Accessibility links

Медаль жайлы уәдесін орындаған паралимпиада жүлдегері


Раушан Қойшыбаеваның медаль алған сәті. Рио-де-Жанейро, 11 қыркүйек 2016 жыл.
Раушан Қойшыбаеваның медаль алған сәті. Рио-де-Жанейро, 11 қыркүйек 2016 жыл.

Риодағы паралимпиадада пауэрлифтингтен күміс жүлде алған 50 жастағы Раушан Қойшыбаева - үш қыздың анасы. Ол Азаттық тілшісіне тағдыры жайында, спорттағы жолы туралы әңгімелеп берді.

Рио паралимпиадасында пауэрлифтингтен 67 килограмм салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлде алған Раушан Қойшыбаеваның спортпен айналыса бастағанына бес-алты-ақ жыл болған. Ал халықаралық бәсекеге шыға бастағаны - екі-үш жылдың маңайы.

Рио паралимпиадасында ол алғашқы мүмкіндігінде 108 килограмм штанганы көтерді. Екінші мүмкіндігінде Раушан 113 килограмм салмақты көтеруін көтерген еді. Алайда шынтағы сәл бүгіліп кеткені үшін төрешілер оның бұл жолғы еңбегін есептемей тастады. Қазақстандық атлет 113 килограмм штанганы үшінші рет шыққанда ғана даусыз көтерді.

Раушан Қойшыбаеваның паралимпиада ойындарында штангаға келген сәті. Рио-де-Жанейро, 11 қыркүйек 2016 жыл.
Раушан Қойшыбаеваның паралимпиада ойындарында штангаға келген сәті. Рио-де-Жанейро, 11 қыркүйек 2016 жыл.

Күміс жүлдеге Раушанмен египеттік Амал Махмуд таласып бақты. Ол соңғы шығарында 108 килограмм көтеріп, Раушан Қойшыбаевамен тең түсіп тұрған болатын. Үшінші және соңғы мүмкіндігінде Махмуд 113 килограмды көтере алмай, Қазақстан спортшысына жол берді. Ал Рио паралимпиадасының чемпионы болған қытайлық спортшы Тан Южиао (Tan Yujiao) 138.5 килограмм салмақ көтеріп, әлем рекордын жаңартты.

- Қытайлық атлетпен бәсекеге түсу қиын екенін түсіндім. Негізгі қарсыласым египеттік атлет болды. Ол 2012 жылы Лондондағы паралимпиадада ол қола алған еді, - дейді Раушан Қойшыбаева.

ЖҮЛДЕГЕРДІҢ ОТБАСЫ

Раушан Қойшыбаева 1990 жылы ауыр жарақат алып, екі аяғын тізесінен төмен кесіп тастаған. Спортшы бұл оқиғаны есіне алғысы келмейді. Бұл тараптағы әңгімесін «Апат туралы айтқым келмейді. Ол - өткен өмір» деп қысқа қайырды.

Паралимпиададағы пауэрлифтинг

Паралимпиададағы пауэрлифтинг

Күш жарыстыратын спорт түрінің мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделген нұсқасы. Паралимпиадада пауэрлифтингшілер шалқадан жатқан күйі штанганы кеудесінен итеріп көтереді. Атлеттер салмақ дәрежелері бойынша жарысады. Ең ауыр штанганы көтерген спортшы жеңімпаз атанады. Тең түскен жағдайда жеңіс денесі жеңіл спортшыға беріледі.

Раушан Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматы облысындағы Шонжы ауылына (Ұйғыр ауданы – ред.) тұрмысқа шыққан атлет қазір жолдасымен бірге үш қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғышы – 12, екінші қызы - 11, кенжесі - 9 жаста. Спортшының айтуынша, бірнеше жыл бұрын әке-шешесі өмірден өткен. Жақын туыстарының барлығы Қызылорда облысында, ал өздері бала-шағасымен Шонжы ауылында тұрады. Ол паралимпиада жүлдесіне ерінің, жақын туыстарының қолдауы арқасында жеттім деп біледі.

- Паралимпиадаға қатысуды армандадым. Төрт жыл бойы осы мақсатқа жету үшін жаттықтым. Балаларымды мектепке тастап кетем де жаттығу залына барамын. Жолдасым жұмыста болады. Жаттығудан келе жатып қыздарымды мектептен алып кетемін. Ал соңғы алты айда үйде болмадым. Менің басты қолдаушым - жолдасым. Жаттығуға кеткенде енем екеуі балаларыма ие болып қалды. Отбасыма, жақындарыма осындай қолдау көрсеткендері үшін көп рахмет, - дейді ол.

ӘЛЕМДІК РЕЙТИНГТЕГІ ЕКІНШІ ОРЫН

Раушан Қойшыбаева паралимпиадаға Талдықорған маңындағы Текелі қаласында және Алматыда дайындалған. Жеке бапкері - Денис Орлов. Спортшының айтуынша, дайындыққа кеткен бүкіл шығынды мемлекет көтеріп алған.

- Риоға кетер алдында президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдағанда жүлдемен келемін деп уәде берген едім. Сол уәдемді орындағаныма өте қуаныштымын, - дейді паралимпиада жүлдегері.

Раушан Қойшыбаева Рио паралимпиадасынан кейін пауэрлифтингтен 67 килограмм салмақ дәрежесі бойынша әлемдік рейтингте 2-орынға шықты. Рейтингтегі бүгінгі орнына жету оңай болмаған - спортшы халықаралық жарыстарға қатысқан сайын нәтижесін жақсартуға тер төккен. 2013 жылы Дубайда өткен әлем чемпионатында (алғашқы халықаралық жарысы – ред.) 13-орын алса, 2014 жылы Инчхондағы (Оңтүстік Корея – ред.) Паразия ойындарында 6-орынға көтерілді. 2015 жылы Алматыда өткен Азия чемпионатында ол 106 килограмм салмақ көтеріп, күміс жүлде иеленді.

Раушан Қойшыбаева марапаттау рәсімінде тұр. Рио-де-Жанейро, 11 қыркүйек 2016 жыл.
Раушан Қойшыбаева марапаттау рәсімінде тұр. Рио-де-Жанейро, 11 қыркүйек 2016 жыл.

Спортшы енді жыл соңына дейін демалып, 2017 жылы қаңтарда жаттығуды қайта бастамақ. Өйткені, сол жылы қыркүйекте Монреальда (Канада) әлем чемпионаты өтеді. Раушан Қойшыбаева 2020 жылы Токиода өтетін паралимпиадаға қатысқысы келетінін де айтты.

Қазақстан спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы паралимпиада жүлдегерлеріне берілетін сыйақы көлемі олимпиада жүлдегерлерімен теңесетінін айтып, алтын жүлдеге - 84 миллион теңге (шамамен 247 мың доллар), күміс жүлдеге 50 миллион теңге (шамамен 150 мың доллар) берілетінін мәлімдеген еді.

Қыркүйектің 7-сі мен 18-і күндері өткен Рио-де-Жанейродағы паралимпиада ойындарына Қазақстаннан 11 спортшы барды. Бұл ел паралимпиадада бір алтын, бір күміс медальмен жалпы есепте 58-орын алды. Алтынды жүзуден Зүлфия Ғабидуллина иеленді.

XS
SM
MD
LG