Accessibility links

Назарбаев: «Өзіме қаншаға рұқсат берсе, сонша жұмыс істейтін боламын»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу мәселесіне қатысты шешімін Конституциялық кеңестің ұйғарымынан кейін қабылдайтынын айтқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев денсаулығы барда жұмыс істей беретінін мәлімдеді.


Қаңтардың 28-і күні Астанада парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында кезекті жолдауын жариялаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, 55 минутқа созылған сөзінің соңында, өз өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу мәселесіне де тоқталды.

«Мен өз жарлығыммен парламенттің референдум өткізу жайындағы ұсынысын қабылдамай қойдым, өйткені 2012 жылғы президент сайлауына қатыспақшы едім. Парламент өзінің конституциялық өкілеттігін пайдалана отырып, Конституцияға өзгертулер енгізу туралы заң қабылдады. Мен оның Конституция мен заңдылыққа сәйкестігін анықтау үшін заңды Конституциялық кеңеске жібердім. Тек содан кейін ғана түпкілікті шешім қабылданады. Конституция мен заңдарымыз соны талап етеді.

Бірақ қалай болғанда да, осы қызметте ұзақ уақыт жұмыс істеп келе жатқаныма қарамастан, мұндай ықылас-назар мені қатты тебірентті. Бұл кез-келген саясаткер үшін ең үлкен, ал президент үшін ерекше сыйлық. Мен бұны бағалаймын.

Ең бастысы мен халқымыздың қызметіңді тастама, жұмысыңды жалғастыр деген ишарасын түсіндім. Конституциялық кеңестің ұйғарымынан соң біз қандай шешім қабылдасақ та, мен егер денсаулығым мен күш-қуатым мүмкіндік берсе, егер халық маған осылайша бірауыздан қолдау білдірсе, онда мен өзіме қаншаға рұқсат берсе, сонша жұмыс істейтін боламын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев орыс тілінде.

Бір атап өтер жайт, президент Назарбаевтың бұл айтқан сөздерінің кейбір тұстары жұма күні оның ресми сайтында жарияланған жолдау мәтінінде кездеспейді.

Бұдан соң Қазақстан президенті жолдау сөзін қазақ тілінде жалғастырды.

«Мен 20 жылдан бері бар күш-жігерім мен білік-тәжірибемді аямай халқыма қалтықсыз қызмет етіп келемін. Осы жылдары мәртебемізді көтеріп, мейірімізді асырған барша жетістіктеріміз - сіз бен біздің ортақ табысымыз, халықтың ортақ табысы. Сондықтан, бастамашы азаматтар мен тілекші болған барша қазақстандықтарға шын жүрегімнен ризашылығымды білдіремін. Мен үшін қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес. Алдымызда атқарылар қыруар істер бар екенін жаңа өздеріңізге баяндадым. Бұл жолда біздің ең басты құндылығымыз – берекелі бірлігіміз. Мен ауызбіршіліктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін. Халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар. Біз бүгінгі жолдау арқылы мерейлі белестегі атқарған істерімізді қортындылап, болашаққа бағдар жасадық. Баршаңызға ел игілігі, мемлекет мүддесі жолындағы абыройлы істерде мол табыс тілеймін. Мерекелі күндерге жеткізген берекелі тірлігіміз баянды болсын, ағайын!» – деп аяқтады сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.



Қаңтардың 14-і күні Қазақстан парламентінің қос палатасы бірлескен сессия өткізіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін саяси сайлаусыз ұзартып отыруға негіз болатын өзгерістерді Конституцияға енгізуді қолдап бірауыздан дауыс берді.

Назарбаев парламенттің бұл шешімі Конституцияға сай келер-келмесін анықтауды сұрап, қаңтардың 17-сі күні заңды Конституциялық кеңеске жолдады. Конституциялық кеңес бұл мәселеге байланысты өз ұйғарымын бір айдың көлемінде айқындайды.

Бұған дейін АҚШ пен Еуропа Одағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі талпыныстарға байланысты алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан демократия мен азаматтардың сайлау құқығына қатысты міндеттемесінен айнымайды деп үміттенетіндерін жеткізді.

Қаңтардың 26-сы күні АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Филип Кроули осы аптада Вашингтонда Қазақстан сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездесуінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон «Назарбаевтың өкілетін ұзарту жөніндегі референдумның өткізілуі демократиядан шегініс болар еді» деп атап көрсеткенін хабарлады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG