Accessibility links

«Нұр Отанның» «қызметтік ақпаратқа» қатысты түсінігі


«Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заң жобасы. Астана, 8 қыркүйек 2015 жыл.

«Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заң жобасы. Астана, 8 қыркүйек 2015 жыл.

«Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заң жобасын парламентте таныстыру кезінде қызметтік және жабық деректер не деген дау туды.

70 ПАЙЫЗ АШЫҚТЫҚ

Заң жобасы презентациясында парламент депутаты Мәулен Әшімбаев «заң қабылданса, мемлекеттік ведомстволар құзырындағы ақпараттың көбі халыққа қол жетімді болады» деді. Ұлттық компания, мемлекеттік органдар ғана емес, мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын өзге құрылымдардың ақпаратына да қол жетімділікті қамтамасыз ету жоспарланған.

– Айталық, қандай да бір үкіметтік емес ұйым бюджеттен қаржы алып, әлеумет немесе азаматтар оның қаржыны қайда жұмсағанын білгісі келеді делік. Мына заң жобасының мемлекет қаражатын алып, пайдалану туралы бөлігіне сәйкес, оларға тек осы сұраққа қатысты ғана ақпарат берілуі тиіс, – дейді депутат Әшімбаев.

Бірақ азаматтардың өтініші бойынша ақпарат беру мерзімін 30 күнтізбелік күннен 20 күнге дейін қысқарту жоспарланған.

Заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік органдардың қолындағы ашық ақпарат көлемі бүкіл ақпараттың 70 пайызын құрайды деп шамалап отырмыз.

– Егер қазір мемлекеттік органдардың құзырындағы бүкіл ақпаратты үш блокқа жіктесек, мемлекеттік органдардың қолындағы ашық ақпарат көлемі – 40 пайыз, мемлекеттік және өзге құпия саналатын ақпарат – 20 пайыз, ал қызметтік мақсатта қолданылатын ақпарат шамамен 40 пайыз болады екен. Заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік органдардың қолындағы ашық ақпарат көлемі бүкіл ақпараттың 70 пайызын құрайды деп шамалап отырмыз, – дейді Мәулен Әшімбаев.

ҚЫЗМЕТТІК АҚПАРАТ

Жоба авторлары – президентшіл «Нұр Отан» партиясынан сайланған парламент депутаттары «мүлде берілмейтін ақпаратты жеке бөліп көрсетеміз, ал қалған ақпарат ашық болады» деп уәде етеді.

Қоғам өкілдері қандай ақпарат қызметтік мақсатта қолдануға болатын ақпарат екенін және оны қанша жылдан кейін жария етуге болатынын нақты белгілеуді сұрайды. Кейбір сарапшылар «бұл заң жобасына қарағанда, қызметтік мақсаттағы бүкіл ақпарат жұрттың қолы жетпейтін шектелген ақпарат болып саналатын сыңайлы» дейді.

Internews Kazakhstan ұйымы заңгері Ольга Диденконың айтуынша, қызметтік ақпаратты мәңгіге құпиялап тастау мүмкін емес.

Ақпаратты пайдаланушы адам әкімшілік процедуралар туралы заңға жүгінбей, шаруасын мына заң аясында реттеп алатындай ұғынықты заң болуы тиіс.

– Бұлай болмайды, қызметтік ақпаратты беруді шектейтін әлдебір уақыт белгіленіп, уақыты келгенде ол қоғамға жария болуы тиіс сияқты. Біз қызметтік ақпаратты қол жетімділігі шектеулі ақпарат санатына қосатын болсақ, оның түрлері мен шектеу деңгейін заңда ашып көрсетейік дедік. Ақпаратты пайдаланушы адам әкімшілік процедуралар туралы заңға жүгінбей, шаруасын мына заң аясында реттеп алатындай ұғынықты заң болуы тиіс, – дейді Ольга Диденко.

Оның ұсынысына «бұл заң жобасында қызметтік хат-хабарға қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі жазу мүмкін емес, ол – бөлек заңның тақырыбы» деген жауап берілді.

Астанадағы құқықтық медиа орталық заңгері Гүлмира Біржанова Қазақстанда журналистер құқығын бұзу фактілерінің 80 пайызы ақпарат беруден негізсіз бас тартумен байланысты екенін хабарлайды. Оның айтуынша, қазір ақпарат беруден көбінесе «қызметтік ақпарат» деген уәжбен бас тартады.

– Ақпарат беруін сұраған азамат немесе журналистке олар «бұл – қызметтік ақпарат» дей салады. Біздің заңдарда «қызметтік ақпарат» түсінігіне қатысты анықтама жоқ. Бұл әзірше мына жобада да жоқ, – дейді Гүлмира Біржанова Азаттыққа.

Қазақстанда «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заң жобасын құрастырып жатқанына бес жылдан асты. Алғашында заң жобасында ақпаратқа қол жетімділік құқығын заңсыз шектегені үшін жауапкершілік нормалары ашып жазылады деп жоспарланған. Жұмыс тобының алғашқы отырысында бұл ережелердің өзге, мысалы, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс сияқты ілеспе заң жобаларына қосылатыны айтылды.

Парламент депутаттары, үкімет, әлеумет және ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінен құралған жұмыс тобының кейбір өкілдері алғашқы отырыста жобаны «шұғыл» деп атап, оны қазан айының басына дейін қабылдау қажет екенін айтты.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG