Accessibility links

Ош қақтығысының жаңғырығы жыл өткен сайын қатты естіледі


'Қырғыз аумағы" деген жазуы бар бетон. Ош, 13 маусым 2010 жыл.

'Қырғыз аумағы" деген жазуы бар бетон. Ош, 13 маусым 2010 жыл.

Қырғызстанның оңтүстігінде болған қырғынға бір жыл толса да, халықаралық ұйымдар мен қырғыз үкіметі бір-біріне «Кім кінәлі?» деген сұрақ қойып отыр.


Human Rights Watch («Хьюман Райтс Уотч») және Amnesty International («Амнести Интернэшнл») ұйымдары маусымның 8-і күні Қырғызстанның астанасы Бішкекте бірлескен мәлімдеме жасады. Amnesty International қақтығыстарға қатысты сот процестері кезінде болған заң бұзушылық ұлтаралық жағдайды одан сайын шиеленістере түседі дейді.

Аталған ұйымдар мәлімдемесінде 2010 жылғы маусым айында Қырғызстанның оңтүстігінде қырғыздар мен өзбектердің арасында болған ұлтаралық қақтығыстардың салдарын тексерумен айналысып жатқан қырғыз билігін сынап өткен. Оштағы қақтығыстарға бір жыл толғанына орай жасалған баяндамада аталған қос ұйым билікті елдің саяси және сот жүйесіндегі өзбектерге қарсы қалыптасып қалған теріс түсінікті жоюға және жаңа бір қақтығыстың туындау қаупін болдырмауға шақырды.

ОШ ҚЫРҒЫНЫ ӨЗГЕ АЙМАҚТА ДА ҚАЙТАЛАНА МА?

2010 жылдың маусым айында болған өзбектер мен қырғыздар арасындағы жанжалдарда 470-тен астам адам қаза тауып, мыңдаған үй мен бизнес орны күйреген болатын.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Amnesty International мен Human Rights Watch қырғыз үкіметін 2010 жылғы қақтығыстың құрбандарына әділдік таныта алмай отырғанын сынап, оған қатысты құқық
Оштан қашып шыққан өзбек әйелдері Өзбекстан шекарасында тұр. 15 маусым 2010 жыл.

бұзушылықтарды тоқтатуға шақырды. Батыстық зерттеушілер, олардың арасында Қырғыз республикасының президенті Роза Отунбаева жетекшілік ететін топ қаза тапқандар мен дүние-мүлкінен айырылып, құрбан болғандардың көпшілігінің өзбектер екенін айтады.

Бірақ екі ұйым өз мәлімдемесінде билік өзбектер шеккен шығынның нақ көлемін мойындамай отырғанына, сот процестерінде көбінесе қырғыздардың болғанына назар аударған. Адам құқығын қорғау ұйымдары қырғыз билігі қақтығысты елдегі өзбек қауымдастығын жөнге салу құралы ретінде пайдаланып отыр деп санайды.

Amnesty International-дің Орталық Азиядағы зерттеушісі және ұйымның «Әділдік күту» баяндамасының авторы Мейзи Вейшурдин сот процестерінде өзбектерге қарсы теріс түсініктің қалыптасқанын және оның елдің оңтүстігіндегі екі ұлттың арасындағы қарым-қатынастарды тек шиеленістіріп отырғанын айтады. Зерттеуші бұл жағдай президент сайлауы жақындап қалған елде бұдан кейін де жаңа қақтығыстың туындауына себеп болуы мүмкін дейді.

Мейзи Вейшурдин: «Егер ұлтаралық қақтығыс құрбандарына қатысты әділдік орнамаса, кінәлілер жазаланбаса және біржақты этникалық кемсітушілік президент сайлауының қарсаңында қайталана берсе, әрине, былтырғыдай қырғынның қайталануына негіз бар деп ойлаймын. Бұл жолы ондай қырғын Ошта емес, бәлкім, басқа жерде болуы мүмкін. Бірақ мен бұдан кейін де шиеленістің қайталануы әбден мүмкін деп санаймын» деген пікір білдірді.

ҚҰРБАН БОЛҒАНДАРДЫҢ ТӨРТТЕН ҮШІ – ӨЗБЕКТЕР

Оштағы қырғындардан кейін Қырғызстанның оңтүстігінде жан-жақты зерттеулер жүргізген Human Rights Watch ұйымы «Бұрмаланған әділдік» атты 86 беттік баяндамасында елдің оңтүстігіндегі саяси және әкімшілік құрылымдарда өзбектердің аз болуы кінәлілердің жазаланбай қалуына жағдай жасағанын келтіреді. Билік күдікті ретінде қамауға алынғандардың азапталуы жайындағы ақпаратқа көз жұма қарап, айыптылар мен олардың адвокаттарына жасалған шабуылдарға қатысты жауап бермей отыр.

Human Rights Watch ұйымының еуропалық бөлімінің басшысы Рейчел Денбер биліктің осылайша сот процесін бұрмалау ымыраға келуге қатысты үмітті үзетінін жеткізді. Ол: «Билік маусымдағы қырғын мен оның салдарына қатысты қандай да бір жауапкершілікті мойнына алғысы
Өзбек сарбаздары қырғыз-өзбек шекарасындағы босқындарға көмектесіп жатыр. 14 маусым 2010 жыл.

келмей отыр. Қырғынның қалай ұйымдастырылғаны және оның салдары неге ұласқандығына қатысты сындарға жауап беру өте күрделі нәрсе. Мен қырғыз билігі жағдайды бұдан да жақсарта алатынын мойындайды деп ойлаймын, бірақ оған қатысты істеп отырғандары, мысалы, Қырғызстан халықаралық комиссиясына берген баяндамасы өте мұңды және іс жүзінде қайғылы» деген пікір айтады.

