Accessibility links

Дархан Қалетаевтың «төмендеуі» мен Нұрлан Нығматуллиннің «жоғарылауы»


«Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Дархан Қалетаев. Алматы, 3 қараша, 2009 жыл.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Дархан Қалетаев. Алматы, 3 қараша, 2009 жыл.

Президентке қатысты түрлі бастама, идеяларымен көзге түскен «Нұр Отан» партиясы жетекшілерінің бірі Дархан Қалетаев «Самұрық Қазына» қорының атқарушы директоры болып тағайындалды. Мұны қызмет сатысындағы төмендеу деп бағалаған сарапшылар оның бұл қызметте ұзақ отырмайтынын айтуда.

«БАСҚА ПӘЛЕ - ТІЛДЕН»

Дархан Қалетаев 2008-2009 жылдар аралығында «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Ол бұған дейін Қазақстан президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары болған еді.

Сарапшылардың бағалауынша, ол партияның бұрын-соңды болған жетекшілерінің арасындағы ең танымалы. Бұған қарамастан оның қызметінің «төмендетілуінің» себебіне олар түрліше болжам жасайды.

Сарапшылардың сөзіне қарағанда, партия жетекшілігінен үлкен қызметті аңсап, бұл жолда «түрлі орынды-орынсыз мәлімдемелерімен» қоғам назарын өзіне аудартқан саясаткер Дархан Қалетаев өзі сол бастамаларының «құрбаны» болғанға ұқсайды. Оның атышулы бастамаларының қатарында Астана әуежайына ел президентінің есімін беру, Ұлт лидеріне қатысты заң қабылдау сияқты мәлімдемелері бар. Ал президентке жақын топтардың өзара күрес-тартысы Қалетаевтың орынтақ ауыстыруын жеделдетіп жіберді деп есептейді олар.

Айдос Сарым, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі:
Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшісі Айдос Сарым. Алматы, 11 қараша 2009 ж.


«Менің ойымша, мұнда бірнеше фактор бар. Біріншіден, қоғамдық-саяси фактор. Екіншіден, буындық фактор. Президенттің айналасында жүрген үлкен буын өкілдері бір жағынан, жастардың өсуін қаламайды. Екінші жағынан, соңғы кездері Дарханның «ұжымдық мұрагер», т.б. идеяларын олардың өзіне қарсы қолданғаны мен үшін анық сияқты нәрсе. Елбасының жағдайына байланысты соның қасында жүру, соған ықпал жасау деген секілді мәселелер өте үлкен текетірес, өте үлкен бәсекелестікті өршітіп келе жатқан сияқты».

Десе де, сарапшының ойынша, Дархан Қалетаевтың «Самұрық Қазынадағы» қызметі ұзаққа бара қоймас. Мұны әншейін, президенттің «сынағы» деп санайды ол.

Айдос Сарым, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі:

«Менің ойымша, президенттің көптен бері қолданып жүрген айласының бірі – қасында жүрген азаматтарды өсіріп-өсіріп алады да, белгілі бір уақытта шетке қарай шығарып, сол жақта оның «тәртібіне» қарайды. Мысалы, көптеген адамдарды елші қып жібереді дегендей. Егер сол жерде әп-әдемі түзу отыратын болса, онда қайта шығарып алуы да ықтимал. Талай адамдар осындайдан өткен. Бұл жолы да «отыра тұр, сонан соң көреміз» деген сияқты әңгіме болуы мүмкін».

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов Дархан Қалетаевтың қызметінен бір сатыға «төмендеуіне» оның соңғы кезде айтып жүрген ұсыныстарының әсері бар деп біледі.

«Бұл оның соңғы кезде Айт-парктегі сөйлеген сөзімен де байланысты. Сол кезде Қалетаев мәңгілік президент идеясын қолдамайтынын айтты. Саяси көзқарас тұрғысынан алғанда, партия жетекшісі үшін бұл дұрыс емес. Бірақ адам ретінде ол өзінің азаматтық позициясын жеткізіп отыр. Қазір президент әкімшілігі президентті мәңгілік етудің жолдарын қарастырып, соған бас қатыруда. «Самұрық Қазынада» 12 атқарушы директор бар. Ол соның бірі болып қалды».
Ермұрат Бапи, журналист, Алматы, 14 қазан 2009 жыл.


Дархан Қалетаевты кәсіби тұрғыдан алғанда кәсіби жас саяси технолог ретінде бағалаған тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи әйтсе де, оның «Нұр Отанда» қызмет етуі ешнәрсені өзгерте қойған жоқ деді.

«Біздің елде қандай болмасын лауазым иесі, «Нұр Отанда» отырған ығай мен сығайлар бәрібір Ақордаға, Н.Назарбаевқа жалтақтаған саясатты ғана жүргізеді. Сондықтан бұл жерде олар, қазақшалап айтқанда, президенттің «басынан жоғары секіріп кете алмайды». Сондықтан Дархан Қалетаев «керемет жаңалықтар ашты», «Нұр Отанды биікке сүйреді» деуге келмейді.

Әрине, ол жеке партияның өз ішінде белсенділігімен, ішкі партиялық ағымдағы жұмыстарды ұйымдастыру, анда-санда саяси шаруалар өткізу тарапынан басқаларға қарағанда біршама көшілгері болғаны сөзсіз. Дегенмен, ол догмалық деңгейде қалып қойған кезіндегі СОКП сияқты болған партиядан «бүйректен сирақ шығаратындай» мүмкіндігі жоқ, ол тордың ішіндегі тотықұс сияқты ғана сайрайтын. Мұнда оның кінәсі болмауы мүмкін. Себебі, елдегі саяси режимнің адамға беретін мүмкіндігі сондай».

ТАСМАҒАМБЕТОВ БАСТАҒАН БАЙЫРҒЫ КОМСОМОЛДАР

«Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары болып Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллин тағайындалды.

Еңбек жолын Қарағандыда инженер қызметінен бастаған ол, 22 жыл ішінде президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Астана қаласы әкімінің орынбасары, көлік және коммуникациялар вице-министрі, президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтеріне дейін жоғарылады.
Болат Әбілов, Қазақстанның «Азат» демократиялық партиясының төрағасы. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.


47 жастағы саясаткер Нұрлан Нығматуллинге қатысты сарапшылар ең бірінші оның комсомолдық құрылымның түлегі екенін алға тартады. Биліктің таңдауы неге Нұрлан Нығматуллинге түсті деген сұраққа сарапшылар былайша жауап береді.

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов:

«Ол қалай болмасын, 2-3 жылдың ішінде өзіне үлкен жарнама жасады. Қай телеарнаны қоспаңыз, қай газетті ашпаңыз, «Қарағанды облысының әкімі мынаны істеді» деп айтып жатады. Ол сөйтіп өзін жақсы жағынан көрсетті. Президент екі-үш рет Қарағандыға барғанда «Қарағандыда дағдарыс жоқ» деді. Осылайша ол президентке жақты. Оның сондай-ақ, Аслан Мусинмен де қарым-қатынасы жақсы. Қалай дегенмен, әкімшіліктің бастығы Мусин қазір көп мәселе шешеді ғой».

Айдос Сарым, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі:

«Нұрлан Нығматуллин табиғатынан партиялық-комсомолдық құрылымның түлегі. Менің түсінігімде, партия бұл жағынан тек қана мемлекеттік аппаратпен бір-біріне жақындасып, дами береді. Сонымен қатар, бұрынғы партия, комсомол заманында қалыптасқан үрдістердің бәрін осы партия мұрагерлікке алып қалған сияқты».

Айгүл Омарова, журналист:

«Қарағанды облысының әкімі болған тұста Нұрлан Нығматуллин аса көзге түскен жоқ. Белгілі бір деңгейде бұл Иманғали Тасмағамбетов ықпалының нығаюы деп білем. Себебі, олар комсомол кезеңінен бері достар».
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG