Accessibility links

Парламенттегі "Нұр Отан" депутаттарының қатары сирей түсті


Қазақстан парламентінің депутаты (енді бұрынғы) Ерқанат Тайжанов мәжіліс депутаттары алдында. Астана, 3 желтоқсан, 2008 жыл
Қазақстан парламентінің депутаты (енді бұрынғы) Ерқанат Тайжанов мәжіліс депутаттары алдында. Астана, 3 желтоқсан, 2008 жыл

3 желтоқсан күні парламент мәжілісінің жалпы отырысында Ерқанат Тайжанов депутаттық мандатын тапсырды. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсенбаевтың сөзіне қарағанда, Ерқанат Тайжанов Орталық сайлау комиссиясына депутаттық мандаттан бас тарту туралы өтінішін қараша айының 26-да жазған.

Ерқанат Тайжанов сәрсенбі күні соңғы рет жалпы отырысқа қатысып, әріптестеріне, "Нұр Отан" партиясының төрағасы, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдіріп кетті. Ол журналистерге өзінің отставкаға кетуінің бірнеше себептері болғанын айтты. Ең бірінші өзінің атына айтылған түрлі айыптаулар мен әңгімелерге байланысты екенін түсіндірді. Өз атына тағылған сындардың ешқандай шындыққа сәйкес келмейтінін айтқан ол, екінші жағынан парламентке кір келтіргім келмеді дейді.

- Маған қатысты айтылған сөздерге байланысты басылымдарға түзету беру туралы талап етуге уақыт жоқ. Бірақ мен осыған дейін басқарған құрылыс компаниясы үйлердің барлығын салып аяқтауға дайын. Жылдың аяғына дейін біраз үлескерлер пәтерлерінің кілтін алады. Қалғанын толықтай келесі жылы аяқтап береміз, - деді Ерқанат Тайжанов.

Ерқанат Тайжанов мәжілістегі ең жас депутат. Ол былтыр "Нұр Отан" партиясының жастар қанатынан тізіммен сайланған кезде жасы бар болғаны 31 де болатын. Ол депутат болғанға дейін Астанадағы "Азбука жилья" құрылыс компаниясының бас директоры қызметін атқарды. Былтырдан бастап, құрылыс саласы дағдарысқа ұшыраған кезде "Азбука жильяның" үлескерлері бірнеше рет наразылық шараларын өткізіп, компанияның құрылыс жұмыстарын тоқтатып тастағанын мәлімдеген еді. Артынша үлескерлер президентке ашық хат жариялап, мәжілістегі Ерқанат Тайжановтың отставкаға кетуін талап еткен болатын.

Өткен айда "Азбука жильяның" үлескерлері парламенттің алдында наразылық акциясын өткізген еді. Онда олар Ерқанат Тайжановтың депутат болса да бизнесін тоқтатпағанын, оған дәлел - құжаттары да бар екенін мәлімдеген-тін. Бас прокуратура да құрылыс компанияларына тексеру жүргізу барысында "Азбука жилья" басшыларының заңсыздық әрекетке барғанын анықтағандықтарын айтқан еді. Онда "мемлекеттен лицензия алмай жатып, үлескерлер ақшасын жинап алған, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен" деген айыптаулар бар.

Ал мәжіліс депутаттары әріптестерінің өз еркімен жылы орындықпен қош айтысып кете барғанына түрліше пікір білдіруде. Мәселен, мәжілістегі тағы бір құрылысшы Бауыржан Смайылов Ерқанат Тайжановтың құрылыстағы проблемаларға қатысты кетіп бара жатқанына сенбейді. Ол "Мүмкін оның басқа жоспарлары бар шығар. Әлі жас қой, мүмкін басқа қызметке барғысы келген шығар", -дейді.

Депутат Амангелді Момышев болса, Тайжановтың үлескерлер проблемасынан отставкаға кетуі түсінікті дейді. "Оның өз еркімен кеткені дұрыс болды. Қаншама үлескерлер шулап далада жүр. Ал оның мәжілісте депутат болып отырғаны ұят қой. Ең алдымен ол "Нұр Отанға" кір келтіргісі келмеді. Мұнысы өте дұрыс болды", - дейді Момышев.

Осымен төртінші шақырылымдағы мәжілісте екінші депутат мандатынан бас тартып отыр. Осының алдында депутаттыққа дейін "Ақ ауыл" құрылыс корпорациясын басқарған Виктор Цой да өз еркімен кетіп еді. Бас прокуратура оған да компания басшылығы үлескерлер ақшасын заңсыз пайдаланған, шетелге асырып жіберген деген айып таққан болатын. Ал төрт депутат басқа қызметке ауысып кетті. Осыған қарағанда, кілең "Нұр Отаннан" тұратын мәжілістің мерзімінен бұрын тарау мерзімі де таяп келеді дейді сарапшылар.

XS
SM
MD
LG