Роза Отунбаеваның президенттігі тұсында жұмыс істеп жатқан Қырғызстан тергеу комиссиясы биылғы жылдың мамыр айында қырғынға қатысты жасаған жан-жақты шолуын жариялады. Онда құрбан болғандардың төрттен үшінің өзбектер екендігін дәлелдейтін айғақтар айтылып, билік құрылымдарының шиеленісті ушықтыруға жол бергендігіне назар аударылған.

АДАМЗАТҚА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫС

«Егер 2010 жылғы маусым қырғыны кезіндегі кейбір қылмыстарды халықаралық заңдар өлшемімен бағамдайтын болса, онда ол адамзатқа қарсы қылмыс ретінде саналған болар еді» деген сыңайда ой айтқан шолуды Қырғызстандағы саяси ортаның селқос қана қабылдауы бекер емес. Қырғыз парламенті ол шолуды қабылдамай тастап, оның авторын – ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілі Киммо Кильюненді «персона нон грата» деп жариялап, Қырғызстанға кіруіне тыйым салды.

Кильюнен парламенттің мұндай шешіміне «таң қалғанын» айтып, Қырғызстан тергеу комиссиясының шолуын дайындауға қатысқан ел аумағындағы құқық қорғаушылар мен белсенділердің тағдырына қатысты алаңдап отырғанын білдірген. Өкіл: «Мұны қалай айтуға болады? Егер болашақта осы сияқты халықаралық зерттеулер тәуелсіз жүргізілетін болса және оның артынан зерттеу қорытындысын шығарған адамдарға қысым
Қырғыз сарбаздары Ош әуежайының маңын күзетіп жүр. 14 маусым 2010 жыл.

көрсетілсе, ол өте қиынға айналмақ. Егер болашақта осындай жайттар жалғаса берсе, тәуелсіз зерттеулер жүргізу мүмкін болмай қалады» деген ой айтады.

Ош қырғынының атаулы күні жақындаған сайын қырғыз билігі бұл күнді өзіне қарата айтылған сындарды ескеруге және кейбір жағдайда өзінің бейбітшілікті нығайту ісіне беріктігін көрсетуге пайдаланып қалғысы келеді. Премьер-министр Алмазбек Атамбаев маусымның 6-сы күні Жалалабад қаласына барып, құрбан болғандар мен дүние-мүлкі, бизнесінен айырылғандардың отбасыларына мемлекет қазынасынан 1 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы бөлінеді деп уәде берді. Ал маусымның 10-ы күні Роза Отунбаева және үкімет пен парламенттің өзге де мүшелерінен тұратын үлкен делегация Ошта қырғын болған күнді ресми түрде атап өтеді.

ҚЫРҒЫЗСТАН ӨЗ ҰСТАНЫМЫН БІЛДІРГЕНІ ЖӨН

Дегенмен, Бішкектегі көңіл-күй әлі де жабырқаңқы тартып тұр. Азаттық радиосының Қырғыз қызметіне сұхбат берген «Ар-Намыс» партиясынан сайланған депутат Қаныбек Иманәлиев тергеу комитетіне қатысты билікті қатаң сынға алып, ұлтаралық мәселелерде шешім айтуға тек бір-ақ адам – ұлты орыс Валерий Тишковтың ғана біліктілігі бар екенін айтты. Ол Қырғызстанның ішкі күресін Батыстың бір кездері Орталық Азияда демократиялық шам-шырақ болған елді бүлдіруге бағытталған әрекеті деп ұйғарды.

Депутат сұқбатында: «Егер қырғыз парламенті өзінің саяси ұстанымын білдіре алмайтын болса, онда халықаралық қауымдастық Қырғызстанды адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптайтын болады. БҰҰ мәліметінше, бұл геноцидтен кейінгі ең ауыр қылмыс болып саналады. Мұндай айып ғасырларға созылып, бүкіл ұрпақтарымызға да таңба болады» деген пікір білдірді.

Ош қаласының әкімі Мелис Мырзакматов атаулы күннің қарсаңында қаланың айналасында қорғаныс бекеттерін орнатып, маңызды аудандарда полицияның санын арттыру арқылы қауіпсіздік шараларын күшейтті.
Ош қаласының әкімі Мелис Мырзакматов өзін жақтаушылардың алдында сөйлеп тұр. Ош, 20 тамыз 2010 жыл.

Алайда Азаттық радиосына берген соңғы сұхбатында ол өзіне «өзбек бизнесін басып-жаншыды» деп орынсыз сын айтылғанын жеткізді. Ош әкімі этникааралық жікшілдікті туғызатын кез-келген ұлттан шыққан қылмыскердің көзін жоюға дайын екенін білдірді.

Мелис Мырзакматов: «Меніңше, біз ұлтына қарамастан қылмыскерлер мен арандатушыларды табуымыз керек. Содан кейін ғана қоғам болып бейбітшілікті сақтай аламыз. Егер айрықша бір қырғын болса, бізді броньдалған техниканың, танктердің немесе генералдардың қорғамайтынын білесіз. Оштағы жағдай ерекше назар аударуды, аса сақ болуды қажет етеді. Бізге еркінсуге болмайды, үнемі қырағы болып жүруіміз керек. Сіз неге Ошты тастап кеткендердің тек өзбек бизнесмендері екенін жаза бересіз? Олардан басқа қаншама қырғыздың да Ошты тастап кеткенін білесіз бе?» деді Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG