Accessibility links

Дүйсенбі күні үкіметтің отставкаға кетуін Астанада «Ақ жол» партиясы да талап етті


"Ақ жол" партиясының жетекшілері баспасөз-мәслихатында - Орталық кеңестің мүшесі - А. Айталы,төрағаның орынбасары- Л. Жуланова, төраға -Ә.Бәйменов, Б. Нұрмұханов- төрағаның бірінші орынбасары, Н. Жылқышиев - Орталық кеңестің мүшесі. Астана, 23 ақпан, 2009
"Ақ жол" партиясының жетекшілері баспасөз-мәслихатында - Орталық кеңестің мүшесі - А. Айталы,төрағаның орынбасары- Л. Жуланова, төраға -Ә.Бәйменов, Б. Нұрмұханов- төрағаның бірінші орынбасары, Н. Жылқышиев - Орталық кеңестің мүшесі. Астана, 23 ақпан, 2009

Бүгін Астанада «Ақ жол» партиясы баспасөз мәслихатын өткізіп, биліктен Кәрім Мәсімов үкіметінің отставкаға кетуін, орнына уақытша үкімет жасақтап, «Нұр Отаннан» құралған мәжілістің таратылуын талап етті. Сонымен бірге олар осы жылдың наурыз айында болатын мәслихат сайлауына бойкот жариялады.

«Ақ жол» партиясы биліктегі «Нұр Отан» партиясымен дос болмайтындығын да жеткізді. Себебі, «нұротандық» үкімет халықтың қаржысын талан-таражға салып, мүдделес топтарға бөліп беріп жатыр деп мәлімдеді олар.

Естеріңізде болса, 12 ақпан күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс жағдайында барлық саяси партияларды тізе қосып жұмыс істеуге шақырған еді. Артынша, «Нұр Отан» партиясы арнайы меморандум әзірлеп, оны саяси партияларға ұсынған болатын. Ал мәжіліс жанындағы қоғамдық палата өкілдері саяси партиялардан халықты митингіге шығармауын сұраған болатын. Мұны «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов жалаң сөзге балады.
Әлихан Бәйменов "Ақ жол" партиясының төрағасы, Астана, 23 ақпан, 2009 жыл.


«Меморандумда биліктің, «Нұр Отанның» жауапкершілігі жөнінде бірде-бір сөз жоқ, егер халық әділеттілікті даладан іздемесін десе, билік тез арада біздің қойған талаптарымызды орындауы керек»,-дейді Әлихан Бәйменов.

Ал «Ақ жол» «нұротандық» үкіметті орнынан алуды, ірі қаржылық -өнеркәсіптік топтармен байланысқан барлық адамдарды биліктен кетіруді, дағдарысқа қарсы жаңа жоспарды қабылдауды, «нұротандық» мәжілісті таратуды және мерзімінен бұрын сайлау өткізуді, барлық партиялардың ұлттық телеарналарға қол жетімділігін қамтамасыз етуді талап етіп отыр.

Бұл ұсыныстарды Жалпы халықтық социал демократиялық партия, Серікболсын Әбділдин төрағалық ететін Коммунистік партия және «Алға» тіркелмеген партиясы да қолдап отыр екен.

«Ақжолдықтар» сонымен бірге мемлекет басындағы шенеуніктер дағдарысты пайдаланып, рейдерлік әрекеттерге барып отыр деп айыптайды. Бұған «ТұранӘлемБанк» төңірегіндегі жағдай дәлел бола алады дейді олар. Партия төрағасының орынбасары Людмила Жуланованың айтуынша, Ұлттық қордағы ақшаның есебінен билік екінші рет пайда табуды көздеп отыр.
Бөріхан Нұрмұхамедов, "Ақ жол" партиясы төрағасының бірінші орынбасары. Астана, 23 ақпан, 2009 жыл.

«Мысалы, Даму қоры Ұлттық қордағы ақшаны 0,028 пайызбен алып, 9%-бен екінші деңгейлі банктерге беруде. Ал банктер 12,5 пайызбен орта және шағын бизнеске несие береді. Есептей беріңіз бұдан кім пайда тауып отыр? Биліктің пиғылында шынымен халыққа көмек беру бар ма?»- дейді Людмила Жуланова.

Ал «Ақ жол» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бөріхан Нұрмұхаммедов ипотекалық несие жобасын түбірімен қайта қарау керек дейді. Оның айтуынша, Қазақстандағы орта топтың өкілдері қарызға жаппай белшесінен батты.

«Олар банкке 4-5 жылдан бері негізгі қарызын емес, тек өсімін төлеп келе жатыр. Егер үкімет орта және шағын бизнес өкілдеріне көмектесемін десе, неге пайыздық өсімін төлемей, тек негізгі қарызын бірінші кезекте жабуға көмек бермейді. Несие өсімін 1-2 процентке төмендеткен болды. Бірақ сол жүйені сақтап қалуға тырысып бағуда. Мемлекет осы өсімді өздері төлеп көрсін. Сонда көреді. Қалай шығынға бататынын?!»-дейді Бөріхан Жолбарысұлы.

«Ақ жол» партиясының қатарына жаңадан қосылған орта және шағын бизнестің өкілі Нұрлан Жылқышиев болса, Қазақстандағы билікке "олигархтық-капитализм" деп баға берді. Ол «диктаторлық ел» деп әлем жамандап отырған көрші Өзбекстанның өзінде ішкі жалпы өнімнің 50 пайызын орта және шағын бизнестің өкілдері құрайтынын айтады.

Әлихан Бәйменов өзінің де бұрынғы мемлекеттік шенеунік ретінде ел басқарған премьер-министрлердің қабілет-қарымын жақсы білетімін дей келе, елде үкімет басшылығына лайық 100 адам бар деп сеніммен айта аламын деді. Соның бірі ретінде ол «ТұранӘлемБанктің» бұрынғы басқарма басшысы Мұхтар Әблязовті атады.

Ал осы кезде «Ақ жолдың» қанатының астына кіріп, қайта шыққан «Әділет» партиясы да дәл «ақжолдықтар» секілді мәлімдеме жасап, үкімет басшысының отставкаға кетуін талап етіп жатты. Бұған байланысты Әлихан Бәйменов:

«Әділет» партиясының жетекшілері биліктен «Ақ жолдың» көшірмесі боласыңдар» деген тапсырма алған болу керек, өйткені бұл осымен бірнеше рет қайталанып отыр»,- дейді.
XS
SM
MD
LG