Accessibility links

Жаңа мәжілістегі депутаттың 40 пайызы – «ескі»


Мәжіліс сайлауынан кейін өткен парламенттің бірлескен отырысы. Астана, 25 наурыз 2016 жыл. 24kz телеарнасы эфирінен алынған скриншот.

Мәжіліс сайлауынан кейін өткен парламенттің бірлескен отырысы. Астана, 25 наурыз 2016 жыл. 24kz телеарнасы эфирінен алынған скриншот.

Парламент мәжілісіне өткен 107 адамның 43-і – биыл қаңтарда тараған мәжілістің депутаттары. Өзге 64-і адамның арасында да оған дейінгі бірнеше шақырылымдағы мәжіліс креслосын көрген адамдар бар.

Орталық сайлау комиссиясы 6-шақырылымдағы парламент мәжілісінің 107 депутатын тіркеді. Наурыздың 20-сында өткен сайлау қорытындысы бойынша ол орынның 84-і – «Нұр Отанға», 7-сі – «Ақ жолға», 7-сі – Қазақстан коммунистік халықтық партиясына (ҚКХП), 9-ы – Қазақстан халқы ассамблеясына тиді.

«НҰР-ОТАННЫҢ» 51 ДЕПУТАТЫ – «ЖАҢА»

Парламент мәжілісіндегі 107 орынның 84-ін иеленген «Нұр Отан» партиясы кеше президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен саяси кеңесінің отырысында жаңа депутаттардың аты-жөнін атады.

«Нұр Отан» ұсынған 84 депутаттың 33-і – биыл қаңтарда тараған 5-шақырылымдағы мәжіліс құрамында болған депутаттар. Өзге 51 адамның арасында оған дейінгі мәжілістерге депутат болған Бекболат Тілеухан, Аманжан Жамалов, Қуаныш Сұлтанов, Мұхтар Тінікеев, Зағипа Балиева, Гүлмира Исимбаева, Сергей Дьяченколар да бар. Алдыңғы сайлауларда бірнеше рет қатарынан депутат болып келе жатқандардың бұл жолы азайғаны аңғарылады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтың дауыс берген сәті. Алматы, 20 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Мүмкіндігі шектеулі азаматтың дауыс берген сәті. Алматы, 20 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

«Нұр Отан» партиясы сайлау науқаны басталар алдында бес облыстың әкімін, бірнеше министрді кандидаттар тізімінде көрсеткен еді. Алайда Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамедов қана партиялық тізіммен мәжіліс депутаттығына өтті.

«Нұр Отан» партиясы кандидаттар ретінде жариялаған танымал әншілер мен спортшылардың ешқайсысы парламент мәжілісіне өткен партиялық тізімге енген жоқ.

«ЖАҢА» ДЕПУТАТТАР: «АҚ ЖОЛ» – 4, ҚКХП – 3, АССАМБЛЕЯ – 6

«Ақ жол» мен ҚКХП да депутаттық мандатты иеленген мүшелерінің тізімін жариялады.

Мәжілісте жеті орынға ие болған «Ақ жол» биыл қаңтарда тараған мәжіліс құрамында болған үш депутатты орнында қалдырып, жаңадан төрт депутат сайлады. Қайта сайланғандар арасында партия төрағасы Азат Перуашев те бар.

ҚКХП мәжілісте өзіне берілген жеті орынның үшеуіне жаңа депутат ұсынды. Қайта сайланған төрт адамның арасында партияның бейресми лидері Владислав Косарев бар.

Қазақстан халқы ассамблеясы атынан мәжіліс депутаттығына сайланған тоғыз депутаттың үшеуі – 5-шақырылымдағы мәжіліс депутаты, алтауы – жаңадан сайланды.

5-шақырылым мәжілісінің отырысы. Астана, 18 ақпан 2015 жыл.

5-шақырылым мәжілісінің отырысы. Астана, 18 ақпан 2015 жыл.

Сонымен бұл жолғы мәжілістегі 107 депутаттың 43-і (яғни 40 пайызы) –биыл қаңтарда тараған 5-шақырылымдағы мәжілісте депутат болғандар, 64-і (яғни 60 пайызы) – ол мәжілісте болмағандар.

Жаңадан сайланған депутаттардың жасы биыл қаңтарда өзін-өзі таратуды сұраған мәжіліс депутаттары құрамынан біршама жас. 5-шақырылымдағы мәжілістің 40 депутатының жасы 64 жастан асқандар еді. Оның 12-сі осы жолы қайта сайланды. 71 жастағы Қуаныш Сұлтанов, 67 жастағы Қабиболла Жақыпов, 79 жастағы Владислав Косаревтер – осы қатарда. Ал Қызылорда қаласынан сайланған Геннадий Щеповских – небәрі 26 жаста. Оның «Қызылорда локомотив пайдалану депосы машинисінің көмекшісі» деген лауазымы да бұрын басшылық қызметтер атқарған басқа депутаттармен салыстырғанда өзгеше көрінеді.

«КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ ҮШІН ӨТКЕН САЙЛАУ»

Азаттық тілшісі мәжілістің қазіргі құрамы туралы сарапшылар пікірін сұрады. Биыл қаңтарда өзін-өзі таратқан мәжілісте ҚКХП атынан депутат болған Тұрсынбек Өмірзақов «мәжіліс жұмысының жақсаруы депутаттардың өзара бәсекесіне де байланысты» деп санайды. Оның айтуынша «депутаттардың жасаруы жеке бәсекені ұлғайтуы мүмкін».

- Бірақ бұрынғы үш партияның ғана қайта оралуы мәжіліске аздық етеді. Өз тәжірибемнен байқағаным – мәжілістегі депутаттық орынның кем дегенде 30 пайызы өзге партияларға тиесілі болса, партиялар арасындағы бәсекелестік әлдеқайда жақсарар еді, – дейді ол.

ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай (оң жақтан бірінші) және ЖСДП президиум мүшесі Балташ Тұрсымбаев (оң жақтан екінші). (Көрнекі сурет)

ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай (оң жақтан бірінші) және ЖСДП президиум мүшесі Балташ Тұрсымбаев (оң жақтан екінші). (Көрнекі сурет)

Наурыздың 20-сы күні өткен сайлауда мәжіліске ілінбей қалған Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) өкілі Серікбай Әлібаев «сайлау көзбояушылық үшін жасалды» деп есептейді.

- Бәлкім, депутаттар құрамының жасарғаны дұрыс та шығар. Бірақ алдыңғы мәжілісте де жастар болды, олардың батыл пікір айтқанын естіген емеспін. Одан бері «Нұр Отанның» да, қалған екі партияның да бағдарламасы өзгерген жоқ. Сол себепті «бұл мәжілістің саяси рөлі өзгереді, саяси реформалар бастайды, батыл өзгерістер жасайды» деп үміт етпеймін, бәрі бұрыныша қала береді, – дейді ол.

Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы жариялаған мәліметте қарағанда, мерзімінен бұрын 20 наурызда өткен парламент мәжілісі сайлауында «Нұр Отанға» – 6 миллион 183 мың 757 адам (дауыс бергендердің 82,20 пайызы), «Ақ жолға» – 540 мың 406 адам (7,18 пайыз), ҚКХП-ға - 537 мың 123 адам (7,14 пайыз), «Ауылға» – 151 мың 285 адам (2,01 пайыз), ЖСДП-ға – 88 мың 813 адам (1,18 пайыз), «Бірлікке» 21 мың 484 адам (0,29 пайыз) дауыс берген.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқығын бақылау бюросының (ДИАҚБ) Қазақстандағы кезектен тыс парламент сайлауын бақылау жөніндегі миссиясы бұл науқанда дауыс беру және санау кезінде кейбір заң бұзушылықтар болғанын айтқан.

Елдегі билеуші партияның үкіметте өкілдерінің көптігін сөз еткен ұйым Қазақстанның «сайлауды тиімді ұйымдастырғанын, прогресс бар екенін» айта келе, Астананы жиын еркіндігін шектеуді тыйып, ашық пікір білдіру құқығын қамтамасыз етуге шақырған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG