Accessibility links

Депутаттар Путинге емес, Жириновскийге наразы


Ресейлік саясаткер Владимир Жириновский. Мәскеу, 18 сәуір 2014 жыл.

Ресейлік саясаткер Владимир Жириновский. Мәскеу, 18 сәуір 2014 жыл.

Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттары ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийдің бірер күн бұрын Қазақстанға қатысты айтқан сөзіне наразылық білдірді.

Қыркүйектің 2-сі күні Қазақстан парламенті депутаттары ресейлік саясаткер, мемлекеттік дума депутаты, елдегі либерал-демократиялық партиясының жетекшісі Владимир Жириновскийдің Қазақстан тарихына қатысты өткен аптада айтқан пікіріне наразылық білдірді.

Мәжілісі депутаты Азат Перуашев Жириновскийдің мемлекеттік дума депутаты екенін ескертіп, оның мәлімдемесіне байланысты "саяси баға берілуі қажет" дейді.

Мәжілістің өзге бір депутаты Тұрсынбек Өмірзақов: "Жириновский мемлекетте үлкен лауазымды қызмет атқаратындықтан мұндай жауапсыз мәлімдемелер жасай алмайды. Мұнысы үшін ол жазалануы тиіс" деді.

Ал сенат депутаты Ғани Қасымов Жириновскийдің сөзіне орай қоғамдағы наразылықты басу үшін оның мәлімдемесіне "кәсіби, саяси деңгейде баға беріліп, жауап қату қажет" екенін айтты.

"АЛ ПУТИНДІ СЫНАУ ҮШІН ЕКІ НӘРСЕ КЕРЕК"

Владимир Жириновский биыл тамыздың 27-сі күні ресейлік "Эхо Москвы" радиосына берген сұхбатында "Ресей патшалығы қазақтарды жоңғарлардан құтқарып, Солтүстік Қазақстанды азат еткенін" мәлімдеген.

Оның сөзінше, "Совет Одағы кезінде большевиктердің шекара бөлуде жіберген қателіктерін түзету керек".

Жириновский "Қазақстанға территориялық наразылықты қашан білдіресіздер?" деген сауалға: "Әзірше күтеміз. Украинаны тындырып алайық. Қазақстан - Кеден Одағы мүшесі. Бірақ онда да русофобтық көңіл-күй таратып жатыр. Қазақстандағы жаңа оқулықтарда ылғи орысқа қарсы көңіл-күй бар" деп жауап берген.

Ресей саясаткерлері Қазақстан мемлекеті тарихына қатысты пікірлерін соңғы аптада осымен бірнеше рет айтты. Бұдан бұрын тамыздың 29-ы күні Ресей президенті Владимир Путин де Қазақстан мемлекеттігі туралы көзқарасын жария еткен. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше ісі - "ешқашан мемлекеті болмаған қазақтарға мемлекет жасап бергені" екенін айтқан Ресей президенті:

"Ол (Нұрсұлтан Назарбаев - ред.) ерекше нәрсе жасады. Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған" деген еді.

Әміржан Қосанов, саясаткер. Алматы, 10 желтоқсан 2013 жыл

Әміржан Қосанов, саясаткер. Алматы, 10 желтоқсан 2013 жыл

Қазақстандағы оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов сөз ләмдері бірдей болса да Ресей президенті Владимир Путинді емес, қатардағы саясаткер Владимир Жириновскийді сынаған қазақстандық депутаттардың әрекетіне таң қалмайтынын айтады.

"Жириновскийге кез келген депутат қарсы шыға алады, бірақ одан ештеңе өнбейді. Мұндай белсенділік оларға (қазақстандық депутаттарға - ред.) кесірін тигізбейді" дейді Әміржан Қосанов.

Оның сөзінше, Жириновскийді сынау арқылы бедел жинап қалуға да болады.

"Бірақ "қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған" деген сөзіне бола Путинді сынау үшін екі нәрсе керек. Біріншіден, батыл азаматтық позиция, көзбояушылық емес, шынайы патриотизм керек. Ондай түсінік билікте тым тапшы. Екіншіден, өз билігін де сынай алуы керек. Өйткені мұндай сөзді бұрын президент Назарбаев та айтты ғой. Путин оның айтқанын қайталады. Бірақ біздің депутаттардың қайсысы ондайға бара алады? Сондықтан Жириновскийден есесін қайтарады" дейді Әміржан Қосанов.

ЖИРИНОВСКИЙДІҢ БҰРЫНҒЫ СӨЗДЕРІНЕ РЕАКЦИЯ

Ресейлік саясаткер Владимир Жириновский Қазақстан шекарасы мен мемлекеті туралы оғаш пікірді бұған дейін де бірнеше рет айтқан. Ол 2005 жылы «Эхо Москвы» сайтында жарияланған сұхбатында «Қазақстан... адамзат тарихында ешқашан да мұндай мемлекет болмаған» деген.

Жириновский биыл ақпанның 23-і күні Украинадағы жағдайды айыптап, Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігіне күмән келтірген. Ол "Ресей Украинаны ғана емес, осы мемлекеттердің барлығын уысынан шығармауы керек еді" дей келе, "Ресей шекарасын оңтүстікке қарай кеңейту" жайын да сөз қылған.

Жириновскийдің сөзіне наразылық танытып, Ресей елшілігіне барған азамат Мұратбек Арғынбековті полиция әкетіп бара жатқан сәт. Астана, 14 сәуір 2014 жыл.

Жириновскийдің сөзіне наразылық танытып, Ресей елшілігіне барған азамат Мұратбек Арғынбековті полиция әкетіп бара жатқан сәт. Астана, 14 сәуір 2014 жыл.

Оның биылғы ақпандағы сөзінен кейін қазақстандық сенаторлар премьер-министр Серік Ахметовтен Жириновскийдің Қазақстанға кіруіне тыйым салуды сұрап сауал жолдаған. Сенатор Орынбай Рахманбердиев Жириновскийдің ол кезде айтқан "Орта Азия федеративтік округі" жайлы сөзін Қазақстан немесе Орталық Азия елдерінің егемендігі, тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына қол сұғушылықтан басқа мағынада түсіну мүмкін емес екенін мәлімдеген.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 24 ақпан күні Жириновскийдің сөзіне ресми баға беруді сұрап, Ресейдің сыртқы істер министрлігіне нота жолдағанын хабарлаған.

Жириновскийдің 23 ақпандағы сөзіне шамданған қазақстандық интернет қолданушылары оны және осыған дейін "Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу керек" деген пікір айтқан ресейлік оппозиционер Эдуард Лимоновқа қарсы қол жинауға кіріскен. Онлайн петиция иелері "тәуелсіз мемлекеттерге қатысты арандату бағытында пікір айтқан екі адамды жауапкершілікке тартып, Қазақстанға келуге тыйым салу керек" деп біледі.

Кейін сәуір айында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ресейлік саясаткерлердің Қазақстанның территориялық тұтастығына қатысты айтқан пікірлері үшін "ұялатынын" мәлімдеді.

"Біздің заңдарымыз бойынша, Ресейдің ұстанымын тек президент, премьер-министр және сыртқы істер министрі ғана білдіре алады. Басқа саясаткерлер айтқан пікірлерді, тіпті соған жақын сөздерді Ресейдің сыртқы саясатын жүргізетін және оған жауап беретін адамдардан ести алмайсыз" деген еді Ресей сыртқы істер министрі.

Материалды әзірлеуге Светлана Глушкова қатысты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG