Accessibility links

Иран-Ирак соғысына қатысқан қазақтар


Иран-Ирак соғысына қатысушы Абдолкарим Қазақ (алдыңғы қатарда сол жақта). Сурет жеке архивтен алынды.

Иран-Ирак соғысына қатысушы Абдолкарим Қазақ (алдыңғы қатарда сол жақта). Сурет жеке архивтен алынды.

«Бірінші Парсы шығанағы соғысы» аталған, 1980-1988 жылғы Иран мен Ирак соғысына қазақтар да қатысқан. Олардың кейбірі соғыста әскери қызметін өтеді, кейбірі запастағы құрам сапында майданға шақыртылды.

Ирандықтар бұл соғысты «қасиетті қорғаныс» немесе «сырттан таңылған соғыс» деп атайды.

Соғысқа қатысқан қазақтар ашылып сөйлескенді аса ұната бермейді. Олардың кейбірі Ираннан Қазақстанға көшіп келген.

АЛҒЫ ШЕПТЕГІ 40 КҮН

Иран түркімендері тұратын Күмбед (Гомбед-э-Кабус – ред.) қаласында туып-өскен Абдолла Қаржау – бүгінде Ақтау тұрғыны, Қазақстан азаматы. Ол Ирандағы шах билігі кезінде әскери борышын өтеп, майданға соғыстың бірінші жылы – шах режимін құлатқан ислам республикасы орнағанда кіріпті.

– Соғыс басталғанда әскериді борышымды өтеп келгеніме екі жыл болған еді. Мектепте мұғалім едім. Соғысқа өзім сұранып кеттім. Кетпесем де болар еді. Өзім жетім өскенмін. Ақсақалдардың керекті қолын жинасам, қалар едім. Бірақ бір жағы міндетімді атқарайын, бір жағынан үкіметтің сеніміне ие болайын дедім де соғысқа кеттім, - дейді Абдолла Қаржау.
Иран-Ирак соғысына қатысушы қазақтар бекініс маңында. Сурет жеке архивтен алынды.

Иран-Ирак соғысына қатысушы қазақтар бекініс маңында. Сурет жеке архивтен алынды.

Оның әңгімелеуіне қарағанда, Иранда 1979 жылы ислам революциясы болғанда осы елде «Түркімен сахра» (Түркімен өлкесі) аталатын аймақ тұрғындары, яғни түркімендер автономия талабын қояды.

Қазақтар да осы түркімендер арасында қоныстанған еді. Қазақтардың кейбірі түркімен жағына «болысып», қазіргі үкіметке қарсы шығады. Күмбед қаласында осыған қатысты екі рет қақтығыс болған.

Абдолла Қаржау Азаттық тілшісіне соғысқа қатысқан алғашқы күндері туралы әңгімелеп берді.

– 1980 жылы Керманшах, Сәрпол Захаб, Гилан Ғарб деген қалаларда болдым. Мен дайындықтан өтіп майданға түскенде, Ирак біздің жеті-сегіз қаламызды басып алған. Біз Гилан Ғарбқа барғанымызда, ирактықтар сол жерден енді шегінген кезі екен. Адам дегенді көрмейсің. Ит пен мысық қана. Адам көргісіз жағдайда екен. Дайындығы бәрін қоса алғанда бас-аяғы алты ай соғыста болдым. Оның 40 күні алдыңғы шепте өтті, - дейді ол.

Абдолланың айтуынша, олар осы 40 күнде ешқандай хат жаза алмай, хабар-ошарсыз алдыңғы шепте жүрген. Сол уақытта Иран алдыңғы шепті 40 күн сайын жаңа құраммен алмастырып тұрыпты.

Абдолла Қаржау соғысқа жаяу әскер құрамында бөлімше командирі шенінде қатысқан. Есте қалған оқиғасы ретінде Абдолла Қаржау мынаны айтып берді:
Иран-Ирак соғысына қатысушы қазақтар (солдан оңға қарай): Қатар Шадкам, Сақит Шадкам, Қайым (толық аты-жөні белгісіз). Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Иран-Ирак соғысына қатысушы қазақтар (солдан оңға қарай): Қатар Шадкам, Сақит Шадкам, Қайым (толық аты-жөні белгісіз). Сурет жеке мұрағаттан алынған.


– Бірде 48 сағат бойы атыс болды. Қасымда жүрген парсы және түркімен екі серігім танкінің ішінде қаза тапты. Оқиға түнде болған - таңертең білдік. Оқ жаудырып тұрған соң бара алмадық. Екі күннен кейін барып, танкінің ішіндегі мәйітке жете алдық. Соны люктен шығара алмай қатты қиналдық. Кейінірек тағы бір досымыздың көзінен оқ тиіп, желкесімен қосып, басын жұлып кетті. Сол екі өлімді көріп қатты қиналдым, - деді ол.

Тағы бірде қатерден аман қалғаны жайлы:

– Бірде жарықшақ түсіп, шатырымыз өртеніп кетті. Бізге дым болған жоқ. Сыртта едік. Ішіндегі оқ-дәрілеріміз жарылып жанып кетті. Соғыста үш күн аш қалғанымыз бар. Гилан Ғарб пен Сәрпол Захаб арасында едік. Бізге бөлінген тамақ таситын көлікке бомба түсіп, үш күндей аш қалдық. Армияның наны мен кәмпиті болады. Сол нан-кәмпитіміз де бітіп қалып, окоптың ішінде тышқан кеміріп тастаған нанмен қоректендік, - дейді Абдолла Қаржау.

Оның айтуынша, жоғары қолбасшылық тарапынан жаяу әскер құрамына белгілі бір уақыт аралығында белгілі бір шақырымға дейін ілгерілеп, жауды шегіндіруге бұйрық беріледі. «Оқ тие ме, басқа ма, ешкімнің жұмысы жоқ, бұйрық орындалуы керек» деген Абдолла Қаржаудың құрамы алғы шептегі 40 күн ішінде үш рет ілгерілеген екен. Өз айтуынша, «15 шақырымдай алға жылжыған».
Иран-Ирак соғысына қатысқан қазақтар Аушар Шадкам (оң жақта). Сайлы Чалак (ортада), үшінші адамның ат-жөні белгісіз, соғыс алаңында тұр. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Иран-Ирак соғысына қатысқан қазақтар Аушар Шадкам (оң жақта). Сайлы Чалак (ортада), үшінші адамның ат-жөні белгісіз, соғыс алаңында тұр. Сурет жеке мұрағаттан алынған.


– Кейін соғыстан келгенде басқа мұғалімдерге қарағанда менің жалақыма 5-6 мың тұман (Иран ақшасының ел ішіндегі атауы – ред.) қосылып отырды. Жеңілдіктер жасалды. Соғысқа қатысқаным туралы куәліктің көп жерде көмегі болды, - дейді ол.

Оның айтуынша, соғыста тегіне байланысты кемсіту байқалмаған. Соғысқан қазақтардың ішінде 19 жасар жас жігіттер болған.

– «Бәсиждер» (Ерікті жасақ – ред.) болды, 13 жасында танкіні жарған балалар болды. Олар аңызға айналды. Қазақ пен түркіменнің арасында ондай балалар болмады. Әскер болған соң парызың. Баруың керек. Қасымда оқ тиген достарым естен шықпайды, соғыстан қайтқанда бірталайға дейін шошып оянатын едім. Соғыстан кейін майдандастармен хабарласып тұрдық. Қазір байланыс жоқ, - деп еске алады Абдолла Қаржау.

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫН ЖЕРТӨЛЕДЕ ЕСТІГЕН

Ал Абдолкарим Қазақ Иран-Ирак соғысында әскери борышын өтепті. Сол уақытта Иранда әскери борыш екі жыл болған. Ол әскерге 1984 жылы алыныпты.

– Екі-үш ай дайындықтан өттік. Ахвазда, Әндимешк және Дехлоран аймақтарында және шығанақтағы Мәжнүн аралында болдым. Жұмысым қару-жарақ тасу еді. Бізді ірі соғыс операциялары болатын жерге апарды. «Кербала-6» деген соғыс операциясы болды, соған қатыстық, - деген Абдолкарим өзінің ажалдан қалай аман қалғаны туралы да әңгімелеп берді.
Иран-Ирак соғысына қатысушы Абдолкарим Қазақ лагерьде. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Иран-Ирак соғысына қатысушы Абдолкарим Қазақ лагерьде. Сурет жеке мұрағаттан алынған.


– Пуле Чандсари деген жерде қару тасып жүргенде, түнде машинаның жарығын сөндіріп, танкінің оқтарын толтырып алып кеттік. Арамызда әскери қызметі аяқталуға бір ай қалған жергілікті әзербайжандар да бар еді. Көліктің үстіне оқ тиелген, біз сол оқтың үстіне жатып алдық. "Егер бірдеңеге ұшырасақ, қиналмай өлеміз" деп ойладық. Қорықсақ та, оқ-дәріні жеткіздік. Жеткенде, бірнеше снаряд жарылды. Бірақ бізге тимеді. Сонда бір қатерді бастан өткірдік. Әсіресе, әзербайжандар аман қайтқанына қуанды, - деді Абдолкарим.

Оның айтуынша, Ирак ұшақтары Иранның қару-жарақтар сақталған қоймаларын жиі бомбалап тұрған.

– Сондайда көзді жұмып алып, құм толтырған қаппен қоршалған жертөле ішіне кіріп кетеміз. Басқа амалымыз жоқ. Қойманың қасын қазып, жертөле жасап қоятын едік. Оның төңірегін тау-төбе қылып құммен қоршап қоятын. Кейбір жағдайда болмаса, маған қатты қатер төнбеді, - деді ол.

Абдолкарим Қазақ соғыста бос уақыт болса, жертөледе жатып радио тыңдағандарын айтты. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы туралы да сол жертөледе жатып естіпті.
Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңда тұрған жастар. Алматы, желтоқсан 1986 жыл. Фотокөшірме Алматыдағы орталық мемлекеттік архивтен алынды.

Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңда тұрған жастар. Алматы, желтоқсан 1986 жыл. Фотокөшірме Алматыдағы орталық мемлекеттік архивтен алынды.


– ВВС-ден парсы тілінде Алматыдағы студенттердің Желтоқсан оқиғасы туралы естідім. Сонда "қазақтар бас көтеріп жатыр екен ғой" деп қатты қуандым. Біздің құрамда өзімнен басқа қазақ жоқ еді. Тыңдаған кезде бастығыма айттым. Олар бізді қазақ емес, түрікмен немесе Мәшхәд маңында Шыңғысхан заманына қалды делінетін бәрбәрлар ретінде танитын еді. «Түркіменсің бе, бәрбәрсің бе?» деп сұрайтын. Сонда «қазақпыз» деп, Маңғышлақтан, Русиядан келгенімізді түсіндіруге тура келетін. Әкеміздің құжаттарында «Маңғышлақ, Русия» деп жазылатын, соны айтатынбыз, - деп еске алады Абдолкарим.

Оның айтуынша, соғыста әскери қызметін өтеп қайтқанда оған мақтау қағазын жазып берген. Кейін соғысқа қатысқаны үшін ерекше жеңілдік те жасалмаған. Мұны Абдолкарим Қазақ өзінің жараланбай, аман-есен келгенінен көреді.

– Соғыс кезінде азғантай болса да айлық беріп тұрды. Келген соң жалақыға үстеме болған жоқ, - деді ол.

Абдолкарим Қазақ та қазір Ираннан Қазақстанға көшіп келген, Ақтау қаласында тұрады.

ШЫҒАНАҚТАҒЫ ҚАЗАҚ ӘНІ

Мұса Уәли де - соғыста әскери қызметін өтеген қазақтардың бірі. Ол қазір Иранның Бендер-Түркімен қаласында тұрады.
Иран-Ирак соғысына қатысушы Сейд Хажи Женахи жертөле алдында отыр. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Иран-Ирак соғысына қатысушы Сейд Хажи Женахи жертөле алдында отыр. Сурет жеке мұрағаттан алынған.


Әндимешк, Хуррамшәхр қалаларындағы әскери операцияға қатысқан Мұса Уәли зеңбірекші болған.

– Үш айдай дайындықтан өтіп, зеңбірекші болдық. 155 миллиметрлік америкалық зеңбірекпен ататынбыз. «Уәлфәжр-1», «Уәлфәжр-2» деген жортуылдар (әскери операцияны айтып отыр – ред.) болды ғой, соған да қатыстым. Хуррәмшәхрді азат еткен «Бейтулмуқаддес» жортуылында да болдым. Он шақты күн соғыстық. Адам көрмеген қырғын болды. Шекарадағы бұл қаланы ирандықтар «хуниншәхр» (қанды шахар – ред.) деп атап жүретін, азат еткен соң қайтадан Хуррамшәхр деп атай бастады. Зеңбірек болған соң біз төрт-бес шақырым алғы шептің соңынан ілесіп отырдық, - дейді Мұса Уәли.

Оның айтқандарына қарағанда, Иран әскерінің қолында америкалық қарулармен қатар Совет Одағының техникалары да болған. Азаттық тілшісі де Иран- Ирак соғысы болған аймаққа жолы түскенде, қираған совет техникасының қалдығын көргені бар. Бүйіріндегі тудың Ирандікі, немесе Ирактікі екеніне қарап қана сол техникаларды қай ел сатып алғанын ажыратуға болады.

Мұса Уәли өзі қызмет еткен әскери құрамда тағы да екі қазақ болғанын айтты. Ол Иран өз жерін азат етіп, енді Ирак жағына өте бастағанда әскерден қайтқан екен.
Иран-Ирак соғыс кезіндегі ұрыс алаңдары әлі жөнделмеген. Хуррамшәхр, мамыр 2012 жыл.

Иран-Ирак соғыс кезіндегі ұрыс алаңдары әлі жөнделмеген. Хуррамшәхр, мамыр 2012 жыл.


Мұса Уәли Иранның Ирак жеріндегі «Кербала-4» және «Кербала-5» әскери операцияларына да қазақтар қатысты дейді.

– Кішкентай радиоқабылдағышым болатын. Жертөледе жатып, түндерде халықаралық Мәскеу радиосынан Роза Рымбаеваның әндерін тыңдап, хош болатын едік, - деді Мұса Уәли.

Совет Одағында сексенінші жылдары Роза Рымбаева шырқайтын «Әлия» әні жиі эфирге берілгені белгілі.

Мұса Уәли соғыстан қайтқан соң мектепке мұғалім болып орналасты.

Соғыста екі ел шекарасында химиялық қару қолданылғаны белгілі. Осыған қатысты Азаттық тілшісінің сауалына Мұса Уәли «Химиялық қару қолданған майданда қазақтар болмады» деп жауап берді.

«МАЙДАН МЕКТЕБІНІҢ» МҰҒАЛІМІ

Қазір Ақтауда тұратын Нияз Тобыш Иран-Ирак соғысы аяқталатын жылы майданға аттанады. Ол 1988 жылы төрт айдай соғыс өлкесінде мұғалімдік қызмет атқарған.

– Күмбедте ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген едім. Соғысқа алындық та, бізді шекараның түбіне жіберді. Бір айдай әскери дайындықтан өттік. Шекараның бергі жағында 10 шақырым жерде окоптың ішінде «майдан мектептері» деген болды, сонда сабақ бердім. Ахваз төңірегінде болдым, - деді ол Азаттық тілшісімен әңгімеде.
Нияз Тобыш, Иран - Ирак соғысына қатысушы. Алматы, 27 маусым 2012 жыл.

Нияз Тобыш, Иран - Ирак соғысына қатысушы. Алматы, 27 маусым 2012 жыл.


– Отан қорғау сондай күшті болды, орта мектептер босап қала жаздады. Оқушыларға дейін өз еркімен майданға кетіп жатты. Аман қалғандары майданда да оқудан қалмасын деп мектеп ашты, - деген Нияз Тобыш сабақ берген «майдан мектептерінде» 6-7 провинцияның «майдангер» оқушылары болыпты. Ағылшын тілі қатардағы пән ретінде оқытылған.

– Жертөледе сабақ бердік. Бомба түсіп жатқан жерлер болды. Біз аман болдық. Менің өзіме тікелей қатер төнбеді. Бірақ бізге жақын жертөленің бірінде сабақ беріп жатқан жігіттер шабуылға ұшырап, олардың жалаңаяқ, жалаңбас бізге қашып келгені есімде, - деді Нияз Тобыш.

Азаттық тілшісінің «соғыста арнайы пәндер оқытылды ма?» деген сұрағына ол «үгіт-насихат бөлімінде арнайы тәрбиеленгендер болды» деді. «Астанадан келіп, Бағдатты аламыз деп үгіттеп жатады. Әсіресе, ертең шабуыл болады дегенде әлгілердің денелерін әбден қыздырып, шәхид болуға дайындайды» дейді Нияз Тобыш.

Соғыс аяқталған тұстағы Иран әскерінің көңіл-күйін ол былай деп сипаттады:
Иран-Ирак соғысына қатысушы қазақтар дайындық кезінде. Сурет жеке архивтен алынды

Иран-Ирак соғысына қатысушы қазақтар дайындық кезінде. Сурет жеке архивтен алынды


– Екі жақты бітімге шақыратын БҰҰ-ның 598-қарары қабылданады деп күнде соны күтіп жаттық. Қабылданған күні қуандық. Қарар қабылданған соң біздің ол жерге қажетіміз болмай, ауылға келіп бұрынғы жұмысымызға кірісіп кеттік. Жалақымыз біршама көбейді. Отыз-қырық пайыз қосылды. Майданда жүргенде де екі-үш есе көбейіп ақша жүріп жатты. Жараланып келгендерге үй берді, басқа да жағдайларын жасады, - деді Нияз Тобыш.

Ол осы соғыс туралы Иран қазақтары арасында әртүрлі пікір болғанын баяндады.

– Ислам революциясынан 15 айдан кейін соғыс басталды. Үкімет әлі бас-аяғын жинақтап үлгере алмай жатты. Қазақтар арасында кейбір ағайындар неге екі мұсылман ел бір-бірімен соғысып жатыр деген пікірде болды. Ирак Иранның біздің Маңғыстау сияқты үлкен мұнай шығатын облысын сегіз жылдай басып жатты. Мұсылман болсаңыз да, үйіңізге біреу шабуыл жасаса, оның дініне қарамай қорғанасыз. Алайда елдің кейбірі бұрынғы билікті аңсады. Соғыс себеп болып осы үкімет құласа екен деген ағайындар болды. Өйткені ислам республикасына дейін билікте болған шах қазақтарға жаман қараған жоқ. Аталарымыз қиналғанымен, әкелеріміз, басқа да ағайындар балаларын оқуға беріп, жан-жаққа қарай бастаған кезі еді ғой. Сондықтан шах үкіметінен қазақ диаспорасы ешқандай зиян көрген жоқ. Шынын айтқанда, Иран қазақтарының ішінде ислам республикасын жақтағандар аз болды. Ал кезінде шахтың өзі қазақтардың өкілдерін қабылдап, патшайым да қазақтарды арнайы аралап көрген еді, - дейді Нияз Тобыш.
Қазақтар ішінде ислам республикасын жақтағандар аз болды. Кезінде шахтың өзі қазақтардың өкілдерін қабылдаған еді.

Оның айтуынша, тұрғылықты халықтың ішінен шыққан топтар да Тегеран сияқты ірі қалаларда соғысты тоқтатайық деп акция өткізіп тұрған.

Нияз Тобыштың екі туған інісі де соғыста болыпты. Кіші інісі соғыста жараланған.

- Ол жараланғанын айтпаған екен, кейін білдік, - дейді Нияз Тобыш.

ШЫҒАНАҚ СОҒЫСЫНЫҢ ҚАЗАҚ ҚҰРБАНДАРЫ

Иран қазақтары арасында соғыста қаза тапқандар да болды. Оларды Иранда «шәхид» деп атайды. Оның біреуі күмбедтік Мұхаммед Бегейді кейбіреулер хабар-ошарсыз кеткендер қатарына жатқызады. Алайда Абдолла Қаржау оны қаза тапты деп есептейді.

– Оны парсылар «Бегей» деп атай алмай, «Пекен» деп кетті. Мұхаммедтің мойнындағы нөмірі жазылған белгісін тауып, сүйегін таба алмадық. Нөмір белгісі бір ай, қырық күндей далада жатса керек. Сол жердің бір уыс топырағын алып, жәшікке салып, Иранның туына орап жерледік. Сондықтан ол - шәхид! - деді Абдолла Қаржау.

Иран-Ирак соғысында қаза тапқан қазақтар саны әлі нақтылауды қажет етеді. Әзірге осы соғыста қаза тапқан бес адамның аты-жөні белгілі.
Абдолкарим Қазақ, Иран-Ирак соғысына қатысушы. Ақтау. 14 мамыр 2012.

Абдолкарим Қазақ, Иран-Ирак соғысына қатысушы. Ақтау. 14 мамыр 2012.


Нияз Тобыш Азаттық тілшісімен әңгімеде «Иран-Ирак соғысында қаза тапқандар» деп мына кісілердің тізімін келтірді: Мұхаммед Бегей, Әбдолмотәллеб Шадкам, Сапарали Арықбай, Абдол Павиз Мұрынұлы, Мұса Көрпе.

Бәндар Түркімен қаласында Абдол Павиздің атына көше аты да берілген.
Иран-Ирак соғысында жараланған қазақтар да болған. «Олардың саны бес-алтау» деді Абдолкарим Қазақ.

Иран қазақтарынан екі адам осы соғыста Ирак жағында бірнеше жыл бойы тұтқында болған екен. Ал соғысқа қатысқан ирандық қазақтардың тұтас саны туралы нақты айтылмайды.

БОЛЫМСЫЗ ДЕРЕКТЕР

Иран қазақтарынан шыққан ғалым, Қазақстанда тұратын Ислам Жеменейдің айтуынша, соғысқа қатысқан Иран қазақтарының саны шамамен жүзден асады.

Нияз Тобыштың нақтылауынша, қазір Ақтауда тұратын Иран-Ирак соғысы ардагерлерінің саны он бестей болады.

Иран-Ирак соғысына қатысқан қазақтар туралы жазылған нақты деректерді не парсы тілінде, не қазақ тілінде ұшырата алмадық. Диаспоратанушы ғалымдар еңбегінен де мұндай дерек кездеспеді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да қазақтардың Иран-Ирак соғысына қатысқанынан бейхабар екен.
Ислам Жеменей, шығыстанушы ғалым, Ираннан келген оралман. Жеке мұрағаттағы сурет.

Ислам Жеменей, шығыстанушы ғалым, Ираннан келген оралман. Жеке мұрағаттағы сурет.


Ал Ислам Жеменейдің «Иран қазақтары» деген кітабында қысқаша былай делінген:
«...1980 жылдардың басы Иран қазақтарына саяси, қоғамдық, мәдени және экономикалық тұрғыдан жаңаша өмір әкелді. Өйткені Иранның өзінде Ирак елімен сегіз жылға созылған кескілескен соғыс (1980-1988) басталып, соның салдарынан көптеген саяси экономиклық, әлеуметтік қиындықтар туындады. Соның бір-ақ мысалы Ирандағы университеттерде сабақ беру тоқтатылып, білімгерлер (студент) қабылдауы төрт жыл бойы болмады. Оның тауқыметін Иран қазақтары жергілікті халықпен бірге тартты. Туған елін қорғауға қазақ жігіттері әскер қатарында болсын, шайқас майданында болсын, жауынгерлік міндетін атқарды».

Азаттық тілшісі хабарласқанда, Ислам Жеменей өзі соғысқа қатыспағанын, бірақ үш ай әскери дайындықтан өткенін айтты. Ол болашақта соғысқа қатысқан Иран қазақтары туралы кеңірек тоқталатынынан хабардар етті.
  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG