Accessibility links

Сайлау алдындағы саяси селқостық


Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылындағы бос тұрған сайлау учаскесі. 2015 жылдың сәуірі. (Көрнекі сурет)
Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылындағы бос тұрған сайлау учаскесі. 2015 жылдың сәуірі. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның әр аймағындағы қоғамдық белсенділер сайлау науқаны алдында дауыс берушілердің де, тіркелушілердің де ынтасы азайып барады деп санайды.

Наурыздың 20-сына белгіленген парламент мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы қарсаңында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда халық арасында саяси белсенділік жоқтың қасы екенін айтушылар бар. Солардың бірі – белсенді әлеуметтік желі қолданушысы, Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласының тұрғыны Қуаныш Еділханұлы.

- Таяуда өтетін сайлау – ел өміріндегі маңызды оқиға. Бірақ былайғы уақытта да саяси белсенділігі төмен тұрғындар сайлау жақындағанда да бұрынғы қалпынан өзгермегені байқалады. Совет үкіметінің соңғы жылдары мен 1990 жылдардың бас кезіндегі сайлаулар мен қазіргі сайлаулар қарсаңындағы белсенділікті салыстыруға келмейді. Кандидаттар арасындағы бәсеке мен тартыс азайып, электораттың кандидаттарды таңдауы да күрт шектелді, - дейді ол.

«ДЕПУТАТ БОЛАТЫНДАР БЕЛГІЛІ»

Сайлау алдындағы электораттың көңіл-күйі мен белсенділігі туралы Азаттық тілшісімен әңгімелескен басқа да бірнеше облыс тұрғындары мен қоғам белсенділері сайлау алдындағы белсенділіктің төмен екенін айтады. Қоғамдық белсенділердің сөзінше, бұл саяси селқостық парламент мәжілісіне депутаттарды пропорционалдық жүйе арқылы сайлау енгізгелі тіпті қатты байқалады.

Айтқожа Фазыловтың Алматыдағы "қарсылық жиынынан" түсірілген суреті. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Айтқожа Фазыловтың Алматыдағы "қарсылық жиынынан" түсірілген суреті. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қарағандылық қоғамдық белсендісі Айтқожа Фазыл электораттың сайлауға қызығушылығы аз екенін айтып қынжылады.

- Қарапайым адамдармен сөйлессең, «сайлаудың қалай өтетіні белгілі, кімнің депутат болатыны да шешілген мәселе» дейді. Бұл – мемлекеттен халықтың бөлініп бара жатқанын білдіретін қорқынышты жағдай, - дейді ол.

Айтқожа Фазылдың пікірінше, халықтың саяси маңызды оқиғаларға деген енжарлығы әділдікке деген сенімінің жоғалуынан туады. Оның сөзін 20 шақты жыл бойы билік басында тұрған «Нұр Отаннан» өзгесі қағазда бар, өмірде жоқ партиялар» деп санайтын басқа аймақтың қоғам белсенділері де құптайды.

Орал қаласында тұратын қоғамдық белсенді Алпамыс Бектұрғановтың сөзінше, дауыс беруге құлшынатындар ғана емес, депутаттыққа ұмтылатындар да біршама азайған.

- Қазір қалалық, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелушілер де аз. Көпшілігі – бұрынғы депутаттар. Сайлау комиссиялары бұған алаңдаушылық білдіріп отыр, - дейді ол.

Еш партияда жоқ болса да, өз бастамасымен Орал қалалық мәслихатына кандидат ретінде тіркелгісі келетін Алпамыс Бектұрғанов ақпанның 20-сында сайлау алдындағы үгіт-насихат басталған кезде, «бәлкім, халықтың ынтасы мен қызығушылы артар, саяси мәселеге келгенде ұйқыда жатқанға ұқсайтын Орал өңірі оянар» деп үміттенеді.

"Нұр Отан". Сәбиттің карикатурасы.
"Нұр Отан". Сәбиттің карикатурасы.

Азаттық тілшісі Оңтүстік Қазақстан облысындағы сайлау алдындағы көңіл-күйді сұрастырып көрді. Осы облыстың Төле би ауданында оппозициялық ЖСДП-ның үйлестірушісі, қоғамдық белсенді Аралбай Пұсырманов «халық сайлауда кімнің «жеңетінін» біліп отырғанын» айтады.

- Біз секілді қаражаты жоқ, биліктен қолдау көрмейтін партиялардың атынан сөйлеп, саяси мәселе көтерушілер бар, бірақ аз. Төле би ауданында «Бірлік», «Ақжол», Халықтық коммунистік партия өкілдері жоқ. «Ауыл» мен ЖСДП, қалғандары «Нұр Отан» партиясының өкілдері. Осыдан кейін сайлау алдындағы саяси күрес жайын шамалай берсеңіз болады, - дейді ол.

«БҰЛ ҮРДІС 2004 ЖЫЛДАН БАСТАЛДЫ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен қоғам белсенділерінің барлығы да саяси енжарлық себептерінің бірі – мәжіліс депутаттығына тек саяси партия мүшелерінің ғана өте алатындығы деп санайды. Олардың сөздерінше жеке тұлғалар бір мандатты округ бойынша дауысқа түскен кезде саяси бәсеке қазіргіден айтарлықтай күштірек болған.

Белсенділер қазіргі пропорционалды сайлау жүйесі, яғни партиялық тізім бойынша депутаттыққа сайлауға күмәнмен қараушылар көп екенін айтады. Өйткені сайлауда партиясы жеңіп шыққанның өзінде, тізімге енгізілген кандидат кейбірде ең соңғы сәтте бекітілмей қалып жатады.

Партияда жоқ белсенді Айтқожа Фазыл:

- Партиялық сайлау жүйесі «әрбір азаматтың сайлауға, сайлануға құқығы бар» деген конституциялық норманы бұзады. Егер мажоритарлы сайлау жүйесі болса, халық енжарлық танытпас еді, -дейді.

Жазушы Алпамыс Бектұрғанов Оралда Жаңаөзен оқиғасының жүз күндігіне орай өткен қарсылық митингісінде сөз сөйлеп тұр. Орал, 24 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Жазушы Алпамыс Бектұрғанов Оралда Жаңаөзен оқиғасының жүз күндігіне орай өткен қарсылық митингісінде сөз сөйлеп тұр. Орал, 24 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Алпамыс Бектұрғанов пен Аралбай Пұсырманов та бұрынғы мажоритарлы сайлау жүйесін тиімдірек көреді. Олардың ойынша, парламент мәжілісіндегі орынның тым болмаса 30 пайызы мажоритарлық сайлау жүйесімен өтсе, сайлаушылардың белсенділігі күшеюі мүмкін.

Сайлау қарсаңында сауалнама жүргізіп, зерттеулер жасап жүрген әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев электоралдық мәдениеттің соңғы 10 жылда деградацияға ұшырағанын айтады.

- Бұл үрдіс 2004 жылғы парламент сайлауынан басталды. Себебі жылдан жылға партиялар мен президенттікке үміткерлер арасында бәсеке деңгейі мен сапасының төмендегі байқалды. Электораттың сайлау процесіне құлшынысы да сонымен бірге құлдырады. Осыдан бірер жыл бұрын арнайы сауалнама жүргізіп, «кімге дауыс бересіз» деп сұрағанымызда, респонденттердің 30 пайызға жуығы қай партияға дауыс беретінін білмейтін боп шыққан. Меніңше екі жылдан бері сол үрдіс өзгерген жоқ, - дейді ол.

Серік Бейсенбаевтың сөзінше, Қазақстанда Батыс үлгісіндегідей саяси партиялық жүйеге сенім толық қалыптаспаған, электорат әлі күнге дейін жеке тұлғалардың уәдесіне көбірек сенеді.

Орталық сайлау комиссиясы қаңтардың 21-інде жариялаған тәртіпке сәйкес партиялық тізім бойынша сайланатын мәжіліс сайлауына кандидаттарды ұсыну 8 ақпанға дейін, ал партиялық тізімді тіркеу 19 ақпанға дейін созылады. Мәжіліске партиялық тізім бойынша сайлауға түсу үшін кандидат партияның жоғарғы саяси органы мүшелерінің көпшілік дауысына ие болуы тиіс. Партиялар өздері ұсынатын тізімге партияға мүше емес адамдарды қоса алмайды.

Сайлаушының дауыс берген сәті. (Көрнекі сурет)
Сайлаушының дауыс берген сәті. (Көрнекі сурет)

Наурыздың 20-сында өтетін мәжіліс сайлауының алдындағы үгіт-насихат жұмыстары ақпанның 20-сы күні басталады. Мәжілістегі 107 депутаттық орынның 97-сіне кандидаттар партиялық тізім бойынша, тоғызына Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады.

Қазірге дейін «Ауыл», Қазақстан коммунистік-халықтық партиясы, «Ақ жол», «Бірлік», «Нұр Отан», ЖСДП партиялары сайлауға ұсынатын кандидаттарын жариялаған. Конституцияға 2007 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес 2007 жылдан бастап парламент мәжілісінің депутаттары тек партиялық тізім бойынша сайланады. Бұған дейін 1995, 1999, 2004, 2007 және 2012 жылдары өткен мәжіліс сайлауында президент Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаушы ҚХБП (ПНЕК), «Отан» және «Нұр Отан» партиясының мүшелері үнемі палатадағы көпшілік болып сайланып келген.

XS
SM
MD
LG