Accessibility links

Зейнеткерлер баласының өліміне қатысы бар адамдарды іздейді


37 жасында қаза тапқан Григорий Тарасовтың әке-шешесі - Владимир (74 жаста) мен Валентина (70 жаста) Тарасовтар полиция ғимараты алдында аштық жариялап отыр. Өскемен, 16 қараша 2015 жыл.

37 жасында қаза тапқан Григорий Тарасовтың әке-шешесі - Владимир (74 жаста) мен Валентина (70 жаста) Тарасовтар полиция ғимараты алдында аштық жариялап отыр. Өскемен, 16 қараша 2015 жыл.

2013 жылдың ақпанында қаза тапқан шығысқазақстандық бизнесмен Григорий Тарасовтың әке-шешесі баласының қазасына қатысты тергеу амалдарын қайта жаңғыртуды сұрап, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жүгінбек. Жуырда қылмыстық істі тағы бір тергеу тобы жапқан.

Осы аптада 74 жастағы зейнеткер Владимир Тарасов Шығыс Қазақстан облысы прокуроры Бағбан Тайымбетовтің қабылдауына кірді. Ол әйелі екеуі қолмен жазып, прокурорға табыстаған 12 беттік арызында 2013 жылы қаза тапқан баласы Григорий Тарасовтың қазасына қатысты жайттарды тексерген ішкі істер министрлігіне қарасты тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Талғат Ібікеновтің істі тоқтату туралы қаулысының күшін жоюды сұрайды.

Ерлі-зайыпты Тарасовтар облыс прокурорына арналған арызында «Қазіргі сәтте қылмыстық істі тоқтату – ессіздік қана емес, ауыр қылмысты жасырып қалу амалымен жасалып отырған тікелей қылмыс» деп жазған.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТІ ТОҚТАТУ

39 жастағы бизнесмен Григорий Тарасовтың қазасына қатысты істі тергеу үшін былтыр подполковник Талғат Ібікеновтің басқаруымен кезекті топ құрылған. Алдыңғылар сияқты бұл топ та «қылмыс құрамы жоқ» деген ұйғарыммен істі тоқтату қажет деп шешкен.

Қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы.

Қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы.

Подполковник Талғат Ібікенов қылмыстық істі тоқтату туралы 2015 жылдың 26 желтоқсанында шығарған қаулысында «2013 жылдың 23 ақпанында Шығыс Қазақстан облысы Бұқтырма су қоймасы жағасындағы «Инкар» демалыс орны территориясында орналасқан саяжай үйінің моншасының кіреберіс дәлізінен «денесінде жарақат белгілері бар» Григорий Тарасовтың денесі табылды» деп жазады. Тергеу болжамынша, ол жазатайым жағдайдан – моншаның су жылытатын қазандығы жарылып мерт болған. Ал үш күннен кейін қылмыстық іс қозғаудың қажеті жоқ деген ұйғарым жасалған.

Қаза тапқан жігіттің әке-шешесінің шағымы ескеріліп, Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы 2013 жылдың 9 қыркүйегінде бұл шешімнің күшін жойған әрі «Абайсызда адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалған. 2014 жылдың наурызында бас прокуратураның тапсырмасымен қылмыстық іс «Айрықша қатыгездікпен кісі өлтіру» бабына, ал кейін «Алдын ала келісіп әрі топтасып айрықша қатыгездікпен кісі өлтіру» бабына ауыстырылған. Мұны жәбірленуші Тарасовтар өтініш, шағымдарында талап еткен.

Григорий Тарасовтың әке-шешесі жазған шағым хат.

Григорий Тарасовтың әке-шешесі жазған шағым хат.

Подполковник Ібікенов қылмыстық істі жабуды ұйғарған қаулысында «Г.В.Тарасовтың жазатайым оқиға салдарынан мерт болғаны анықталғанына қарамастан, оның әке-шешесі В.Г.Тарасов пен В.Ф.Тарасовадан балаларын В.В.Петров пен О.В.Тарасова және өзге де белгісіз адамдар пайдакүнемдік мақсатымен алдын ала келісіп әрі топтасып айрықша қатыгездікпен өлтірді деген күдік, уәждерін келтірген көптеген шағым, өтініштер түсе бастаған» деп жазады.

Қылмыстық істі тоқтату туралы түпкілікті шешімді Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы шығаруы тиіс. Бірақ прокурордың қабылдауында болған қаза тапқан жігіттің әкесі облыстық прокурор Бағбан Тайымбетовпен кездесуден онша нәтиже күтпейді.

– Ол хатымды оқымастан, прокурор Оспановтың атына «Баяндалсын» деген бұрыштамасын қоя салды. Соған қарағанда облыстық прокуратура тергеуші Ібікеновтің қаулысымен келісетін шығар, – дейді Владимир Тарасов.

Зейнеткер Тарасов мұндай қарым-қатынастан кейін президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жүгіну керек деген ой келгенін айтады. Баласының қазасына қатысты жайттарды мұқият тексеруді жаңғырту үшін Астанаға бес мәрте ұшып барған Владимир Тарасовты президент әкімшілігі мен бас прокурор қабылдаған, ол парламент депутаттары мен президенттік «Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдауынан көмек сұраған.

АЗАПТЫ ӨМІР

Шығыс Қазақстан облысы Глубокий ауданындағы Белоусов ауылы тұрғындары Владимир мен Валентина Тарасовтар баласының қазасына қатысты жайттарды «жан-жақты» тексеруді талап етіп, аштық түрінде үш рет наразылық акциясын өткізген.

Тарасовтардың талабы.

Тарасовтардың талабы.

Олар «Бизнесін тартып алу мақсатында баламызды алдын ала келісіп әрі топтасып айрықша қатыгездікпен өлтірген» деп болжайды. «Үлбі-фтор» компаниясы құрылтайшысы Григорий Тарасовтың кәсіпорында 70 пайыз үлесі болған. Тарасовтардың болжамынша, Ресейге «стратегиялық маңызы» бар шикізат сатумен айналысқан баласының қазасына ол жақтағы әлдебір күштер мүдделі болуы мүмкін.

Тарасовтар бұл болжамының дәлелі ретінде баласының қазасының тікелей себептерін анықтау үшін жүргізілген сараптама ұйғарымдарында «қайшылық бар» деген уәж айтады. Олардың айтуынша, істі тексеріп кеткен тергеу топтарының бәрі «полицейлердің арасындағы жұртқа мәлім корпоративтік ынтымақтастық» танытып, қылмыстық істі тоқтату туралы негізсіз қаулылар шығарған.

– Әйелім екеуміз де әке-шешесіз өсіп едік. Міне, енді тағы жетім қалдық. 2003 жылы қызым 37 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды. 2013 жылы ұлымды өлтіріп кетті. Келінімнің қолында баламнан қалған қыз бар. 2013 жылдың қыркүйегінде келінім мұраны иеленген соң, құдамыз хабарласып «Сіздермен туыстығымызды үземіз» деді. Енді тіпті өсиетхатымызды қалдыратын да ешкіміміз жоқ, мүлде жетім қалдық, – дейді Владимир Тарасов.

Тарасовтар ақырына дейін табандылық танытуға бел буып отыр. Қарттар «заңды мүмкіндіктің бәрін пайдаланып, шындыққа жету үшін қалған өмірімізді сарп етуге әзірміз» дейді.

Қаза болған Григорий Тарасовтың моншаның кіре берісінде шашылып қалған сүйектері мен ми қалдықтары 2013 жылдың 20 наурызында жерленген. Қосымша сот-медициналық сараптама жасау үшін оның мүрдесіне 2013 жылдың қарашасында эксгумация жасалған. Тарасовтар түпкілікті, жан-жақты әрі әділ сараптама жүргізу үшін балаларының мүрдесін мәйітханада сақтауды талап етеді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG