Accessibility links

Саммитте сауын айтқан іс-қимыл жоспарына қол қойылмады


ЕҚЫҰ саммитінің жоғары дәрежелі қатысушылары. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл

ЕҚЫҰ саммитінің жоғары дәрежелі қатысушылары. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл

Екі күнге созылған жиынның соңында болашақта аймақтық ұйымды күшейте түсуге арналған іс-қимыл жоспары туралы келісім жасалуы тиіс еді. Бірақ бейсенбі күнгі соңғы сессияда келісімге қол қойылған жоқ.


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының араға 11 жыл салып барып өткен саммитінің соңғы сессиясы бейсенбі күні аяқтады. Алайда бұл жиынның соңына дейін болашақта аталмыш ұйымның рөлін күшейтуге бағытталған іс-қимылдар жоспары туралы келісім жасалмады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ РӨЛІ

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон мен президент Назарбаевтың сәрсенбі күнгі келіссөздерінен кейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Қазақстан сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев жағдайды оң етіп көрсетуге тырысты.

«Екі жақ Қазақстанның тиімді түрде төрағалық етуі, оның ішінде 21-ғасырда Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының алғашқы саммиттін өткізуі, осы ұйымның қауіпсіздікті күшейту мен ұйым жауапкершілігі саласында ынтымақтастықты дамытудағы әрекеттеріне жаңа екпін берді деп келісті», - деді Саудабаев.

ҰЙЫМДЫ ЖАҢАРТУ АМАЛДАРЫ

Қазақстан астанасындағы басқосуға жиналған шет мемлекет басшылары соңғы жылдары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Еуропа мен бұрынғы совет республикаларында қақтығыстардың алдын алу мен оларды шешу жөніндегі өзінің міндетін атқара алмады деп мойындады.

Алайда бейсенбі күні делегаттар бұл ұйымның рөлін арттыруға бағытталған жаңа іс-қимылдар жоспары туралы келісімді мақұлдауға қатысты мәмілеге келе алмады.
Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев саммиттің соңғы қорытындысын баспасөз мәслихатында жарияламақшы еді. Оның орнына Назарбаев баспасөз мәжілісін кейінге қалдырды.

Басқосудың соңғы сессиясында сөйлеген сөзінде президент Назарбаев делегаттар соңғы сәтте декларацияға байланысты ортақ пікірге тоқтайды деген үмітін білдірді. Назарбаев әлем елдері басшыларының икемділігіне сүйенетіндігін айтып, "тарих айрықша мүмкіндік беріп отыр, оны жоғалтып алмауымыз керек" деп атап көрсетті.

Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони саммитте күтпеген жерден мәлімдеме жасап, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының болашағы үшін ұйымның алдына нақты мақсаттар қоюға шақырды.

ЕҚЫҰ ДАУЛЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУГЕ ҚАУҚАРСЫЗ

Дипломаттардың айтуынша, Молдовадағы Днестр маңы аймағы мен Ресей-Грузия арасындағы шиеленісті жағдай және Таулы Қарабахқа қатысты Армения мен Әзірбайжан арасындағы жанжал сияқты нақты даулы мәселелерге байланысты ЕҚЫҰ-ның іс-қимылдары туралы жаңа жоспар жасалмаған күйі қалды.

Екі күнге созылған басқосу барысында мемлекет басшылары бұл ұйымды күшейтуге шақырды. Сәрсенбі күні Қырғызстанға аттанарының алдында АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон және Ресей президенті Дмитрий Медведев ЕҚЫҰ-ын қайта жаңғырту қажет деп мәлімдеді.

Сонымен қатар олар Ресей мен АҚШ-тың келіспеушіліктерін, оның ішінде Тбилиси мен Мәскеу қолдап отырған даулы аймақтар арасындағы қақтығыстарға байланысты мүлдем әртүрлі көзқарас ұстанатындарын да атап көрсетті.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон мен Грузия президенті Михаил Саакашвили кездесіп тұр. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл

Клинтон Ресейді "Грузияда ЕҚЫҰ миссиясының құрылуына кедергі жасап отыр" деп айыптады. Медведев болса Грузияны "Оңтүстік Осетияға қатысты соғыста әділетсіз түрде күш қолданды" деп кінәлады.

Сонымен қатар сәрсенбі күні ЕҚЫҰ-ның Минск тобы жариялаған мәлімдемеге қарағанда, Әзірбайжан мен Армения президенттері Таулы Қарабах жанжалына қатысты дауды шешетін уақыт туды деп келіскен.

Бірақ бейсенбі күні мәлім болғандай, саммитте сөйлеген Армения президенті Серж Саркисян "Әзірбайжан Таулы Қарабах дауын шешуге мүдделі емес" деп атап көрсетті. "Оның орнына Баку Арменияға қолынан келгенше көбірек зиян келтіруді қалайды", - деді Саркисян.

Астанадағы саммит Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіндегі соңғы шара деп есептеледі. Келесі жылы бұл ұйымға Литва төрағалық етеді.

1970 жылдары құрылған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мақсаты – аймақтағы қақтығыстардың алдын алу және қырғиқабақ соғыс кезінде әлемдік державалар арасында диалог орнату еді. Ұйымға 56 ел мүше болып кірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG