Accessibility links

Мәжіліс президенттен өзін таратуды сұрады


Қазақстан парламенті мәжілісінің отырысы. 9 қараша 2011 жыл.

Қазақстан парламенті мәжілісінің отырысы. 9 қараша 2011 жыл.

Мәжіліс өзін таратып, елде кезектен тыс парламент сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен бірге өткізуді президенттен сұрады. Сарапшылар билік жүйесінде түбегейлі реформалар жүргізілмейінше, парламент қолбала қалпында қала береді деп санайды.

Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттары президент Нұрсұлтан Назарбаевтан мәжілісті мерзімінен бұрын таратуды сұрады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бүгін мәжіліс отырысында парламенттегі үш партия – «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Қазақстан халықтық коммунистік партиясы» фракциялары атынан мәжілісті тарату туралы өтінішті депутат Владислав Косарев жасаған. Ол депутаттардың бесінші шақырылымдағы парламентті таратып, елде жаңа сайлау өткізуді сұрайтынын айтқан. Депутаттар мәжілісті тарату ұсынысын «әлемдегі жүйелік дағдарыс» және оған қарсы тұру қажеттігімен түсіндіреді.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты арқасында бізде әлемдік дағдарысқа қарсы тұруға ғана емес, жаңа әлемдік жағдайдағы дамудың нақты стратегиямыз бен ұлттық жоспарымыз бар. Қазір жаңа тарихи кезең туып келеді. Елде модернизация басталып жатыр және президент реформасының барлық бағыты бойынша іске асуы үшін партиялардың сайлаушылар тарапынан жаңа мандатқа ие болғаны маңызды» деген Косарев.

Президентшіл «Қазақстан халықтық коммунистік партиясынан» сайланған мәжіліс депутат Владислав Косарев.

Президентшіл «Қазақстан халықтық коммунистік партиясынан» сайланған мәжіліс депутат Владислав Косарев.

Оның сөзінше, мұндай жауапты кезеңде дағдарысқа қарсы шараларды белсенді жүзеге асыру үшін «қоғамның ұйысуы қажет». Косарев қазіргі мәжіліс «өзінің тарихи міндетін орындап, ұлт жоспарының заңдық негізін құрып, 80 заң қабылдағанын» айтты.

Косарев бұған қоса депутаттар барлық деңгейдегі реформаларды бірдей іске асыру үшін парламент сайлауын жергілікті мәслихат сайлауымен бірге өткізу керегін де ұсынатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл – сайлау кезеңін ұзаққа созбай, сайлауды ұйымдастыруға бөлінетін бюджет қаржысын үнемдеуге септеспек.

Мәжіліс депутаттары жасаған үндеу туралы видео:

Сарапшылар мәжілістің парламентті мерзімінен бұрын таратуы туралы «өтінішін» тосын жаңалыққа жатқызбайды.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев Азаттыққа парламент сайлауын ерте өткізу қисынды, негізі бар саяси ұсыныстан гөрі саяси технологиялық амалдан туындаған деген пікір білдірді. Ол жаңа парламентті де «қазіргі саяси партиялар түзетінін» айтады. Оның сөзінше, әуелі партиялық жүйе мен сайлау жүйесін реформаламайынша, Қазақстанның саяси дамуында маңызды өзгеріс болмайды.

– Бажайлап қарасақ, өткен жылы «Руханият» партиясының «Ауыл» партиясымен біріккенінен басқа саяси партияларда аса үлкен өзгеріс бола қойған жоқ. Басқа президентшіл партиялардың басшылығында белгілі бір кадрлық ауыс-түйістер ғана болды. Жалпы алғанда, қазіргі партиялар бұрынғы сол құрамында қалды. Егер болашақ парламент қазіргі партиялар негізінде қайта түзілсе, онда Қазақстанның саяси дамуында айтарлықтай өзгеріс болмайды. Себебі, бұрынғы парламент президент әкімшілігі жанындағы нотариалдық кеңсе іспеттес болатын. Алдағы парламент те қандай да бір салмақты саяси ойыншының емес, екінші деңгейдегі рөлді атқаратын болады, - дейді Сәтбаев.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев.

Саясаттанушы соңғы екі жылда президент пен кейбір жоғары лауазым иелері Қазақстандағы президенттік басқаруға негізделген билік жүйесін президенттік-парламенттік билік түріне ауыстыру қажеттілігін меңзегенін айтады. Оның пікірінше, мықты парламент құрылса, онда міндетті түрде күшті саяси партиялар, оның ішінде қоғамда үлкен қолдауға ие партиялар да пайда болады деген сөз.

– Бірақ, Қазақстанда қазір мұндай партиялар жоқ. Қазіргі биліктегі партиялар әлсіз, аса беделді емес, тек парламент сайлауы алдында «тіріледі». Егер Қазақстанда шынымен президенттік-парламенттік басқаруды енгізгісі келсе, онда алдымен партиялық жүйені реформалаудан бастау керек еді. Бұған қоса, әрине, сайлау жүйесін де реформалау қажет болады. Сондықтан, менің ойымша, қазіргі саяси партиялар жағдайында қандай парламент сайлауы болмасын, болашақ парламент бұрынғы парламенттің көшірмесі болып қана қалады, - дейді Досым Сәтбаев.

Ол болашақ парламент құрамы да қазіргіні қайталауы мүмкін болғандықтан, мәжілісті мерзімінен бұрын таратпай-ақ, сайлауды өз уақытында өткізуге болатын еді деген пікірде.

Сәтбаев бұл жолғы сайлау дағдарыс жағдайында өтетіндіктен ол қоғамды топтастырмай, керісінше, халықты наразы етуі ықтимал дейді.

Саясаттанушы Талғат Мамырайымов мәжіліс сайлауын мерзімінен бұрын өткізу ұсынысы «билікті ауыстыру сценарийінен шығуы мүмкін» екенін айтады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) кезектен тыс президент сайлауындағы кезекті жеңісіне арналған шарада үлкен қызы Дариғамен бірге тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) кезектен тыс президент сайлауындағы кезекті жеңісіне арналған шарада үлкен қызы Дариғамен бірге тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

– Меніңше, мерзімінен бұрын сайлау мәжіліске Назарбаев билігіне мұрагерлерге, ең алдымен Дариға Назарбаеваға жақын адамдардың өтуі үшін қажет. Бәлкім, ол [Назарбаева] қандай да бір маңызды орында, мүмкін, мәжіліс спикері лауазымында отырып елді басқарғысы келетін шығар. Бірақ, бұл сайлаудың саяси ахуалды өзгерте қоюы екіталай, - дейді Мамырайымов.

107 депутаттан тұратын Қазақстан парламенті мәжілісі бес жылда бір рет сайланады. 98 депутат партиялық тізім бойынша сайланады, ал тоғыз депутатты Қазақстан халқы ассамблеясы таңдайды. 2012 жылы 15 қаңтарда өткен бесінші шақырылымдағы парламент мәжілісіне ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтын «Нұр Отан», «Ақ жол» және «Қазақстан халықтық коммунистік партиясы» өкілдері өткен.

Мәжілісті тарату жайлы ұсынысқа Алматы тұрғындарының пікірі:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG