Accessibility links

Балама саммит қайырды ЕҚЫҰ-ның келер жылғы төрағасынан күтеді


Бейбітшілік пен татулық сарайы. Астана, 26 қараша 2010 жыл
Бейбітшілік пен татулық сарайы. Астана, 26 қараша 2010 жыл

Дүйсенбі, қарашаның 29-ы Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитіне балама түрде өткізілген екі күндік конференция аяқталды. Шетелдік азаматтық қоғам өкілдері мен құқық қорғаушылар талап-тілектерін ЕҚЫҰ-на табыс ететіндерін мәлімдеді.


Жиында негізінен адам құқықтары мен сөз бостандығы төңірегінде мәселелер айтылды. Конференцияға қатысушылар пост-советтік мемлекеттерде жекелеген құқық қорғаушылар мен журналистердің жағдайы әлі күнге дейін көңіл көншітерлік жағдайда емес екенін айтады. Мысал ретінде Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Әзірбайжан және Армения елдерінде абақтыда отырған алты азаматты алға тартты.

Олар - Евгений Жовтис, Рамазан Есіргепов, Әзімжан Асқаров, Алексей Соколов, Ейнулла Файтулаев және Николай Пашинян. Осы адамдардың бостандыққа шығуына мүдделі азаматтық қоғам өкілдері конференция барысында талап-тілектерін айтып тарқады.

«ЖОВТИСТІ БОСАТАМЫЗ ДЕСЕ, БІР ЖАРЫМ КҮН УАҚЫТ БАР»

Балама саммитті басқарған «Демократия және адам құқығын дамыту орталығының» президенті Юрий Джибладзе, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның саммиті басталмай тұрып қамаудағы құқыққорғаушы Евгений Жовтисті босатса, осы ұйымды басқарған уақыттағы ең жоғары баға алатын әрекеттерінің бірі болар еді дейді.
Юрий Джибладзе, ресейлік құқыққорғаушы. Астана, 29 қараша 2010 жыл

- Біз құқық қорғаушылар, оның ішінде өз басым, Қазақстан ЕҚЫҰ басқарған кезінде ықпалын пайдаланып, құқық қорғаушы Евгений Жовтисті босатады деп үміттенгенбіз. Әзірге олай болмады. Дегенмен Қазақстанның әлі де біржарым тәулік уақыты бар. Болмағанда жыл соңына дейін бір ай мерзімі бар. Яғни өз міндеттерін ойдағыдай атқарып шыққанын көрсетіп қалуға әлі де болады, - дейді Джибладзе.

Құқыққорғаушы Евгений Жовтистің жыл соңына дейін бостандыққа шыға қоюына сенімі жоқ екенін айтқан ресейлік құқыққорғаушы үмітінің үзіле қоймағанын айтады. «Талап қоя беруден тайынбау керек. Сонда ғана оның бір нәтижесі болады. Бұл менің тәжірибемде бар», - деді Юрий Джибладзе Азаттық тілшісіне.

ЕНДІГІ ҮМІТ – ЛИТВАДА

Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі бюроның директоры Роза Ақылбекова Евгений Жовтистің бостандыққа шығуына ЕҚЫҰ-ын келер жылы басқаратын Литва мемлекеті мүдделі болар деген үмітте.

- Біз енді Литвамен жұмыс жасаймыз. Оның үстіне Литваның елшісі бүгін біздің жиналысымызға қатысып, барлығын мұқият тыңдап отырды. Келер жылы олар да саммит өткізетін болса, бізде балама конференция өткізетінімізді ол да түсінген болар, - дейді Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі бюроның директоры Роза Ақылбекова.
Балама конференция өткен ғимараттың ішіне постсовет құрамда болған елдерде қамауда отырған құқыққорғаушылар мен журналистердің суреттері ілнген қабырға болды. Астана, 29 қараша 2010 жыл

ОН БЕС БЕТТІК ҰСЫНЫС

Екі күндік балама конференцияның соңында азаматтық қоғам өкілдері ұсыныстарын жинақтап, ЕҚЫҰ-на табыс ететін болып келісті. Балама конференцияны басқарушылар осы жолғы ұсыныстар алдағы саммитте көтеріле қоймайтынын жасырмайды.

Өйткені он бес беттен тұратын құжатты бір жарым күннің ішінде сараптап саммитке алып шығу мүмкін емес екенін айтады. Ал азаматтық қоғам өкілдері ЕҚЫҰ саммитіне тек бақылаушы ретінде ғана қатысады.
XS
SM
MD
LG