Accessibility links

Өнертапқыш «жасартатын эликсирін» шығара алмай жүр


Маралдың мүйізін өңдейтін электр диірмені. Шығыс Қазақстан облысы, Шұбарағаш ауылы, 26 мамыр 2011 жыл. Сурет Анатолий Ковшиктің жеке архивінен алынды.

Маралдың мүйізін өңдейтін электр диірмені. Шығыс Қазақстан облысы, Шұбарағаш ауылы, 26 мамыр 2011 жыл. Сурет Анатолий Ковшиктің жеке архивінен алынды.

Өскемен қаласының тұрғыны Анатолий Ковшик адамды жасартатын «Пантомарал» эликсирін (биобелсенді өнімді) жасайтын технология ойлап тапқанын айтады.

Анатолий Ковшиктің «Пантомарал» атты эликсирді шығаруына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жасартатын дәрі ойлап табу жөнінде ғалымдарға берген тапсырмасы түрткі болған екен.

Оның сөзіне қарағанда, препарат Қытайдың дәстүрлі медицинасында мыңдаған жылдар бойы пайдаланылып келген бұғы мүйізі негізінде жасалады.

– Қытайлар бұғының мүйізін біздің елден алуға тырысады. Ал Қазақстанның бұғы шаруашылықтары кептірілген сапалы мүйізін қайда жіберерін білмей, кәдеге жарата алмай отыр. Біздің зерттеулеріміз бұғының кемеліне келіп түскен мүйізінен жасалған ұнтаққа қарағанда, кептірілген мүйіз ұнтағы адам ағзасына анағұрлым пайдалырақ екенін көрсетті, – дейді Анатолий Ковшик Азаттық тілшісіне.

МҮЙІЗ БЕН ҰНТАҚ

Анатолий Ковшиктің айтуынша, бұғы мүйізі мен кептірілген мүйіз ұнтағынан майда дисперсиялық өнім алу технологиясын Өскемендегі «Вибромаш УК» компаниясы жасап шығарған. Анатолий Ковшик – осы компанияның директоры.

– Өніміміздің сертификаты, денсаулық сақтау министрлігі берген арнайы рұқсаты бар. Ол әзірше Өскемендегі «Багратион» шаруа қожалығының сауда орындарында ғана сатылады, – дейді Ковшик.
Солдан оңға: "Вибромаш УК" директоры Анатолий Ковшик, шаруа қожалығы директоры Василий Воропай. Шығыс Қазақстан облысы, Шұбарағаш ауылы, 10 тамыз 2012 жыл. Сурет Анатолий Ковшиктің жеке архивінен алынды.

Солдан оңға: "Вибромаш УК" директоры Анатолий Ковшик, шаруа қожалығы директоры Василий Воропай. Шығыс Қазақстан облысы, Шұбарағаш ауылы, 10 тамыз 2012 жыл. Сурет Анатолий Ковшиктің жеке архивінен алынды.


Оның айтуынша, бұғының мүйізі мен оның кептірілген ұнтағынан өнім алу идеясын жүзеге асыруға Шығыс Қазақстанда бұғы өсірумен айналысатын көп салалы «Багратион» шаруа қожалығы көмектескен.

Өскемендік өнертапқыштың айтуынша, бұған дейін «Пантомаралдың» 25 күн ішетін пластик құтыдағы ұнтағы мен осы ұнтақ толтырылған желатин капсуласын шығарған «Вибромаш» заводы енді «Пантомаралды» таблетка түрінде өндірмек.

Биология ғылымдарының докторы, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қызметкері Александр Воробьев бұғы мүйізінен әзірленген тұнба мен қайнатпадағы пайдалы заттардың жеті пайызы ғана адам ағзасына сіңетінін айтады.

– Сондықтан біз авторға бұғының мүйізінен табиғи ұнтақ жасауға кеңес бердік. Сонда препараттың адамды жасартатын қасиеті алты-жеті есе артады, – дейді Александр Воробьев Азаттық тілшісіне.

Анатолий Ковшик ғалымдардың ұсынысын іске асыруға көп уақыт кеткенін айтады.

– Арнайы техникасыз ұнтақ алу мүмкін емес. Бұғының мүйізін де, кептірілген ұнтағын да жаныштау - өте қиын шаруа. Өйткені ол – табиғатта кездесетін ең берік, қатты материалдардың бірі. Бұрын оны ұнтақтайтын арнайы құрылғы болмаған, – дейді Анатолий Ковшик.

Оның айтуынша, ұнтақты көп көлемде шығару үшін мүйізді майдалайтын арнайы құрылғы – вибрациялық диірмен жасалыпты.

НАЗАРБАЕВПЕН КЕЗДЕСУ

Ковшиктің сөзіне қарағанда, ғылыми жетістік көрмелерінің бірінде оның жаңалығымен танысқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Егер мына «Пантомарал» деген препараттарыңыз сондай пайдалы болса, оны неге жарнамаламайсыздар?» деп сұрапты.
Мүйіз бен кептірілген ұнтағын жаныштау қиын. Ол – табиғаттағы ең қатты материалдың бірі. Бұрын мұндай құрылғы болмаған.

Анатолий Ковшик бұл шаруаның қаржыға тірелетінін, оған ақша жоқ екенін айтқанда президент Назарбаев жанындағы адамдарға қарап, «Енді болады!» деп нықтапты.

– Бірақ бұл кездесуден кейін де «Вибромаш» заводының қаржы тапшылығы шешілмеді, – деп шағымданады жаңалығын 2004 жылдан бері жүзеге асыра алмай жүргенін айтқан директор Ковшик.

Кейінгі жылдары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсыруымен қазақстандық зерттеушілер адам өмірін ұзартудың амалдарын іздестіріп жатыр.

2012 жылы қарашаның 1-і күні Назарбаев университетінің Өмір туралы ғылымдар орталығының директоры Жақсыбай Жұмаділов «адамның денсаулығын жақсарту арқылы өмірін ұзартатын» «Нәр» симбиотикалық биоөнімін таныстырды.

Назарбаев университетінде өткен «Регенерациялық медицина мен сапалы ұзақ өмір сүру» атты екінші халықаралық конференция кезінде:

- Бүгін көптеген сауалдар «Нәр» биоөніміне қатысты туындады. Ия, осындай биоөнім бізде жасалды. Ол зертханалық сынақтан өтті. Қазіргі уақытта клиникалық сынаудан өтуде. Дегенмен, мен бір ғана биоөнім ұзақ өмір сүру мәселесінің шешім болып табылмайтындығын баса айтқым келеді. Бұл ең біріншіден денсаулық сапасын жақсартуға бағытталған. Ал денсаулық ұзақ өмір сүру кепілі, - деді Жақсыбай Жұмаділов журналистерге.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG