Accessibility links

Заң жобасын талқылауда мемлекеттік тіл мәселесі де айтылды


Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан мәдениетке қатысты заң жобасын талқылаған жиында отыр. Астана, 29 қыркүйек 2016 жыл.
Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан мәдениетке қатысты заң жобасын талқылаған жиында отыр. Астана, 29 қыркүйек 2016 жыл.

Парламенттің жұмыс тобында мәдениетке қатысты заң жобасын талқылаған депутаттар мен азаматтық қоғам өкілдері кітап пен кино мәселесіне ұзақ кідірді.

Қыркүйектің 29-ы күні Қазақстан парламенті мәжілісінің әлеуметтік және мәдени мәселелер комитетінде «Кейбір заңнамалық актілерге мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқыға түсті. Жиынға депутаттар, кино және театр саласы мамандары, парламенттік емес партиялар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

«ҚОҒАМДЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ӘДЕБИЕТ»

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан жүргізген жиын 2006 жылы қабылданған «Мәдениет туралы» заңның 13-бабына толықтыру мен өзгертулер енгізу жайын талқылады.

Мәжіліс депутаты Майра Айсина таныстырған заң жобасының алғашқы өзгерісі бойынша, мемлекеттік тапсырыспен жасалған басылымдар таралымын қазіргі 2 данадан 5 мыңға дейін ұлғайту көзделген. Депутаттың сөзінше, таралым санын Қазақстандағы кітапханалар санымен (5 мың) теңдестіру жазушылар қаламақысын көтеруге де мүмкіндік береді.

Қазір авторлардың гонорары 600 мың теңге шамасында.

– Қазір авторлардың гонорары 600 мың теңге шамасында. Таралымды 2 мыңнан 5 мыңға көбейту 2 миллиард теңгеге жуық қаражат талап етеді. Бірақ бүгінгі мына қаралып отырған бюджетте 800 миллион теңге бар. Сондықтан бәрін қосқанда 1,5 миллирд қосымша қаражат қажет. Қазір үш жылдық бюджет қаралып жатыр ғой. Соған осы ұсынысымызды қосып отырмыз, – дейді депутат Майра Айсина.

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов баяндамашы Майра Айсинадан «осы әдебиеттің қоғамдық маңызы барын қандай критерийлер анықтайтындарын» сұрады.

– Көп жағдайда министрге маңызы бар кітаптардың қоғамға маңызы жоқ. Сол критерийлерді кім қалай анықтайды? Сіздер шығарған мұқабасы жылтыраған, іші ұранға толы кітап сөреде сол бойы тұрмай ма? – деді Берік Дүйсенбинов.

Майра Айсинаның айтуынша, мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы көркемдік кеңес комиссиясы жылына келген 1500-дей ұсыныстың арасынан 200-ін іріктеп алады.

– Жаңа өзгерістер бойынша, мемлекет тарапынан ақша төленетін болғасын елдің сұраныстарына байланысты талап та қойылады, – деді Майра Айсина

«ДУБЛЯЖДЫҢ ШЫҒЫНЫ КӨП»

Жиын барысында жаңа заңның «2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанға әкелінетін барлық фильмдерге қазақ тілінде кадрдан тыс аударма және субтитр түріндегі аударма немесе дубляж жасалуға тиіс» деген тұсы ұзақ талқыланып, қызу пікірталас тудырды.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер істері департаменті директоры Ақтоты Райымқұлова қазіргі қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңның «Қазақстанға әкелінетін барлық фильмдерге қазақ тілінде дубляж жасалуға тиіс» дейтін бабының шығыны көп екенін, сондықтан іске аспай отырғанын айтады.

Ақтоты Райымқұлова, мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер істер бойынша департаменті директоры. Астана, 29 қыркүйек 2016 жыл.
Ақтоты Райымқұлова, мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер істер бойынша департаменті директоры. Астана, 29 қыркүйек 2016 жыл.

– Бұл – шығыны көп норма. Санап көрсе, миллиондаған-миллиардтаған теңге боп шығады. Таңдау талаптары да күрделі. «Болашақ» бағдарламасы бірнеше жыл бойы дубляжбен айналысып келеді. Нәтижесі мардымсыз. Шығын заңның орындалуына кедергі келтіріп отыр, – дейді министрлік өкілі.

Мәжіліс депутаты Ирина Аронова «қазақша субтитр жазуды міндеттеу» нормасын кейінге қалдыруды ұсынды.

– Оны сол заңнан көшіріп әкеліп, ол тағы іске аспай қалады. Одан да іске асыру механизмін ойланайық, – деді депутат.

Ал Қазақстанда шетелдік фильмдердің прокатымен айналысатын «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко «кадрдан тыс аударма және субтитр түріндегі аударма немесе дубляж жасалуға тиіс» деген ұсынысты қолдайтынын білдірді. Ол өз компаниясы жылына төрт фильмді қазақ тіліне дубляждайтынын айтты.

Қазақстан ұлттық киноакадемияның президенті Рашид Нұғманов та шетелдік фильмдерді аударға қатысты үш ұсыныстың бірін міндеттеу мәселесі орынды деген пікірде.

Субтитр деген – ең арзан жол.

– Мен Франция тәжірибесін ұсынғым келеді. Францияда француз тіліне дубляждалған фильмдермен қатар оригинал тілде де көрсетіледі. Тек субтитрлары болуы шарт. Францияда өзге тілдегі фильмді субтитрсіз ұсынуға тыйым салынған. Субтитр деген – ең арзан жол, – дейді Рашид Нұғманов.

Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов шетелден әкелген фильмдердің бәрін бірдей қазақшаға аударуға қарсы шықты.

– Қазақ тіліне аударуға зиянды фильмдер бар. Біз осы заңнан «барлық» деген сөзді алып тастауымыз керек. Көркемдік деңгей жоғары, ұлттық менталитетке сәйкес келетін фильмдерді ғана аударуымыз керек, – дейді Сауытбек Абдрахманов.

Ал депутат Нұртай Сабильянов әріптесінің бұл пікірмен келіспей, «бізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген уәж айтты.

Бар норманы алып тастасақ, ертең фильмдерді қалай аударамыз.

– Ол міндетті түрде аударылуы керек. Дубляж жасау үшін 2012 жылы заң енгізгенде көбі осыған қарсы болған. «Барлық» дегенге қарсы болып, соны әрең енгізгенбіз. Енді бар норманы алып тастасақ, ертең фильмдерді қалай аударамыз, – дейді Нұртай Сабильянов.

Саясаткер Әміржан Қосанов кино аудармасындағы «қазақ тілі мәселесінде парламент саяси ерік-жігер танытуы керек» деп санайды.

– Қаржы министрлігі ақша жоқ десе, депутаттар өз пікірін айту керек. Сондықтан бап та, ондағы «барлық» деген сөз де қалу керек. Қазақстанның нарығына келетін кез келген бизнесмен осылай болатынын білу керек. Сол кезде ол дыбыс режиссерлерін дайындайды, студия ашады, кадрларды дайындайды, – дейді Әміржан Қосанов.

Парламенттің жұмыс тобында бүгін өткен жиында елдегі кітапханалар мен театрлардың жұмысы жайы, музей қорына байланысты мәселелер де талқыланды.

ВИДЕО: Мәдениетке қатысты заң жобасын талқылау сәті

XS
SM
MD
LG