Accessibility links

Конституция еш сайлаусыз билік құруға хақы бар «елбасымен» толықты


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан республикасының президенті

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан республикасының президенті

Жұма күні Қазақстан парламентінің қос палатасы бірлескен сессия өткізіп, конституцияға президент Назарбаевтың өкілетін саяси сайлаусыз ұзартып отыруға негіз болатын өзгерістер енгізді. Оппозиция өкілдері Назарбаевтың парламентті таратып жіберіп, 2012 жылғы сайлауға түсуін қалайды.


Қаңтардың 14 і Қазақстан конституциясының екі бабына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы бірауыздан қабылданған шешімді жария етіп тұрып мәжіліс спикері Орал Мұхамеджанов былай деп салды:

- Біз бүгін шын мәнінде тарихи заң қабылдадық. [Бұл заң] қазіргі президентіміздің өкілеттігін ұзарту жөніндегі республикалық референдумды өткізу үшін нақты конституциялық негіз болып табылмақ. Осылайша республикалық референдум өткізу жөніндегі бастаманы қолдаған бес миллионнан астам қазақстандықтардың ерік жігерін іске асыру үшін барлық мүмкіндіктер қамтамасыз етілетін болады.

Конституциялық заң жобалары парламенттің екі оқылымда қаралуы тиіс. Соған қарамастан қос палатаның депутаттары бір жолғы отырыста екі оқылымды қатар өткізіп, конституцияның екі бабына өзгертулерді жедел түрде енгізіп жіберді. Аталған ұсыныстарды 44 сенатор мен 106 мәжіліс депутаттары бір ауыздан қолдады.

«ЕЛБАСЫН» НЕГІЗГІ ЗАҢҒА КІРГІЗУ

Жұма күнгі шешім бойынша конституцияның 46-бабының 4-тармағындағы «Қазақстанның тұңғыш президенті» деген сөзге сызықша арқылы «елбасы» деген сөз жалғанды. Яғни, «елбасының» ерекше мәртебесі мен өкілеті конституциялық заңмен айқындалады.
Қазақстан парламентінің бірлескен отырысы. Астана, 14 қаңтар 2011 жыл

Сонымен қатар, Конституцияның 42-бабындағы 5-тармағына да өзгерту енгізілді. Мәтін «Бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу президенттік өкілеті республикалық референдумда ұзартылуы мүмкін Қазақстан республикасының тұңғыш президентіне-елбасыға қолданылмайды» деп толықты (қарамен көрсетіліп, асты сызылған сөздер – қазанның 14-і енгізілген түзетулер – ред.).

Конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі, заңгер Қабылсаят Әбіш бүгін парламент қабылдаған заңға сәйкес Азаттық радиосына былай деп түсініктеме берді:
Президент сайлауға түспейді, оның өкілетін халық арнайы бір уақытқа ұзартып бере алады.

- Бұл конституцияға кірген жаңа норма, жаңа бап. Бұрынғы бап бойынша президент қалай да болса сайлауға түсу керек еді. Бүгінгі өзгертілген 42-баптың 5-тармағына кірген өзгеріске байланысты президенттің өкілеті референдуммен ұзартылады. Яғни президент сайлауға түспейді, оның өкілетін халық арнайы бір уақытқа ұзартып бере алады. Ол 10 жыл ма, 20 жыл ма, я 15 жыл ма, оны халық өзі референдумда шешеді.

ПРЕЗИДЕНТ РАС ҚАРСЫ БОЛСА ШЕ?

Парламент қабылдаған заңға президенттің қол қоюы-қоймауы туралы мәселе парламентте көтеріліп қалды. Бұл туралы мәжіліс депутаты Ирак Елекеев Азаттық тілшісіне былай деді:

- Егер қол қоймаса референдумға жіберу керек міндетті түрде. Біз Конституцияға ғана өзгеріс енгіздік бүгінгі отырысымызда. «Елбасы» және өкілеттігін ары қарай ұзартуға референдум арқылы болады деген.

Конституцияның 91-бабының 1-тармағына сәйкес президент әлі де парламенттің ұсынысын кері қайтарып, әуелі референдум өткізу туралы ұсыныстың өзін жалпыхалықтық референдумға шығара алады. Егер президент парламенттің жұма күнгі ұсынысын қабылдамай тастаса, онда дәл осы бапқа сәйкес парламент мүшелерінің бестен төрті дауыс берген жағдайда ол заң бәрібір күшіне енеді.

Қабылсаят Әбіштің айтуынша: «Егер президент қол қоймаса, онда ол заң он күннің ішінде бәрібір күшіне енеді. Бұл туралы Конституцияда арнайы бап бар».

ЖАСАНДЫ ДАҒДАРЫС

Жұма күнгі «тарихи заңға» қатысты Азаттық радиосына пікір білдірген тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Владимир Козлов былай дейді:

- Мен президент Назарбаевтың енді не істейтінін білмеймін, бірақ не істеуі тиіс екенін білем. Ол парламентті мүлдем таратып жіберуге тиіс, депутаттарды «халық қалаулылары емес, ләббайшыл малайсыңдар» деп сөгіп, жаңа парламент сайлауын жариялауға тиіс. Сосын 2012 жылғы сайлауға түсуі керек.
Ол парламентті мүлдем таратып жіберуге тиіс.

Заңгер Сергей Уткин Қазақстанда президент парламентті таратып жіберетіндей конституциялық, я саяси дағдарыстың нышаны да көрінбейтінін айтады. Бірақ, қолдан жасалған дағдарыстың бар екенін жоққа шығармайды.

- Парламенттің президент ветосын еңсергенін «дағдарыс» деп атаса болатын шығар. Президент бір жаққа тартады-мыс, парламент екінші жаққа сүйрейді-міс. Сөйтіп, биліктің екі ірі тармағы соқтығысып қалғандай көрінеді. Бірақ, шын мәнінде ешқандай теке-тірестің жоқ екенін бәріміз де біліп отырмыз ғой. Мұның бәрі көз үшін жасалған нәрсе, - деді заңгер Азаттықтың тілшісіне.

Саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, президент конституцияға енгізілген өзгертулерге қол қоймаған күннің өзінде өткен жаздағы оқиға сияқты қос спикер мен премьер министр қол қойып, мәселені шеше салуы ғажап емес. Сарапшының пайымдауынша, президент Назарбаев бір айдың көлемінде парламенттің шешіміне қатысты жауабын беруі тиіс. Ол референдумның бәрібір өтетініне еш шүбә келтірмейтінін жасырмады.

- Қол қоймағанның өзінде, өткен жылғы «елбасы» туралы заң қабылданған кезде қалай қабылданғаны есіңізде ме? Сол сияқты мұнда да мүмкіндіктері бар. Яғни бұл жерде әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Соңғы кездері елдегі болып жатқан оқиғалардың қисыны осы референдумға апара жатқан сияқты, - деді ол Азаттық радиосына.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Президент Назарбаевтың өкілетін жалпыхалықтық референдум арқылы ұзарту бастамасы шыға салысымен бұл акцияға қатысты ең бірінші болып және екі мәрте ұстанымын жариялаған АҚШ болды. Әуелі АҚШ үкіметі президент билігі референдум арқылы ұзарып жатса, мұның Қазақстан үшін демократиялық тұрғыдан алғанда «кері кету» екенін ескертті.

Кейін Қазақстан президенті парламенттің ұсынысын қабылдамайтыны туралы жарлық шығарғанда, АҚШ үкіметі іле-шала бұл шешімді құптайтынын жеткізді.

Қаңтардың 14-і күні Қазақстан парламентінің қаулысы шыға салысымен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы да бұл шешімге қатысты сыни көзқарас білдірді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары бойынша кеңсесінің басшысы Янез Ленарчич референдум ешқашан тұрақты сайлаудың орнын баса алмайтынын шегелеп айтқан.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін ұзарту жөніндегі референдум өткізу ЕҚЫҰ мүшесі Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сай келмеген болар еді деп атап көрсетті Ленарчич.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG