Accessibility links

Мәсімовтің «жай жұмыс сапарымен» жүргені енді анықталды


Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов. Астана, 23 мамыр 2014 жыл.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов. Астана, 23 мамыр 2014 жыл.

Қазақстан премьері Кәрім Мәсімовтің кей аймақтарға сапары жергілікті жұртқа қолайсыздық тудырғаны хабарланды. Оның баспасөз қызметі мұндай оқиға болғанын жоққа шығарады.

Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен қаласы тұрғындары премьер-министр қызметіне тағайындалған соң аймақтарды аралап жүрген Кәрім Мәсімовтің жолы осы қалаға түскені өздеріне жайсыз болғанын айтады.

«ШЕНЕУНІК – ХАЛЫҚ ҮШІН»

Жергілікті Flash сайтының жазуынша, шілденің 13-і күні «Зыряновск – Защита» бағытындағы пойыз жолға екі жарым сағат кешігіп шыққан. Жолсеріктер пойыздың кешігуін премьер-министрдің Өскеменге келуімен байланыстырған. Соның салдарынан Өскеменге бір сағаттай кешігіп, түнгі сағат 22-30 шамасында жеткен пойыз жолаушылары қоғамдық көліктер тоқтап қалғандықтан үйлеріне жаяу-жалпы қайтқан.

Өскемен тұрғыны Алексей Божков «мұндай оқиғаларға жергілікті тұрғындар үйреніп қалғанын» айтып мысқылдайды.

– Жоғары жақтан біреу келген сайын орталық көшелердегі жол қозғалысына шектеу қойылады. Соның салдарынан бара жатқан жерімізге кешігеміз. Бағдаршамдарды өшіреді. Көше қиылыстарына жол реттеуші шығады, көлік кептеліп қалады, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

«Халық шенеуніктер үшін емес, шенеуніктер халықтың жағдайын жақсарту үшін қызмет етіп жүргенін» айтқан Алексей Божков мұндай жағдай болмауы керек деп біледі.

Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің өткен аптада Өскеменнен бұрын Ақтөбе, Орал және Қостанай қалаларына да барғаны хабарланған. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл қалалардың кейбірінде де орталық көшелер жабылып, тұрғындардың қолайсыздықтарға тап болғанын жазған.

«Бұл нағыз балабақша ғой! Азаматтар өте наразы, билік келгенше бізді қой сияқты күткізіп қойды» деп ренжиді интернет қолданушылардың бірі.

«ТҰРҒЫНДАР АЙТТЫ ЕКЕН ДЕП ЖАЗА САЛУҒА БОЛМАЙДЫ»

Азаттық тілшісі тұрғындар айтқан қолайсыздықтардың себебін білмекке премьер-министрдің кеңсесіне хабарласқан еді. Баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары Думан Хамитұлы Flash сайтының Өскеменде болды деп сипаттаған оқиғасын жоққа шығарды.

– Өскеменде пойыз кешікті деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Интернетте жарияланған нәрсені қайдан алғанын соны жазған тілшінің

Өскеменге барар жолда тұрған полицейлер. (Көрнекі сурет)

Өскеменге барар жолда тұрған полицейлер. (Көрнекі сурет)

өзінен сұраңыздар. Тұрғындар айтты екен деп жаза салуға болмайды ғой, – деqді ол.

Думан Хамитұлы премьер-министрдің іссапарына байланысты түрлі қалалардағы жол қозғалысы заңға сәйкес шектелгенін айтты.

– Премьер-министр – президенттен кейінгі екінші тұлға. Оны жол полициясының көлігімен алып жүруге құқығы бар. Заңға сәйкес кортежді алып өткенде жол жабылады, – дейді премьер-министрдің баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары Азаттық тілшісіне.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) бұған дейін премьер-министрдің аймақтарға сапары «құпия түрде өтіп жатқанын», ол жақтарға не үшін барғаны тіпті жергілікті әкімшіліктерге де жұмбақ болғанын жазған еді. Премьер-министр қатысқан жиындар мен кездесулерге тіпті мемлекеттік БАҚ өкілдері де шақырылмағаны көпті таңғалдырған.

Жай жұмыс сапары ғой, сондықтан БАҚ-қа хабарлама жіберген жоқпыз.

Премьердің баспасөз қызметінің өкілі мұны: «Жай жұмыс сапары ғой, сондықтан БАҚ-қа хабарлама жіберген жоқпыз» деп түсіндірді.

Бұған дейін 2007-2012 жылдары Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарған Кәрім Мәсімов 2014 жылы көктемде бұл қызметке қайта оралған еді.

Ол 2007 жылы осы қызметке алғаш тағайындалғанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа айтқан: «Сіздің көмекшіңіз болғанмын, қазір де көмекшіңізбін, болашақта да әркез көмекшіңіз болып қала беремін» деген сөзін 2014 жылы да қайталаған.

Кәрім Мәсімовтің екінші мәрте премьер-министр болуы Қазақстан қоғамында әртүрлі жорылып, көптеген болжамға ұласқан.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG