Accessibility links

Назарбаев Жаңаөзендегі төтенше жағдайдың созылмайтынын айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауын оқып тұр. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауын оқып тұр. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы қаңтардың 27-сінде парламенттің біріккен отырысында халыққа жолдауын арнады. Назарбаевтың биылғы жолдауы Жаңаөзен оқиғасынан кейін бір жарым ай өткенде жасалды.


Былтырғы жолдауында Қазақстан президенті «шынайы ризашылығымды білдіремін (президент өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу ұсынысына қатысты - ред)», «мерейлі белес» деген сияқты сөздерді көбірек пайдаланса, биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталған жолдауында «ішіміздегі тыныштық керек», «мемлекетті басқару күрделеніп барады» деген сөздерді айтты.

«ІШІМІЗДЕГІ ТЫНЫШТЫҚ КЕРЕК»

​Назарбаев сөзін «2011 жылы Қазақстан экономикасы 7,5 пайызға өсті. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 11 мың доллардан асты» деп бастады. Бұдан ары жекешелендіру кезінде сатылған ірі өнеркәсіп активтерін мемлекет меншігіне қайтадан сатып алатынын айтты.

ENRC тау-кен корпорациясының акционері Александр Машкевич (сол жақта) және Eni мұнай-газ корпорациясының атқарушы директоры Паоло Скарони. Астана, 18 мамыр, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
ENRC тау-кен корпорациясының акционері Александр Машкевич (сол жақта) және Eni мұнай-газ корпорациясының атқарушы директоры Паоло Скарони. Астана, 18 мамыр, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
- Бұрын сатылған активтердің едәуір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді «Богатырь», Қарашығанақ, Қашаған кен орындары мен ЕNRС, «Қазақмыс» компанияларының басым активтері мемлекет иелігінде болады. Бұған дейін Қазақстан Қарашығанақ консорциумының 10 пайыз акция үлесіне ие болған. Ал "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры "Қазақмыс" акциясының 11 пайызын сатып алған болатын. Кезінде мен «мынадай жағдайларға байланысты сатып жатырмыз, қазір жекешелендіру керек, уақыты келгенде қайтарамыз» деп айтып едім. Міне, енді бәрі қайтарылуда. Барлық акциялардың пакеті Қазақстанда. Енді өзіміз барлығына ықпал жасайтын боламыз. Қазақстан халқы біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айналды. Дегенмен, біз күрмеуі қиын, қайшылығы мол алмағайып заманда өмір сүрудеміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«ӘЛЕУМЕТТІК ҚАТЕРГЕ ЖАҚЫН» ҚАЛАЛАР

Қазақстан президенті жолдауында «Жаңаөзен - өндірістің бір ғана саласын тірек еткен қала» дей келіп:

- Жаңаөзендегі жағдай бір салалы шағын қалалардың әлеуметтік қатерге жақын екенін көрсетті. Мемлекет Жаңаөзенде төтенше жағдай жариялап, қаладағы ахуалды қалпына келтіру бойынша кешенді шаралар жасауға мәжбүр болды. Өздеріңіз оны білесіздер. Қазіргі уақытта ондағы ахуал қалыпты арнасына түсті. Мәжіліс сайлауында Жаңаөзен тұрғындарының басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясына дауыс берді. Бұл олардың мемлекет саясатын толық қолдайтынын көрсетеді. Сондықтан мен Жаңаөзендегі төтенше жағдай режимін бұдан ары созбау жөнінде шешім қабылдадым. Алайда бұл оқиғадан біз тиісті түйін жасап, одан сабақ алуымыз керек, - деді.
Жаңаөзен оқиғасында қару қолданылғанына қарсы наразылық шарасы. Ақтау. 18 желтоқсан, 2011 жыл.
Жаңаөзен оқиғасында қару қолданылғанына қарсы наразылық шарасы. Ақтау. 18 желтоқсан, 2011 жыл.

Осы ретте Назарбаев «Үкіметке бір салалы шағын қалаларды дамыту туралы арнайы бағдарлама жасауды тапсырамын. Онда қаланың экономикасындағы әрбір нақты бағытты әртараптандыру, әлеуметтік саланы дамыту ескерілуі қажет" дейді.

Президенттің айтуынша, халықты бір салалы шағын қалалардан гөрі "өсу нүктелеріне" шоғырландыру қажет. "Өсу нүктелерінің" қатарына ол Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе сияқты ірі шаһарлармен қатар Ақтауды да қосты. Бұл нүктелерде "халықты жұмыспен қамту мақсатында жаңа зауыттар мен инфрақұрылым салынады".

«ПРЕЗИДЕНТ КАДРЛАРЫНЫҢ КОРПУСЫ»

Назарбаев Жаңаөзен оқиғасы кезінде кезекшілікте болған полицейлермен кездесіп тұр. Фото Ақорданың ресми сайтынан алынды. 22 желтоқсан, 2011 жыл.
Назарбаев Жаңаөзен оқиғасы кезінде кезекшілікте болған полицейлермен кездесіп тұр. Фото Ақорданың ресми сайтынан алынды. 22 желтоқсан, 2011 жыл.
Қазақстан президенті 2012 жылдың бірінші жартысында "президент кадрларының корпусы" жасақталатынын айтты.

- Ол корпусқа кіретіндерді арнайы комиссия үміткерлердің білімі мен кәсіпқойлығына, жоғары моральдық қасиеттеріне, бұрынғы тапсырылған учаскедегі жұмысына қарап таңдайды, олардың жалақысы бизнес саласындағы айлық табыспен теңдес болады. Бұл өте маңызды, - деді Назарбаев.

Қазақстан президенті соттар корпусы мәселесіне дe тоқталды. Ол "соттар заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып тағдырларды шешу керек" деді. Алайда "қаралған істерді апеляциялық шешіммен төменгі соттарға қайтадан қарауға жіберуді қысқарту" туралы да айтты.

- Соттардың өздерінің заңды бұзуы - төтенше жағдай болып саналуы тиіс. Ол туралы барлығы да білуі керек, - деді Қазақстан президенті.

Құқық қорғау жүйесі туралы сөзін президент "Биыл жаңадан әзірленіп жатқан қылмыстық-процессуалдық кодекс жобасын бітіру керек, және құқық қорғау жүйесі мен арнайы қызметтердің құрамын толық аттестациядан өткізу қажет" деп аяқтады.

«1 МИЛЛИОН ШАРШЫ МЕТР»

Жолдауда "жарты миллионнан астам жас отбасыны жеке баспанамен қамтамасыз ету, ол үшін жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізу" туралы да айтылды.

Шаңырақ ауылындағы халықтың заңсыз салған баспаналарын су алып кетті. Алматы, 22 мамыр, 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Шаңырақ ауылындағы халықтың заңсыз салған баспаналарын су алып кетті. Алматы, 22 мамыр, 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
- Қаражаты мен мүмкіншілігі барлар жалдау ақысын төлеп, кейіннен үйді өздеріне сатып алатын болады. Ал мүмкіндігі жоқтар жағдайы келгенше ұзақ мерзімді жалға ұстай беретін болады. Осы екі түрлі жолды қарастыруымыз қажет, - деді Назарбаев.

«МӘСЕЛЕНІ ОСЫЛАЙ ШЕШУ ҚАЖЕТ»

Қазақ тілінің дамуы туралы айтқанда Нұрсұлтан Назарбаев көрші мемлекеттерді есіне алды.

- Бізге мемлекеттің келешегі, болашақ дамуы үшін не керек? Ол үшін мемлекеттің ең негізгі сыртқы саясаты – көршілермен тату болуымыз керек. Онсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады, - деді Назарбаев.

Президенттің айтуынша, "Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 процентке дейін жетеді".

Қазақстан президенті "Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәріне депутаттар мен мемлекеттік қызметтегілер өз үлестерін қосулары керек. Мәселені осылай шешу қажет" деді.

«ОНЫ БІЗ 20 ЖЫЛДЫҚТА АЙТТЫҚ»
Жаңаөзен қаласындағы постер. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзен қаласындағы постер. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Былтырғы жолдаудың алдында президент өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізу туралы бастама болған еді.

Сол ұсыныстан кейін 2011 жылы желтоқсанның 28-інде жасаған жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттік мерзімін ұзартудан бас тартып, белсенділік танытқандарға рахмет айтып, «шынайы ризашылығын білдірген».

Сол жолы «Менің ғұмырым ел тағдырымен еншілес» немесе «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген көркем сөздер айтып, Қазақстанның жетістіктерін санамалап шыққан еді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі жолдауы «Біз бұдан бұрын да биік белестерді бағындырдық. Оны біз 20 жылдықта айттық... Осы мерейлі белесте баршаңызға мол табыстар тілеймін!» деп аяқталды.
XS
SM
MD
LG