Accessibility links

Паралимпиадаға Қазақстаннан 11 спортшы барды


Рио паралимпиадасына қатысатын жүзгіш Зүлфия Ғабудиллинаның (сол жақта) жаттықтырушысымен түскен суреті. Фото Қазақстан паралимпиада комитетінен алынды.

Рио паралимпиадасына қатысатын жүзгіш Зүлфия Ғабудиллинаның (сол жақта) жаттықтырушысымен түскен суреті. Фото Қазақстан паралимпиада комитетінен алынды.

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында басталған жазғы паралимпиада ойындарына 161 елден барған 4 мыңнан астам спортшы қатысып жатыр.

Мүмкіндігі шектеулі спортшылар қатысып жатқан Рио паралимпиадасының ашылу салтанаты қыркүйектің 8-іне ауған түні (Астана уақытымен айтқанда – ред.) Маракана стадионында өтті. Бұл салтанатты шарада Қазақстан туын Әнуар Ахметов ұстап шықты. Ол жарыстарға жүзу спортынан қатыспақ. Риодағы паралимпиадаға Қазақстаннан жиыны 11 атлет барған.

- Паралимпиадаға екінші рет қатысып жатырмын. Лондонда [2012 жылы] өткен паралимпиаданың ашылу салтанатында да ту ұстап шықтым. Риода медаль алу үшін барымды саламын. Паралимпиадаға жақсы жаттықтық. АҚШ-тың Колорадо қаласы мен Бразилияның Аракажу қаласында дайындалдық, - дейді Әнуар Ахметов Азаттыққа.

Паралимпиадаға қатысушы Әнуар Ахметов (Суретті Қазақстан паралимпиада комитеті ұсынды).

Паралимпиадаға қатысушы Әнуар Ахметов (Суретті Қазақстан паралимпиада комитеті ұсынды).

Қазақстан әзірге жазғы паралимпиада ойындарында медаль алған емес. Бірақ осы жолы Қазақстан делегациясы Әнуар Ахметовтен үміт күтеді. Әнуар 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарында екі алтын, үш күміс медаль иеленген. Көзі нашар көретін атлет жүзу спортымен 2008 жылдан бері айналысады. Ол Риода жүзуден болатын төрт-бес жарысқа қатыспақ.

Ахметовтен бөлек паралимпиадаға жүзгіштер - Роман Агалаков, Наталья Звягинцева және Зүлфия Ғабидуллина, дзю-додан Әнуар Сариев, Орынбасар Құралбай, пауэрлифтингтен (салмақ көтеріп күш жарыстыру – ред.) Гүлбану Әбдіхалықова, Раушан Қойшыбаева және Вадим Дукарт барды. Жеңіл атлетикадан Аманат Қалқаев, садақ атудан Александр Медведев бақ сынайды.

Қазақстан құрамасының жүлде алады деп үміт күткен атлеттері жалғыз Әнуар Ахметов емес. 50 жастағы жүзгіш Зүлфия Ғабидуллина - 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарының чемпионы, мұның алдында Лондон паралимпиадасына қатысқан. Алты жасында жол апатына ұшырап, аяғы сал болып қалған атлеттің спортпен айналысып келе жатқанына ширек ғасыр толды.

Паралимпиадаға екінші рет қатысып жатырмын. Лондонда [2012 жылы] өткен паралимпиаданың ашылу салтанатында да ту ұстап шықтым. Риода медаль алу үшін барымды саламын.

Паралимпиадаға барған Қазақстан атлеттерінің көбі халықаралық жарыстардың жүлдегерлері. Дзюдошы Әнуар Сариев 2015 жылы Оңтүстік Кореяда көзі нашар көретіндер арасында өткен әлем біріншілігінде қола медаль иеленіп, жолдаманы сол жарыста жеңіп алған. Қазір ол өз салмағында әлемдік рейтингте 6-орында тұр. Наталья Звягинцева - жүзуден Инчхонда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері. Ал жеңіл атлет Азамат Қалқаев сәуірде Дубайда өткен Азия чемпионатында 100 метрге жүгіруден алтын медаль алды.

1996 жылы темір жолда жұмыс істеп жүргенде пойыз қағып кетіп, бір аяғынан айырылған Александр Медведев - садақ атудан Азия ойындарына қатысқан, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Паралимпиадаға пауэрлифтингтен қатысатын атлеттер де Рио жолдамасын халықаралық нормативтерді орындап барып алған.

РЕСЕЙДІҢ БІР ЖОЛДАМАСЫ ҚАЗАҚСТАНҒА БЕРІЛДІ

Қазақстан паралимпиадаға бастапқыда 10 жолдама алған болатын. Кейін Халықаралық паралимпиада комитеті допинг дауы кесірінен Ресей құрамасын Риодағы паралимпиададан шеттеткеннен кейін дзюдодан бір жолдаманы Қазақстанға берген. Бұл лицензияны Азия чемпионы Құралбай Орынбасар алды. Өз командасының Риодағы ойындардан шеттетілгеніне наразы Ресей қазір Мәскеу облысында паралимпиадаға балама жарыс ұйымдастырып жатыр.

Қыркүйектің 18-іне дейін жалғасатын Риодағы паралимпиадаға 161 елден 4 мың 300-дей спортшы қатысып, 28 спорт түрінен медальдар беріледі. Риоға Өзбекстаннан - 32, Қырғызстаннан - үш, Түркменстаннан - екі, Тәжікстаннан бір спортшы қатысады.

2012 жылы Лондонда өткен паралимпиадаға Қазақстаннан жеті спортшы барған болатын.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG