Accessibility links

Курамшин қайта аштық жариялады


Вадим Курамшин (ортада) түрмеде жазасын өтеушілердің туыстарымен кездесіп тұр. Көрнекі сурет

Вадим Курамшин (ортада) түрмеде жазасын өтеушілердің туыстарымен кездесіп тұр. Көрнекі сурет

ЕҚЫҰ-ның Варшавадағы жиынында Вадим Курамшиннің әйелі оның түрмедегі жағдайын айтып шағынды. Екі жыл бұрын бұл мінберден Курамшиннің өзі сөйлеген.

ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының Варшавада жыл сайын өтетін адами өлшем бойынша конференциясында соңғы жылдары құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің халі тұрақты түрде талқыланады. Түрмедегі жазасын өтеушілердің құқығын қорғап танылған белсенді Қазақстан билігімен арадағы теке-тіресте жеңіп шыққандай көрініп, екі жыл бұрын осы мінберден сөйлеген еді. 2012 жылғы тамызда Курамшин бопсалау айыбы бойынша бір жылға шартты түрде сотталып, бірнеше аптадан соң Варшавадағы ЕҚЫҰ жиынына қатысып, Қазақстан билігін сынаған. Сол баяндамасынан кейін екі ай өткен соң оның үстінен қозғалған қылмыстық істе «жаңа жағдаяттар» белгілі бола қалды да, Курамшин 12 жылға сотталып кете барды.

Биылғы Варшава жиынында "саяси тұтқынның" орнына әйелі Екатерина Курамшина сөйледі. Дәл осы аптада Курамшин наразылық білдіру үшін астан бас тартты (тек су ішеді). Ол өз үкімін қайта қарауды талап етеді. Түрме басшылығы тұтқынды райынан қайтаруға тырысып жатыр.

ШАҒЫМ

Вадим Курамшин ел аузында «Жамансопка» атанып кеткен Солтүстік Қазақстан облысының Горный кентіндегі ЕС-164/4 түрмесінде отыр.

Әйелі Екатеринаның сөзінше, құқық қорғаушы түрмедегі мазақ пен прокуратураның және адам құқықтары бойынша омбудсменнің әрекетсіздігіне наразылық ретінде аштық бастаған. Екатеринаның сөзінше, күйеуінің шағымдарына бас прокурор тайқа жауап беріп келген.

Вадим Курамшиннің анасы Ольга Колтунова

Вадим Курамшиннің анасы Ольга Колтунова

Жақтастарының айтуынша, аштық кезінде құқық қорғаушы бес килограмм салмақ тастаған. Олардың мәліметінше, Курамшин түрме ішіндегі шараларға қатысу үшін әрең жүріп-тұрады. Шешесі Ольга Колтунова жұма күні интернетте таратқан мәлімдемесінде «аштықтан бас тартуы үшін оған қатты қысым жасалып жатқанын» хабарлады.

«Вадимге қайта-қайта қысым жасалады, телефонмен сөйлестірмейді, оның арызына прокуратура мен омбудсмен селт етпейді» деп жазады Ольга Колтунова.

Жақтастары Вадим Курамшин өзін медициналық изоляторға ауыстыруын талап еткенін, бірақ түрме әкімшілігі бас тартқанын айтады.

ҚАЖК ЖАУАБЫ

Ішкі істер министрлігіне қарасты қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылығы мұндай мәліметтермен келіспейді. Азаттыққа қыркүйектің 26-сы күні берген жазбаша комментариінде ҚАЖК Курамшинмен аштығын тоқтату үшін психологиялық әңгімелесу өткенін жазады. Комментарийде: «Курамшин қажетті медициналық қарауға алынған, колонияның медициналық бөлім қызметкерлері күн сайын оның қан қысымын, салмағын өлшейді, қазір денсаулығы қалыпты» деп жазылған.

Вадим Курамшин (сол жақта) құқық қорғаушы кезінде ҚАЖК өкілі Ғалымжан Хасеновпен сөйлесіп тұр.

Вадим Курамшин (сол жақта) құқық қорғаушы кезінде ҚАЖК өкілі Ғалымжан Хасеновпен сөйлесіп тұр.

ҚАЖК Вадим Курамшиннің Солтүстік Қазақстан облысы прокурорына шағым жазғанын, омбудсмен Асқар Шәкіровтің тұтқынның әйеліне көрсетілген мерзімде жауап бермегенін растайды. Бірақ бұл мәселені қарастыру өздерінің құзыретіне жатпайтынын ескертеді. ҚАЖК-тің жауабында Курамшиннің күн сайын 15 минут телефонмен сөйлесуге рұқсат беруді талап еткені, бірақ мұндай құқықтың қылмыстық-атқару заңдарында қарастырылмағаны жазылған.

ЕҚЫҰ-ны СЫНАУ

Құқық қорғаушының әйелі Екатерина Курамшина Варшавадағы ЕҚЫҰ-ның жиынында халықаралық ұйымды әрекетсіз деп сынады.

- Еуропарламенттің Вадим Курамшиннің ісін қайта қарау туралы бірнеше резолюциясы шыққанына қарамастан ЕҚЫҰ-ның бұл іс бойынша әрекетсіздігі енді қанша жалғасады? Осы жерде тұрып Астанамен дипломатиялық қарым-қатынас жасаушылардың адамдық сезімін оятқым келеді. ЕҚЫҰ-ны Курамшин мәселесін қарастырғанда Қазақстан мұнайын, ас та төк қабылдауларын ұмытып, менің баяндамама селт етуге шақырамын, - деді Екатерина Курамшина Варшавада.

Астанамен дипломатиялық қарым-қатынас жасаушылардың адамдық сезімін оятқым келеді.

Биылғы маусымда да Вадим Курамшин қазіргі талаптарын айтып аштық жариялап көрген. Ол кезде кейбір талап-тілектері орындалғасын наразылық акциясын тоқтатқан.

2013 жылы Вадим Курамшин адам құқығын қорғау саласындағы еңбегі үшін берілетін Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты болған. Биыл жазда Вадим Курамшиннің жағдайы туралы тыңдау өткен Ирландия парламентінде социалистік партиядан сайланған депутат Джо Хиггинс Курамшиннің ісінде «саяси астар барын» мәлімдеп, үкіметтен Қазақстан билігіне ықпал етуін сұраған.

ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының Варшавада жыл сайын өткізетін адами өлшем бойынша конференциясына биыл 1200-ден астам делегат қатысып жатыр. Олардың ішінде үкімет өкілдері, азаматтық белсенділер, құқық қорғаушылар мен сарапшылар бар. Олар екі апта ішінде елдеріндегі адам құқықтары құндылығының даму деңгейін талқылайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG