Accessibility links

Қазақстан паралимпиадашыларының кестесі


Паралимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшылар cпорт және дене шынықтыру агенттігінің шенеуніктерімен бірге. 21 тамыз, 2012 жыл. Астана (Сурет Спорт және дене шынықтыру агенттігінің ресми сайтынан алынды).

Паралимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшылар cпорт және дене шынықтыру агенттігінің шенеуніктерімен бірге. 21 тамыз, 2012 жыл. Астана (Сурет Спорт және дене шынықтыру агенттігінің ресми сайтынан алынды).

Тамыздың 29-ы күні Лондонда паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Ал Қазақстан спортшылары ресми жарыстарын тамыздың 31-і күні бастайды.

Тамыздың 31-і күні пауэрлифтингтен 40 килограмм салмақ бойынша жарысқа түсетін Кәбира Асқарова жүлдеге таласады. Жарыс Астана уақыты бойынша 15:00-де басталады.

Қыркүйектің 1-і күні сағат 15:00-де жеңіл атлетика бәсекелері басталады. Бұл күні ұзындыққа секіру секторында Ислам Сәлімов жарысады. Астана уақыты бойынша түнгі 23:00-де пауэрлифтингтен Әбжан Айбек (60 килограмм) сынға түседі.

Қыркүйектің 2-сі сағат 22:30-да жүзу жарысы басталып, Әнуар Ахметов 100 метрге баттерфляй әдісі бойынша жарысқа қатысады.

Қыркүйектің 5-і күні Әнуар Ахметов 100 метрге шалқалап жүзуден медальға таласады. Ал түнгі сағат онда жеңіл атлет Сергей Харламов алаңға шығады.

Қыркүйектің 6-сы күні Астана уақыты бойынша 14:30-дан 16:30-ға дейін жүзу бассейніндегі жарыстар өтеді. 50 метрге шалқалап жүзуден Зүлфия Ғабидуллина іріктеу сынына қатысады.

Қыркүйектің 7-сі күні түс ауа Әнуар Ахметов 50 метрге шалқалап жүзу бағдарламасы бойынша жарысқа түседі.

Қыркүйектің 8-і күні 16:00-де Ахметов 100 метрге брасс әдісі бойынша жүзу бағдарламасында бақ сынайды. Осы күні таңертең 100 метрге жүгіруден Айнұр Байдуллаева іріктеу жарысына қатысады. Ол финалға шықса, түнгі сағат 10-да медальға таласады.

Паралимпиада ойындарын қазақстандық телеарналар көрсетпейді.

Паралимпиадаға қатысатын спортшыларының тізімін мемлекеттер халықаралық олимпиада комитетіне тамыздың 28-і күні ұсынды. Орта Азия елдері ішінен ең көп спортшы барған ел – Өзбекстан (10 адам). Ал Қазақстан – жеті, Түркіменстан – бес, Қырғызстан мен Тәжікстаннан бір-бір атлет апарды.

Ең көп делегация Ұлыбритания (288), Қытай (282), АҚШ (213), Ресей (183) және Бразилиядан (182) келеді.

Он бес мемлекет паралимпиадаға алғаш рет қатысады. Олардың қатарында Бруней, Камерун, Комор аралдары, Либерия, КХДР, Сан-Марино бар.

Тринидад және Тобаго 24 жылдан кейін бұл жарысқа қайта оралды.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG