Accessibility links

«Халық «Нұр Отанға» да, оппозицияға да сеніп отырған жоқ»


Сайлау участкесі. Жаңаөзен, 15 қаңтар 2012 жыл.

Сайлау участкесі. Жаңаөзен, 15 қаңтар 2012 жыл.

«Маңғыстау облысы тұрғындарының 74,2 пайызы сайлауға қатысты» деп мәлімдеді Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы. Аймақ тұрғындарының бірқатары «дауыс беру кезінде заң бұзылғанын», бірақ Жаңаөзен оқиғасынан соң бұл жөнінде ашық айтудан жасқанатынын айтады.


Қаңтардың 17-сі күні орталық сайлау комиссиясы (ОСК) парламент сайлауының түпкілікті нәтижесін жария етті.

ОСК есебінше, сайлауда жеті пайыздық межеден өткен үш партия – «Нұр Отан» (80,99% дауыс жинады немесе парламенттегі 83 орынды алды), «Ақ жол» (7,47% немесе 8 орын) және Қазақстанның коммунистік халық партиясына (7,19% немесе 7 орын).

«ПАПАҢ МЕН ІНІҢНІҢ АТЫНАН ДАУЫС БЕР»

Аты-жөнін оқырмандарымызға жариялауды жөн көрмеген Шетпе тұрғыны «кезінде «Нұр Отан» партиясының бақылаушысы болдым, жұрт ол кезде де «Нұр Отанды» қолдамайтын, енді Жаңаөзен оқиғасынан кейін тіпті қолдап жатқан ешкімді көрмей отырмын» дейді.

Ол сайлау нәтижесін мойындамайтынын, сайлаушылар тізімінде өзінің аты-жөні болмағанын, жергілікті комиссия мүшелері өзіне үйдегі әкесі мен інісі үшін дауыс бергізгенін айтады:

- Мен келгенде аты-жөнімді тізімнен қарады да, таба алмады. «Онда сен мына папаң мен ініңнің атынан дауыс бер» деп, маған алты бюллетень берді. Төртеуі облыстық және аудандық мәслихатқа, екеуі партияларға, – дейді ол.

Маңғыстаулық азамат екі дауысты да басқа партияға бергенін айтып, «Нұр Отан» партиясы аймақта басым дауыс жинады» дегенге таңданыс білдіреді:
16-17 желтоқсандағы Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғадан кейін бүгінгі Маңғыстауда 74 пайыздан артық дауыс берілді деген еш қисынға келмейді.

- Өздеріңіз білесіздер, 16-17 желтоқсандағы Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғадан кейін бүгінгі Маңғыстауда 74 пайыздан артық дауыс берілді деген еш қисынға келмейді. Жалпы, Жаңаөзенге дейін де Маңғыстау билікке қарсы ең оппозициялық облыс екені белгілі болатын. Ал Жаңаөзен оқиғасынан кейін мұнайшылардың «Нұр Отанға» дауыс беруі қалай болады – өзіңіз ойлап қараңызшы? Қазір «Нұр Отанға» дауыс беретіндер – мұғалімдер. Оларды қорқытып әкеліп дауыс бергізіп қояды. Сосын әкімшілік қызметкерлері, – дейді Азаттыққа хабарласқан азамат.

«Осыған дейінгі сайлауда берілген дауыстардың қалай есептелгенін көріп келдік» деген Шетпе тұрғыны өзінің де кезінде «Нұр Отанның» бақылаушысы болып, «заңсыздықтарға жол бергенін» жасырмайды:

- Осының алдындағы парламент сайлауында кешкісін дауыстарды протоколдармен қоса санамақ болып, әкімшілікке әкелгенде облыс әкімі аудан әкіміне телефон соғып, «Нұр Отанға» берілген дауыстар 95 пайыздан жоғары болсын деді. Содан кейін ешкім де дауыстарды санаған жоқ, бюллетеньдердің бәрін жауып тастады. Әкімнің талап еткен цифрін қойып, бәрін таратып жіберді. Осы сайлауда да дәл солай болғанына күмәнданбаймын, - дейді шетпелік азамат.

«ХАЛЫҚ ҚОРҚЫП ОТЫР»

«Билік сайлауды қалай өткізуді үйреніп қалды, 80 пайыздан жоғары дауысты қалай жинау жолдарын біледі» деген ол мұның бәрін «кезекті қойылым» дейді.
«Нұр Отанға» дауыс берем деп жатқан жұртты көріп отырған жоқпын. Халық оппозицияға да аса сеніп отырған жоқ.

- Қазір «Нұр Отанға» дауыс берем деп жатқан жұртты көріп отырған жоқпын. Халық оппозицияға да аса сеніп отырған жоқ. Халық негізінен қорқып отыр, көшеге шыққанның қалай болатынын, биліктің қырып тастайтынын көрді ғой, - дейді Шетпе тұрғыны.

Ол биліктің ереуілші мұнайшыларды оқ атып, күшпен басқан 16 желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасынан кейін елдің көшеге шығуға, тіпті бір-бірімен ашық-жарқын сөйлесуге де қорқып қалғанын айтады.

Желтоқсанның 16-сында Жаңаөзендегі оқиға кезінде полиция қарусыз адамдарға оқ атып, ресми мәлімет бойынша, 16 адам қаза тапты.

Желтоқсанның 17-сінде Шетпе станциясында жаңаөзендіктерді қолдап, қарусыз адамдарға оқ атылғанына наразылық білдірген тұрғындар мен полиция қақтығысып, бір адам қаза тапты. Ресми орындар Жаңаөзен мен Шетпедегі қақтығыстардан 100-ге тарта адамның жараланғанын айтады.

Сұқбаттың толық нұсқасын осы арадан тыңдай аласыздар:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG