеген.

Адвокат көші-қон полициясының басқарма бастығы Елмұрат Нұрсейітовтің депортациялау ісі бойынша фактілерді бұрмалағанын айтты. Оның сөзінше, Софроний әкей Қазақстанда тұрғылықты тіркелген.
Владислав Мадзигон, Софроний әкейдің адвокаты. Алматы облысы, 24 шілде 2013 жыл

Владислав Мадзигон, Софроний әкейдің адвокаты. Алматы облысы, 24 шілде 2013 жыл


— 1999 жылдан бері ішкі істер органдарында Евтихеев Петр Владимировичтің Қазақстан территориясында заңды түрде тұрып жатқаны туралы ақпарат бар, - деді ол.

Осы негізде адвокат соттан Софроний әкейді депортациялау туралы көші-қон полициясының талап-аразын қабылдамауды өтінді.

Софроний әкейдің өзі сотта тұрғылықты тіркеуге тұру үшін құжаттарын уақытында өткізіп келгенін, тек соңғы мәрте "Қазақстанға қауіпті адам" деген себеппен құжатын қабылдамай қойғанын айтты.

— Қазақстанда тұрып келдім. Осында тіркелгем. Жыл сайын қызмет бабымен Қазақстан-Ресей шекарасын кесіп өтіп жүрдім. Не қазақстандық, не ресейлік шекарашы сөз айтып көрген емес, - деді ол.

Сот отырысы біткен соң жергілікті журналистер Софроний әкейден өзін қудалау кімге тиімді екені туралы сұрады. Ол өзінің қоғамдық қызметінің маңыздылығын түсінбейтін кейбір жергілікті шенеуніктерден қысым көргенін айтты.

Софроний әкейдің ісі бойынша келесі сот отырысы шілденің 29-ы күні өтпекші.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG