Accessibility links

Мәжіліс спикерінің тәуелсіз боларына күмәнданушылар да бар


Парламент мәжілісінің төрағасы болып сайланған Бақтықожа Ізмұхамбетов (сол жақта). Астана, 25 наурыз 2016 жыл.

Парламент мәжілісінің төрағасы болып сайланған Бақтықожа Ізмұхамбетов (сол жақта). Астана, 25 наурыз 2016 жыл.

6-шақырылымдағы парламент мәжілісіне «Нұр Отанның» атынан өткен Бақтықожа Ізмұхамбетов төраға болып сайланды. Баламасыз ұсынылған оның кандидатурасын 107 депутат түгел қолдаған.

Бақтықожа Ізмұхамбетов депутаттыққа сайланғанға дейін Атырау облысының әкімі болған. Ол биыл қаңтарда өзін-өзі таратқан 5-шақырылымдағы мәжілісте жеті айға жуық вице-спикер қызметін атқарған.

Азаттық тілшісі бірнеше саясаткермен сөйлесіп, парламент мәжілісі төрағасының билік тармағындағы рөлі жайлы пікірлерін білді.

«СПИКЕР БИЛІККЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ»

1990 жылдардың басында жоғарғы кеңес төрағасы қызметін атқарған саясаткер Серікболсын Әбділдин «мәжіліс төрағасы сайланды деген тек аты ғана, шын мәнінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуымен тағайындалып отырғаны белгілі» деп біледі.

Саясаткер Серікболсын Әбділдин.

Саясаткер Серікболсын Әбділдин.

– Сол себепті жаңа спикер өзін тағайындаған билікке қызмет етеді. Одан биліктің саясатына сай келмейтін экономикалық, әлеуметтік іс күтудің қажеті жоқ, – дейді ол.

Серікболсын Әбділдин қазіргіге қарағанда бұрынғы шақырылымдағы парламент мәжілістерінің еркіндік көбірек болды деп есептейді. Ол екінші шақырылымдағы мәжілісті «бұл палатаның еркіндіктен біржола айырылуға бет бұрған өтпелі кезеңі» деп сипаттайды.

– Бұл кезеңде мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай болды. Ол да басқа билік тармақтарынан толық тәуелсіз бола алмады. Жармахан Тұяқбайдан кейінгі төрағалар туралы пікірім біреу-ақ: олар – Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанын бұлжытпайтын адамдар, – дейді Серікболсын Әбділдин.

«МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫНА МИНИСТРДІҢ ӨЗІ МӘН БЕРМЕЙДІ»

Жалпыұлттық социал демократиялық партияның (ЖСДП) жетекшісі, өзі де бір кездері мәжіліс төрағасы болған Жармахан Тұяқбай «Бақтықожа Ізмұхамбетов биліктен тәуелсіз бола алмас» деп болжайды.

ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай. Алматы, 12 наурыз 2015 жыл.

ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай. Алматы, 12 наурыз 2015 жыл.

– Партиялық тізіммен сайланған депутаттар мен оның баламасыз сайланған төрағасынан қандай тәуелсіз пікір, тәуелсіз әрекет күтуге болады? – дейді ол.

Жармахан Тұяқбайдың сөзінше, «парламент мәжілісінде 2004 жылға дейін біршама еркіндік болған, одан кейін конституцияға өзгеріс енгізіліп, мәжіліс толығымен партиялық тізіммен сайланатын депуттардан құралған соң бұрынғы еркіндік біржола жойылған».

– Мәжіліс төрағасы конституция бойынша дәрежесі жағынан үшінші тұлға болғанымен, шын мәнінде ол – шартты түрде ғана. Бұрын әсіресе бюджет мәселесіне келгенде премьер-министрдің өзі «Мәжіліс төрағасы мәжілісті қай бағытта жүргізеді, қай бағытта алып кетеді?» деп алаңдап, онымен компромиске баруға тырысатын. Қазір мәжіліс төрағасына премьер-министр түгілі министрлердің өзі мән бермейді, – дейді ол.

Жармахан Тұяқбайдың сөзінше, мәжіліс төрағасы депутаттардың сөйлеуіне, сұрау салуына еркіндік беру, қысым көрсетпеу арқылы мәжілісте біршама еркіндік ахуалын орнатуына мүмкіндігі бар.

«ӘР ДЕПУТАТ – ЖЕКЕ ТҰЛҒА»

Алайда «мәжілістің билік тармағындағы рөлі әлі де жоғары» деп санаушылар да бар. Биыл қаңтарда өзін-өзі таратқан мәжілісте депутат болған Камал Бұрхановтың айтуынша, «қос палаталы парламенттегі негізгі мәселелер көбіне мәжілісте шешіледі».

Экс-депутат Камал Бұрханов.

Экс-депутат Камал Бұрханов.

– Мәжілісте биліктің басқа тармақтарындағыдай иерархия жоқ. Төраға депутаттарды тікелей басқармайды. Әр депутаттың жеке тұлға ретінде әрекет етуіне мүмкіндік бар. Бақтықожа Ізмұхамедов – бұрын жоғары лауазымды қызметтерде болған, мәжілістің вице-спикері қызметін атқарған тәжірибелі қызметкер, – дейді ол.

Алтыншы шақырылымдағы мәжіліске партиялық тізім бойынша сайланған 98 депутаттың 84-і – биліктегі «Нұр Отан» партиясының өкілдері. Мәжіліске өткен өзге екі партия – билікшіл «Ақ жол» партиясы мен Қазақстан халықтық коммунистік партиясының әрқайсысы жеті-жеті орыннан иеленген. 107 адамдық мәжіліске Қазақстан халқы ассамблеясы атынан 9 депутат өткен.

Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы жариялаған мәліметте қарағанда, мерзімінен бұрын 20 наурызда өткен парламент мәжілісі сайлауында «Нұр Отанға» – 6 миллион 183 мың 757 адам (дауыс бергендердің 82,20 пайызы), «Ақ жолға» – 540 мың 406 адам (7,18 пайыз), ҚКХП-ға - 537 мың 123 адам (7,14 пайыз), «Ауылға» – 151 мың 285 адам (2,01 пайыз), ЖСДП-ға – 88 мың 813 адам (1,18 пайыз), «Бірлікке» 21 мың 484 адам (0,29 пайыз) дауыс берген.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқығын бақылау бюросының Қазақстандағы кезектен тыс парламент сайлауын бақылау жөніндегі миссиясы бұл науқанда «дауыс беру және санау кезінде кейбір заң бұзушылықтар болғанын» айтқан. Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы бақылаушылары сайлаудың «ашық, еркін өткенін» хабарлаған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG