Accessibility links

«Конституциялық кеңес түсіндірмесіне президент вето қоя алмайды» дейді ғалым


Заң ғылымының докторы Қабдулсамих Айтқожин.
Заң ғылымының докторы Қабдулсамих Айтқожин.

«Жаңаөзенде сайлау өтпейтіні туралы орталық сайлау комиссиясының шешімі өз күшін жоймайды. Қазақстанда Жаңаөзен тұрғындарының қатысуынсыз парламент сайлауы өтеді, ол кейінге шегерілмейді» дейді заң ғылымының докторы Қабдулсамих Айтқожин.


Қаңтардың 6-сында Астанада Қазақстан конституциялық кеңесінің отырысын өткізген осы кеңес төрағасы Игорь Рогов Жаңаөзенде төтенше жағдай тәртібінің енгізілуіне байланысты сайлау өткізудің қаншалықты дұрыстығы туралы конституциялық кеңеске орталық сайлау комиссиясы жолдаған сұрауға жауабын жариялаған еді.

Игорь Рогов «төтенше жағдай кезінде және азаматтар мен заңды тұлғалардың жоғарыда аталған құқықтары мен еркіндіктері шектелгендіктен олардың еркін дауыс беруі өте қиын екенін» айтқан.

ЖОҚ ҚАУЛЫҒА ВЕТО ҚОЮ

Қаңтардың 10-ы күні Қазақстан президентінің баспасөз қызметі «Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық кеңестің «Жаңаөзен қаласында мәжіліс және жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы өтпейді» деген қаулысына вето қойып, қарсылық білдірді» деп хабарлады.

– Конституциялық кеңестің түсіндірмесі президенттің ветосын талап етпейді. Бұл – бұрын-соңды болмаған прецедент, – дейді Қонаев атындағы университеттің конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының докторы, профессор Қабдулсамих Айтқожин Азаттық радиосына берген сұқбатында.

Заңгердің айтуынша, «конституциялық кеңес төтенше жағдай тәртібіндегі Жаңаөзенде сайлау өтпейтіні туралы қаулы қабылдаған жоқ, тек қана кеңес төрағасы Рогов мырза «Төтенше жағдай туралы» заңның 15-бабына сәйкес, ондай шара енгізілген аймақта «сайлау және республикалық референдум өткізуге тыйым салынатыны» жөнінде түсіндірме берді».

– Бірақ конституциялық кеңеске түсіндірме беру тұрғысында сұрау салатын субьектілер қатарына орталық сайлау комиссиясы кірмейді, – деді ғалым.

КОНСТИТУЦИЯҒА ӘРІ ҚАЙШЫ, ӘРІ СӘЙКЕС БАП

Қабдулсамих Айтқожиннің пікірінше, «Төтенше жағдайлар туралы» заңның төтенше жағдай енгізілген аймақта сайлау өткізуге тыйым салатын 15-бабы Конституциядан жоғары тұр.

– Сол себепті де ол Конституцияның «Республика азаматтарының сайлауға қатысуға және сайлануға құқы бар» деген 33-бабына қайшы келеді. Бірақ «Төтенше жағдайлар туралы» заңның төтенше жағдай енгізілген аймақта сайлау өткізуге тыйым салатын 15-бабы Конституцияның 39-бабына сәйкес келеді, – дейді профессор Қабдулсамих Айтқожин.

Конституцияның 39-бабында «адамдар мен азаматтардың құқы мен еркіндігі заңмен немесе конституциялық құрылым мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында шектелетіндігі» жазылған.

«РЕФОРМА ҚАЖЕТ»

Ғалымның ойынша, «Жаңаөзенде 16 желтоқсанда полицияның халыққа қарсы оқ атқаны күштік құрылымдардың азаматтық бақылау аясынан шығып кеткенін көрсетті, сондықтан Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіне түбегейлі реформа қажет».

– Басты заң – Конституцияға күштік құрылымдарға парламенттік бақылау құзыретін беретін талап енгізу қажет. Ол үшін алдымен президенттік басқару жүйесі парламенттік-президенттік басқару жүйесіне өзгертілуі тиіс, – дейді профессор Қабдулсамих Айтқожин.

Сұқбаттың толық тұсқасын мына арадан тыңдаңыздар:
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:32 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG